Депутат Қарақат Абден премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға харассментке қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оның сөзінше, университет студенттері жыныстық қысым фактілеріне жиі ұшырап жатыр.
"Отбасылық тұрмыстық зорлық зомбылықтың алдын алу кезек күттірмей шешетін мәселеге айналды. Осы қорқынышты жаңалықтар ізімен харассмент оқиғалары да тез тарады. Жақында Астана медицина университетінде профессор оқытушының студентке жасаған жыныстық қысым фактісі жария болды. Осыдан кейін әлемжеттік көрген студеннттер өз оқиғаларын әлеуметтік желіде бөлісе бастады. Жеке өзіме еліміздің әртүрлі оқу орындарының студенттерінен жүзден аса хат келді. Осы орайда харасментке ұшырау ықтималдығы өте жоғары бір топ бар. Ол – студенттер”, – дейді Қарақат Абден.
Ол соңғы уақыттары мұндай жағдайлардың көп тіркелетінін алға тартты.
"Жыныстық қысымға ұшыраған елордалық бойжеткеннің ісімен танысып, бұл салада кемшіліктердің көбіне көзіміз жетіп отыр. Дәл қазір оқу орнында нақты қанша харасмент орын алғанын айта алмаймыз. Себебі статистика жүргізілмейді. Ал заңда харасмент ұғымы жоқ. Жалпы зорлық зомбылықтың қай түрін болсын, харасментті де қатаң қарап, заң жобасына өзгерістер мен түзетулер енгізу қажеттілігі туындап отыр. Бұл жолы студент қызымыз батыл болып шықты. Ешнәрсені жасырмай, шындықты айтып, кінәлі жұмыстан шығарылды. Бірақ біз бұл мәселеде студенттің батылдығына, басшының әділдігіне ғана сенуіміз дұрыс емес. Дамыған елдерде харасменттің жазасы өте ауыр. Бізге де кешенді шешімдер керек”, – деп түсіндірді депутат.
Ол бірнеше ұсыныстар айтып, бұл мәселенің заң жүзінде шешілгенін қалайтынын жеткізді.
"Кеше ғана мектеп бітірп, ауылынан шығып көрмеген ақ үрпек балапандай жап жас қыздарды қорғауымыз қажет. Қазақ қызы өз басынан өткен мұндай жағдайды айта бермейді. Маған да бұл тақырыпты көтеру оңай болған жоқ. Өйткені біздің тәрбиеміз осындай. Осыған байланысты бірнеше ұсынысымыз бар. Бірінші, харасментке қатысты анонимді сауалнаманы еліміздің барлық жоғарғы оқу орындарында тәуелсіз түрде өткізуді сұраймыз. Екінші, профессорлық оқытушы құрам мен барлық студент қыздарға харасментке қатысты заңнамалық құқықтық түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажет. Үшінші, оқу ғимараттарын бейнекамералармен толық қамтамассыз етуді және барлық ЖОО лардың жарғысына харасмент туралы нақты ережелер енгізуді сұраймын. Харасмент те зорлық зомбылықтың бір түрі”, – деді Қарақат Абден.