Алматыдағы хостелде өрттен қаза тапты делінген Түркістан облысының тумасы тірі болып шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.
"Отырар" арнасына бұл туралы Сарыағаш ауданы Дербісек ауылы әкімінің орынбасары мәлімдеген.
Әмірәлі Рамазан Батырәліұлы 20 жаста, Шымкенттегі медреселердің бірінде білім алып жүрген. Ол ақша табу мақсатында Алматыға барып, қымбат емес баспанада тұрып жатқан.
Қайғылы оқиғадан бірнеше күн бұрын жас жігіт Сарыағаш ауданына қайтып кеткен. Қазіргі уақытта Рамазан өзінің үйінде, ата-анасының қасында.
«Туған күніңмен құттықтаймын! Енді жылына екі рет туған күніңді атап өтесің. Қазір біздің ауыл ғана емес, бүкіл республика шулап жатыр. Медреседегі ұстаздары сабаққа келмей жүргенін айтып, қоңырау шалған ғой. Сосын әкесі шақырған. Расымен де, көрер жарығың бар екен. Осы қонақүйде қала бергеніңде не болар еді, кім білсін», – дейді Дербісек ауылы әкімінің орынбасары Рамазанға.
Айта кетейік, Алматыдағы хостелде орын алған қайғылы оқиға 30 қарашада белгілі болды. Арзан қонақүйде барлығы 72 адам тұрған. Отқа оранған бөлмеден 59 адам шығып үлгерген.