Атырауда көрнекті жазушы, қайраткер Әбіш Кекілбайұлының аты берілген мектеп-гимназия бар. Білім ордасының ашылғанына көп жыл өте қойған жоқ. Жақында мұнда шағын жылыжай іске қосылды.
Жылыжайдың ашылуына «Экологика» қоғамдық қоры қолдау білдірді. Қор басшысы Татьяна Тегайдың айтуынша, бұл – «Теңізшевройл» компаниясының әлеуметтік бағдарламалар инвестициясы аясындағы «Жасыл мектеп» жобасымен ашылған алғашқы жылыжай. Енді мұнда алуан түрлі гүл мен көкөністі өсіру жоспарланып отыр. Жобаға 3-9-сыныптардың 380 оқушысы қатысады.
«Атырау облысындағы түйткілді мәселенің бірі – экология. Сол себептен, мұндай инновациялық әрі жасыл жоба өзге мектептерде қолға алынуы керек. Мақсат – оқушыларды қоршаған ортаны қорғауға жұмылдырып, экологиялық таза көкөністер өсіруге ынталандыру», дейді облыстық білім басқармасының басшысы Ерлан Сламбеков.
«Экологика» қоғамдық қорының басшысы Татьяна Тегайдың дерегіне қарағанда, бұл жобаны іске асырудың бірнеше мақсаты бар. Алдымен мектептерде экобілім беруді енгізу көзделген. Сондай-ақ білім ордалары жанынан жылыжай ұйымдастыру жоспарланған. Енді мұндай жоба өзге мектептерде де қолға алынуы мүмкін.
«Теңізшевройл» ЖШС экология бөлімінің бас менеджері Ронда Йодердің мәліметінше, «Теңіз» кен орнында қалдықтардың 35 түрі өңделеді. Ал өңделген қалдықтардың 44 пайызын қайта пайдалану мүмкіндігі бар.
«Қоқысты қайта өңдеу де пайда әкеледі. Сол себептен, «Жасыл мектеп» жобасына қатысушы балалар жинайтын, сұрыптайтын бөтелкелер мен қағаздар да кәдеге асады. Эколог ретінде балалардың табиғатты қорғауға деген шынайы қызығушылығын байқадым», дейді Ронда Йодер.
Экологтер балаларға жылыжай мен өсімдік шаруашылығын жүргізу, су мен энергияны үнемдеу, қалдықтарды қайта өңдеу негіздерін үйретті. Дәріс тыңдаған балалар 38 кило қағаз қалдығы мен 20 кило пластикалық бөтелке жинады.
Атырау облысы