Бокстан Ереванда өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігі өз мәресіне жақындады. Қазір финалға шыққан былғары қолғап шеберінің барлығының есімі белгілі. Бұл межеге Қазақстанның төрт өрені сүрінбей жетті. Бүгін және ертең олар бас жүлде үшін таласады.
Ұлдар арасындағы жарыста 13 жас өренге сенім артқан едік. Өкінішке қарай, үмітіміз ақталмады. Үкілеп қосқан былғары қолғап шеберлеріміздің тоғызы бастапқы бәсекелерде сүрінсе, екеуі ширек финалда жеңілістің кермек дәмін татты. Сол межеде Әлихан Әскер (60 кг) иорданиялық Мұхамад Абулла Зедаға есе жіберсе, Игорь Соловьев (75 кг) ринг қожайыны Артем Арутунянды екі рет нокдаунға жіберді. Алайда төреші қарсыласы жеңіске жетті деп жариялады. Соған ашуланған Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушысы Аркадий Топаев айқас аяқталғаннан кейін армениялық боксшының қолын алудан бас тартты. Ал Төлебек Нұрасыл (54 кг) румыниялық Михай Ренетоны екінші және үшінші раундтарда есеңгіретіп, күмәнсіз жеңіске жетсе, Нығмет Нығыманның (48 кг) тәжікстандық Мансурходжа Муминовтан мерейі үстем болды. Жартылай финалда Төлебек польшалық Игорь Сочовканы сабаса, Нығмет армениялық Вагаршак Кеянға жол берді.
Еревандағы додада қазақ қыздарына сегіз жүлде бұйырды. Жартылай финалда Сила Биболсынқызы (48 кг) үндістандық Паял Паялдың, Айша Сәриева (52 кг) тәжікстандық Фариноз Абдуллоеваның, Алина Құдайбергенова (63 кг) үндістандық Сати Сашиннің және Гауһар Зарден (50 кг) мен Құралай Егімбайқызы (80 кг) ресейлік Снежана Кузнецова мен Анна Бузулеваның осал тұсын таба алмады. Олар қола медальді қанағат тұтты. Есесіне Аяжан Сыдық (54 кг), Толғанай Қасымхан (60 кг) және Айсұлу Мұхиттың (66 кг) айы оңынан туды. Аяжан польшалық Зузана Голебиевсканы, Толғанай грузиялық Нана Пипияны және Айсұлу Ресейдің өкілі Анастасия Грибанованы жақсылап тұрып сабап, финалда күш сынасу құрметіне ие болды.
Бүгін және ертең ақтық сайыстарды тамашалаймыз. Финалда Аяжан Сыдық үндістандық Аиша Керкеттамен, Толғанай Қасымхан ресейлік Кира Леоновамен, Айсұлу Мұхит румыниялық Амалия Тугуимен және Төлебек Нұрасыл Үнді елінің тағы бір боксшысы Жатин Жатинмен айқасады. Аталған жарыс 5 желтоқсанда өз мәресіне жетеді.