Қазақстандықтар Президент шешімін қолдайды
ХАЛЫҚ СЕНІМІ – ЕҢ БИІК МӘРТЕБЕ
Елбасының республика азаматтарына, Парламентке, “Нұр Отан” партиясы Саяси бюросына арнауын баспасөзден оқып, танысып шығып, үлкен әсерде қалдым. Парламенттің ұсынған заң жобасына Нұрсұлтан Назарбаев қол қоя ма екен, қоймас па екен деген сауал біраздан бері ел ішіндегі әңгімеге өзек болып жүрген-ді. Елбасы осындай атақты ресми заңдастыруға зәру ме? Елбасы деген атақ декретпен, жарлықпен, заңмен беріле ме, халықтың өз жүрек қалауының көрінісі емес пе деген пікірлер жиі естіліп жүрді. Өйткені, біз Н.Назарбаевты көптен-ақ Елбасымыз деп атап та, жазып та жүрміз. Ол үшін заң қабылдау қажет пе? Онсыз да Мемлекет басшысын бүкіл халық сыйлайды, құрметтейді. Елбасына деген ел сүйіспеншілігі жоғары, оған халық үлкен сенім артады. Мұны күн сайын сезіп те, көріп те жүрміз. Сондықтан да депутаттардың бұл бастамасы Президентіміздің беделін көтеріп, ұлықтауға көмектесе қояр ма екен деген пікірлер де болды.
Әрине, парламентарийлердің бұл бастамасын нендей бір ұпай жинаудың, көзге түсудің амалы деп қабылдау жөн бола қоймас. Халық ықыласын, көпшілік сезімін ресми түрде заңдастырсақ деген олардың игі тілектерінен туғаны сөзсіз. Бірақ олардың бұл қадамы қоғам тарапынан бірыңғай оң қолдау тапты деп айту қиын. Түрлі әңгімелерге жол берді.
Бүгінгі өркениетті ғасырда өзге жұрттан алабөтен мемлекет басшысына арнайы атақ беріп, даңғаза жасаудың өзі әлемдік саясатта қалай қабылданады, бұл Нобель сыйлығын беру немесе мемлекеттік марапаттаудың түріне де жатпайды ғой деушілер жеткілікті болды. Н.Назарбаевтың республика азаматтарына, Парламентке, “Нұр Отан” партиясының Саяси бюросына арнауын оқығанда халық өз басшысының көрегендігіне, саяси тапқырлығына іштей риза болды. Мен де сондай сезімде болдым. Әрине, Президентке бұл атақты қимағандықтан емес, бұл заңсыз-ақ халық өз басшысын сыйлайды, құрметтейді ғой деген ойдан туған.
“Менің отбасымның мүшелері... өзге азаматтар сияқты таңдаған мамандықтары бойынша еңбек етуге немесе қоғамдық-саяси қызметтер атқаруға және бизнеспен айналысуға құқылы. Сонымен қатар, барша қазақстандықтар сияқты ел азаматтарын теңестіретін бұлжымас заңға бағынуы тиіс”, деген сөздерін оқығанда, Елбасының заңды құрметтеуі өз отбасына ерекше артықшылық беруге, Қазақстанның басқа азаматтарынан даралап, үстем жағдайға қоюға түбегейлі қарсы екендігі көп жағдайды аңғартады. Бұл Н.Назарбаевтың әділдігін, даналығын, демократтығын дәлелдей түседі.
“Бұрынғы күйеу балам, үш немеремнің әкесі Р.Әлиевтің шектен шығуы арқылы тек өз отбасын, балаларын, мені ғана емес, тұтас елді сатып кетуі – маған және менің отбасыма орасан қасірет болды”, деген сөздерін оқығанда, Президентті адам ретінде терең түсініп, Елбасының да ет пен сүйектен жаралғанын, жаны ауырып, жүрек сыздауын жете ұғынып, Елбасына деген іштей ықыласың, тілектестігің арта түседі.
Елбасының Отан үшін, ел үшін, әрбір азамат үшін жанын салып, күн-түн демей аянбай еңбек етіп жүргенін көріп те, сезіп те жүрміз. Сол үшін де Президентке зор денсаулық, көтеріңкі көңіл күй тілейміз. Өйткені, еліміздің алдында орасан үлкен міндеттер тұр. Олардың ойдағыдай орындалуына Елбасы кәміл сенеді. Біз Мемлекет басшысының жасампаз еңбегіне әрдайым сүйсіне қараймыз. Біз бәріміз Н.Назарбаевтың қарапайымдылығына, халыққа жақындығына, орынсыз мадаққа, жеке басын елден ерек даралап, қолпаштауға қарсы екенін де білеміз. Бұл арнау сөзінде де “Әрқашан түрлі мақтау мен мадақтан биік тұруға тырысамын және осы ұстанымда қала беремін”, деп атап көрсетіпті.
Елбасының бұл шешімі – Парламент ұсынған заңдарға қол қоймай, кері қайтаруы – Н.Назарбаевтың тұлғасын бұрынғыдан да зор биікке көтере түседі. Өйткені, Президент жалған мадақ, жасанды марапат үшін емес, халық үшін, қоғам үшін, ел игілігі үшін қызмет етуді мұрат тұтады және бұл еңбегін пұлдамайды, өзіне ерекше мәртебе беруді қаламайды. Елбасына өз халқының, өз елі азаматтарының, өз отандастарының сенімінен биік мәртебе, жоғары марапат жоқ. Ел сенімі, халық құрметі Н.Назарбаевтың күш-қайратының, өмірге құштарлығының қайнар көзі болып табылады.
Әбдеш ҚАЛМЫРЗАЕВ, философия ғылымдарының докторы, профессор.
ЕЛБАСЫНЫҢ ҰСТАНЫМЫНА ЕЛ РИЗА
Президент Н.Ә.Назарбаев Тұңғыш Президент, Ел Басы туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдарға қол қоюдан бас тартып, ол жөнінде ақпарат құралдарында жария етілді. Елбасының осы мәселеге байланысты пайымымен мұқият танысып, жоғары ризашылық сезімде болдым. Қазақстан Республикасының азаматы ретінде тәуелсіздік жылдарында өткен уақытқа еріксіз көз жібердім.
Әуелі тәуелсіздік алған кезеңдегі экономикалық өте ауыр жағдай елес берді. Бірінен соң бірі тоқтаған өндіріс орындары, қиюы қашқан экономикалық байланыс, жылан жалағандай бос сөрелер, құнсызданған ақша, тағысын тағылар. Оған қоса көшкен жұртпен ілесе әйтеуір “жылы жаққа” қарай ағылу. Осындай кезде ел ішінде “шынында біздер дербес мемлекет бола аламыз ба” деген сауалдар туындамай қалған жоқ.
Міне, осы кезеңдерде Н.Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланып, оның тікелей басшылығымен игі істерге жол басталды. Елді тығырықтан шығару жолында тыңнан жүргізілген соны ізденіс пен ересен еңбек көп ұзатпай өз нәтижесін беріп, Қазақстанға әлем қызыға назар аудара бастады. Соның бір айғағы – Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төраға болуы деп білемін.
Елбасы осы ауыр кезеңнің өзінде көрегендік танытып, алдағы 2030 жылға дейінгі ұзақ мерзімге арналған стратегия ұсынды. Басында көпшілік үрке қараған осы стратегия қазір қолдауға ие болып, келешектің басты бағдарламасына айналды. Осы бағдарламаны басшылыққа алудың нәтижесінде түрлі бағыттардағы ісіміз оңға басты. Осы жолда Елбасының қажырлы қайратымен қоса, кемеңгерлігі де айқын танылды. Күйреген Одақтың орнында пайда болған кейбір елдердегі саяси-әлеуметтік, экономикалық жағдайларды өзіміздегімен салыстыра отырып, қазақстандықтардың тәубе, шүкір деуі орынды. Осындай қыспақты жағдайда ел басқарып, ел-жұртын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай бастап алып келе жатқан Азаматқа қандай атақ беріліп, қандай мадақ айтылса да жарасымды. Қазақстан халқы осы ұстанымда болып, Парламент депутаттары оны бірауыздан рәсімдеді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл ұсыныс үшін халыққа, депутаттарға ризашылығын білдірді және әдеттегідей қарапайымдылық танытып, заңға қол қоюдан бас тарту себебін түсіндірді.
Әсіресе, Елбасының “Баршаңыз білесіздер, маған қарап айтылған барлық мадаққа, менің жеке тұлғамды айрықша ұлықтайтын ұсыныстарға мен үзілді-кесілді тыйым салып келемін... Мен әрқашан түрлі мақтау мен мадақтан биік тұруға тырысамын және осы ұстанымымда қала беремін”, деген жолдарды оқығанда ел таныған, әлемді мойындатқан біздің Елбасының шынайы кейпін көрдім.
Елбасының осы ұсынысын қазақстандықтар оң қабылдап, оған деген зор ризашылығын білдіретініне кәміл сенемін. Елбасының осы қадамы әрбір қазақстандық үшін өнеге болуға тиіс. Әрбір азамат елге қызметтегі лауазымымен немесе алған атағымен емес, еткен адал еңбегімен бағалануы керек.
Елбасының осы қадамын қолдай отырып, біздер, “Нұр Отан” ХДП мүшелері партия жетекшісінің ұстамдылығы мен қарапайымдылығын өзіміздің күнделікті жұмысымызда басшылыққа алып отыруымыз керек деп білемін.
Нұрлан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы.
ЕРЛІККЕ ПАРА-ПАР ШЕШІМ
Егеменді еліміздің бүгінгі даму қарқыны әлемнің алпауыт мемлекеттерінің өзін таңғалдырып отырғаны шындық. Кешегі Кеңес Одағының шекпенінен шыққан тәуелсіз елдер арасында ертеңіне еркін құлаш сермеп бара жатқан Қазақстанның дамыған 50 елдің қатарына енуге бағыт ұстағаны күні кеше сияқты еді. Енді оған қол жеткізудің барлық алғышарттары жасалғанын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Мұндай қоғамдық дамудың сарабдал саясатын айқындап, алдағы күндерге сенімділікпен қадам басуымызға тәуелсіз мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айрықша еңбек сіңіріп келе жатқаны айтпаса да түсінікті. Сондықтан да ел қамын ойлап іс қылған азаматына халықтың ықыласы шексіз. Еліміздің қай өңіріне барсаңыз да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына алғыс сезімін білдіріп жатады. Сөзі мен ісінде алшақтық болмайтын Елбасының бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасының Парламентіне және “Нұр Отан” ХДП Саяси бюросына арнауын оқығанда, кісілік пен кішіліктің тағы бір ересен үлгісін көргендей болдық.
Әрине, Тұңғыш Президент, Ұлт көшбасшысы туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Парламент тарапынан болған ұсыныстар да мыңдаған сайлаушылардың тілектері екені сөзсіз. Дегенмен, Елбасы биік парасат иесі екенін танытты. Жеке басының қамынан гөрі ұлттың, елдің, елдіктің мәселесін жоғары қоятынын бұл жолы да тайға таңба басқандай айқын аңғартты. Заңмен бекітілмесе де Нұрсұлтан Әбішұлы – әлдеқашан Елбасы, Ұлт көшбасшысы ретінде тек өз елімізде ғана емес, алыс-жақын шетелдерде мойындалған әлемдік тұлға. Тәуелсіздіктің елең-алаңындағы қиындықтан қара нардай қайыспай алып шықты, таяу онжылдықтың қоғамдық даму бағыттарын айқындап берді. Ел ертеңі үшін сенімді, болашақтан мол үмітті. Сондықтан да халық Нұрсұлтан Назарбаевты Парламент заңдастырмаса да Елбасымыз, халықтың сүйікті перзенті,Ұлт көшбасшысы деп біледі. Оны дәлелдеп жатудың өзі артық.
Соның өзінде Президенттің арнауы шынайылықтың, адалдықтың, азаматтықтың өнегелі үлгісі болды. Елбасының өзінің отбасы туралы әңгімені де айналып өтпей, бұрынғы күйеу баласы Р.Әлиевтің қияңқы қылығын ашық айтуының өзі ерлікке пара-пар еді. Нұрсұлтан Әбішұлы халқына қалтқысыз қызмет етудің өнегесін көрсетті, халқына қаншалықты сенетінін қадап айтты. Қазіргі таңда халқымыз үшін ең маңыздысы Қазақстанның мүддесіне қызмет ету екенін осылай дәлелдеді. Әркез өзін халқынан биік қоймайтын Елбасының арнауы оның беделін бұрынғыдан да биіктетті. Халық сенімі бұрынғыдан да нығая түсті. Кісілік пен кішілікті ұштастыра білген Елбасы өнегесі барлық деңгейдегі билік тізгінін ұстағандарға үлгі-өнеге болды. Мен Елбасына деген жүрекжарды ойымды білдіре отырып, өзім басқаратын серіктестік шаруасында болсын, облыстық мәслихаттың депутаты ретіндегі қоғамдық жұмыстарымда болсын ел үшін еңбек етуге құлшына түстім. Нұрсұлтан Әбішұлының арнауындағы тың тұжырымдары халықтың оған деген ризашылығын арттырды. Мұндай қасиет тек елім деген ердің бойында ғана болса керек-ті. Ал Нұрсұлтан Әбішұлы осы бағаға әбден лайық тұлға ғана емес, шын мәнінде Елбасы.
Жұмабек КУКАНОВ, “Әлия жолдары” ЖШС директоры, облыстық мәслихаттың депутаты.
Ақтөбе облысы.