• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Экспорт 04 Желтоқсан, 2023

Экспорттық әлеуетті арттыратын бағдарлама

154 рет
көрсетілді

Еліміздің экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында IT-аутсорсинг компанияларды қолдауға арналған «Global Outsourcer» бағдарламасының бірінші легі табысты өтті. Акселе­рациядан өткен 15 команда жалпы құны 158 мың долларды құрайтын 73 келісімшартқа қол жеткізді. Қатысу­шы­лардың сату географиясы АҚШ, Канада, Еуропа елдері, Түркия, Аустралия сияқты әлемнің 27 елін қамтиды.

1 тамызда басталған «Global Outsourcer » бағдарламасына қатысуға 50-ден астам өтінім түскен, соның ішінен 20-сы ірік­теліп, 15 команда акселерацияны сәтті аяқтады. Бұл компаниялар енді ха­лық­аралық нарықтарға шығып, бүкіл әлем бойынша келісімшарт жасасып, экспорттық әлеуетін арттырып жатыр.

– Бағдарлама компаниялар­ға сатылым кезеңдерін, страте­гияны және кіріс көзін дамытуға, сондай-ақ келіссөздер жүргізу дағдысын және ұсыныс жасауды үйренуге көмектесті. Қатысушылардың 80 пайызы алғаш рет экспортқа жұмыс істей бастады және бірнеше ай ішінде 27 елде жалпы құны 158 мың доллардан астам табыс тапты. «Upwork» негізгі сату алаңы­на айналды. Бұл отандық экс­порт көлемін арттыруға септігін тигізеді, – дейді Astana Hub бас­қарушы директоры Таңат Өскембаев.

«Global Outsourcer» акселераторы Қазақстанның экспорт кө­лемін ұлғайтуға және IT-аутсор­синг компаниялардың әлем­дік нарық­тағы орнын нығай­ту бағы­тында тиімділігін көрсетті.

Жетекші трекер Николай Сер­ку­тан мен жетекші сарапшы Мак­сим Толмачев компания беделін қалып­тастыру және жаһандық экожүйеге тиімді ену қа­жеттілігі туралы мәселе көте­ріп, әлем­дік нарықтардағы жаңа стра­те­гия­лар­дың маңызды екенін айтты. «Әдет­те ұсынылатын қызмет пен бе­дел­ді қа­лыптастыру үшін көп уақыт пен ақша қажет, бірақ Global Outsourcer бағдар­ламасының нәти­жесінде ком­пания­лар осы кезеңде уа­қыт пен ресурстарды үнемдей алды», деп атап өтті олар.

Demo Day-де командалар жаңа стратегиясын, сатылым кезеңдері мен жасалған келісімшарттарды көрсете оты­рып, жобаларын әлеуетті клиенттер мен инвесторларға таныстырды. Yessen&Company бас директоры Азат Есенов Канада және Ұлыбритания нары­ғындағы табысы туралы айтты. Dara Solutions коммерциялық директоры Жасұлан Ақаев алдағы жоспарымен бөлісті. Ол 2025 жылға қарай компания табысын 500 мың долларға дейін арттыруды көздеп отыр екен.

– Біз негізінен қолданбаларды жер­гілікті компаниялар үшін ғана жасап жүр­генбіз. Осы бағдарлама арқылы халықаралық нарыққа қалай шығу керек екенін білдік. Енді Еуропа мен Оңтүстік-шығыс Азия нарығына бағыт алып жатырмыз. Қазір Германияда келісімшарт жасадық, сондай-ақ кореялық компаниямен келіссөз жүргізіп жатырмыз, – деді Code Union тең құрылтайшысы Демьян Язовский.

«Global Outsourcer»-ге қатысу нәти­­жесінде А-бизнес, СodeUnion, Ar­cana Inc, AtyrauTechInvest (ATI), Cro­cos, Dara Solutions, JaiyqDev, Ma­xi­num Con­­sulting, Qazaqsoft, Sin­gularis, Tech­Works, Thousand, Updevision, Yes­sen & Company, 2up компаниялары экс­портқа шықты.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­станды өңірдегі жетекші цифрлық орта­лық­тардың біріне айналдыру мақсатында 2026 жылға қарай IT-экспорт көлемін 1 млрд долларға дейін арттыру міндетін қойған болатын. Astana Hub-тың барлық бастамасы осы стратегиялық мақсатқа жетуге бағытталған құралдар.