Синоптиктер желтоқсанның 5,6,7 күндеріне арналған ауа райы болжамын ұсынды, мәліметке сүйенсек, алдағы үш күнде еліміздің солтүстік аймақтарында ауа температурасы күрт төмендейді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Аптаның басында республиканың батыс және солтүстік бөлігі циклонның және онымен байланысты атмосфералық фронтальды бөлімдердің ықпалында болады, жаңбыр мен қар күтіледі. 6 желтоқсанда еліміздің солтүстігінде қатты қар болжанады, көктайғақ, бұрқасын күтіледі, тек еліміздің оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі.
7 желтоқсанда суық солтүстік-батыс антициклонның енуіне байланысты бүкіл республика бойынша ауа райы жауын-шашынсыз болады. Ауа температурасы түнде еліміздің батысында, орталығында, шығысында 10-18 градус аязға дейін, республиканың солтүстік-батысында және солтүстігінде 25-33 градус аязға дейін, оңтүстігінде 5-13 градус аязға дейін күрт төмендейді. Қазақстан бойынша тұман мен жел күшейеді деп күтіліп отыр.