• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Тағзым 05 Желтоқсан, 2023

Академик Рахманқұл Бердібай биігі

436 рет
көрсетілді

Ұлттық академиялық кітапханада көр­некті фольклортанушы, академик, қоғам қайраткері Рахманқұл Бердібайдың өмірі мен ғылыми мұрасына арналған «Ұлтын ұлықтаған ғұлама» атты ғылыми жиын өтті.

Екінші дүниежүзілік соғыс­тан кейін еліміздің мәдени-рухани өмірі өртеңге шыққан өлең шөптей қайта қаулады. Әдебиетке, ғы­лымға тегеуріні мықты, зерделі, білімді буын келді. Әсіресе әдебиеттану ғылымы Зейнолла Қабдолов, Серік Қирабаев, Нығмет Ғабдуллин, Тұрсынбек Кәкішев, Мырзабек Дүйсенов секілді дарынды жас ғалымдармен толықты. Кейін осы ғалымдардың бәрі әдебиеттану ғылымының бір-бір уығына айналды. Солардың қатарында ұлттық мүдде жолында басын бәйгеге тіккен Рахманқұл Бердібай да болды.

Басын бәйгеге тіккен дегенді бекер айтып отырған жоқпыз. 1956 жылы 22 сәуірде «Қазақ әдебиеті» газетінде сол кезеңдегі қазақ тілінің жан ауыртарлық аянышты жағдайын баяндаған «Ең үлкен байлық» атты мақаласы жарық көрді. Мақала қалай жарық көрді, қоғам дүр сілкінді. Бірақ осы мақаласы үшін жас ғалым біраз қуғын көрді. Қызметінен босатылды. Сонда да ол ештеңеден ықпады. Осы ұлттық ұстанымнан ардақты ғалым көзі жұмылғанша тайған емес.

Мазмұнды жиынның тізгінін ұстаған белгілі ғалым Уәлихан Қалижанұлы айтулы академиктің ел руханияты мен мәдениетіне қосқан еңбектері туралы сал­мақты сөз қозғап, Р.Бердібай шығар­машылығы мен еңбектері 32 кітап пен мыңнан аса ғылыми мақаладан тұратынын, ол тарихи ақиқаттарды бұрмаламай көрсетіп, тоқырау жылдарындағы ұлттың шыңдалу үдерісіне белсене қатысқанын атап өтті.

Көрнекті ғалымның халық қа­зы­насын тереңнен толғап жазған «Қазақ эпосы», «Сарқыл­мас қа­зына», «Кәусәр бұлақ», «Эпос – ел қазынасы», «Жыршылық дәстүр», «Айтыс әлемі» және тағы басқа кітаптары көзі қарақ­ты­ оқырмандарға жақсы таныс. Оның түбі бір туысқан халық­тар­ әдебиетімен байланысы «Гүл­стан­ның бұлбұлдары», «Достық кемесінде», «Сарқылмас қазына» атты еңбектерінен бас­тау алып, «Байқалдан Балканға дейін», «Жұл­дыздар жарығы», «Ел бола­мыз десек» атты жинақ­тарда жал­ға­сын тапты.

Рахманқұл Бердібай – Мұх­тар Әуезов­тің әдеби-мемо­риал­дық музейі жанынан «Халық уни­вер­ситеті» атты ұлттық-рухани жобаны қолға алып, сонда 35 жылдан аса халқымыздың сан ғасырлық тарихы мен мәдениеті туралы дәріс оқып, ұлт рухын көтерді. Осы тақырыпта ой өрбіткен Президент кеңесшісі Бауыржан Омарұлы «Халық университеті» елдің санасын оятуға үлкен үлес қосқанын айтты. «Мұхтар Әуезов музейін шабыт шаңырағына, ұлттық ұлағат ұясына айналдырды. Осында оқылған лекциялар бірнеше буын ұрпақты кейінірек әйтеуір бір келуі мүмкін тәуелсіздік кезеңіне да­йындады. Соны аңсап, саналы түрде сарылып сабақ өткізді» деді академик.

Мазмұнды басқосуда белгілі қаламгер Жарылқап Бейсен­байұлы, Парламент Сенатының депутаты, академик Дархан Қыдырәлі, Мәжіліс депутаты, ақын Қазыбек Иса, академик Дихан Қам­забекұлы, профессор Қабдеш Ыдырысов және басқа да танымал азаматтар ұлт мүд­десін бәрінен биік қойған қай­рат­кердің адами болмысы,­ энци­кло­педиялық зердесі, аза­мат­тық ұстанымы туралы парасатты сөз қозғады. Ғалымның қазақ ауыз әдебиетін зерттеудегі тың сүрлеуі, фольклорды жаңаша стильде қарастыруы, қазақ музыкасы мен тарихи мұраларды қалпына келтірудегі еңбектері туралы да айтылды.

Фольклор демекші, қаламгер Орын­бек Жолдыбай ғұлама ғалым­ның саналы өмірінің 20 жыл­дан аса уақытын фольклортану ғылымына арнағанын жеткізді.

«Рахманқұл Бердібайдың бас­шы­­лығымен халықтың арғы-бергі өткен өмірінің қайнар көзі – фольклорды жан-жақты зерттеу­ге бағытталған, фольклор туралы бұған дейін айтылып келген пікірлерді тың ойлармен байы­та түскен сындарлы еңбектер жарық көре бастады. Атап айт­қанда, «Қазақ фольклорының типологиясы», «Қазақ фоль­кло­ры­ның тарихилығы», «Қазақ фоль­клорының поэтикасы», «Қазақ­тың архаикалық фольклоры», «Фольклор және оның этно­гра­фиялық негіздері» және басқа ғылыми жұмыстар жазылып, олар Қазақстанда ғана емес, жалпы Орта Азияда жоғары баға­ланды, баспасөзде фольклор тақы­рыбына арналған мұндай еңбек­тердің осы аймақтарда тұң­ғыш рет жарық көріп отырғаны атап көрсетілді», деді ол.

Жиынға Алматыдан профессор Дандай Ысқақ­ұлы мен ғалым­ның қызы Айжан Бердібай онлайн­ қатысып, жылы есте­лік­терімен бөлісті. Сондай-ақ осыдан екі жыл бұрын бас қаладан айтулы тұлғаның есіміне көше берілгенін айта кетейік.