• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Халық 06 Желтоқсан, 2023

Қоныс аударуға ниеттілер қатары артты

228 рет
көрсетілді

Өңірлерді дамыту мақсатында еліміздің түкпір-түкпірінен еңбек күшін, білікті мамандарды тартып, отбасыларымен қоныстандыру, жұмыс орындарын ұсыну Абай облысында да қарқынды жүріп жатыр. Жыл басынан бері «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының шеңберінде Абай облысына 584 адам (217 отбасы) қоныс аударған екен. Оның 196-сы атажұртқа ат басын тіреген қандасымыз болса, 388-і өзге облыстардан қоныс аударушылар қатарында.

Өткен айдың соңғы онкүн­дігінде (20 қараша – 1 желтоқ­сан) Абай облысының Еңбек мо­бильділігі орталығы директо­рының міндетін атқарушы Ерке­бұлан Тұрсын бастаған мансап орталықтарының мамандары, Жұ­мыспен қамту және әлеуметтік бағ­дарламалар бөлімінің басшысы Серік Жұ­маділов, «Орал­мандарды бе­йім­деу орталығы» қоғамдық бір­­лестігінің басшы­сы Айнұр Тәбілтай аталған ұлттық жоба аясында Жамбыл, Алматы, Жетісу об­лыстарының тұр­ғын­дарымен кез­десіп қайтқан болатын. Жергілікті тұрғындармен кез­десу барысында қоныс ауда­ру бағдарламасымен көшіп келушілерге көрсетілетін мем­лекеттік көмек түрлері туралы кеңінен баяндалды. Оның аясында 700 тұрғын ақпараттық кеңес алды. Кездесуге қатыс­қандар арасында Абай облысына қоныс аударуға ниет біл­діргендер саны арта түскені байқалады.

Абай облысының Еңбек мобильділігі орталығының мә­­ліметіне сүйенсек, қазіргі күнде өңірге қоныс аударған және қандас азаматтардың 168-і тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілсе, 12-сі уақытша жұмыс орнынан нәпақа тауып отыр.

Сондай-ақ 587 адамға 70 АЕК көлемінде көшіп келу үшін бірреттік көмек көр­се­­тілген. Мансап орталығы маман­дарының айтуынша, жаңа тұр­ғылықты жерінде ерікті түрде өңіраралық қоныс аударуды мемлекеттік қолдау аясында орын ауыстыруға ниеттенген отбасыларға бірреттік материалдық көмек беріледі. Бұл отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (241 500 теңге) көлемінде төленеді.

Бұдан бөлек, облыс ішінде қоныс аударған 231 адамның тұрғын үй жалдау және ком­му­налдық шығындары өтелсе, 96 адамға баспана сатып алуға эко­номикалық ұтқырлық сер­­тификаты берілген. Сер­ти­­фикат сомасы бір отбасына тұрғын үй құнының 50%-ы, яғни 1160 АЕК-тен аспайтын мөл­шерде бекітілген. Облыс ішінде қоныс аударушыларға қатысты нақтырақ айтар бол­сақ, мемлекеттік тұрғын үй қо­рынан немесе жұмыс беру­шілердің қаражаты есебі­нен қалалық жерлерге қоныс аударғандарға бір адамға 20 АЕК (69 000 теңге); ал бір от­басындағы жан саны 2-4 адам болса, 25 АЕК (86 250 теңге); бес және одан көп адам болған жағдайда 30 АЕК (103 500 теңге) есептелген.

Ал тіршілігін ауылдық жерлерде дөңгелеткенді жөн көріп, ауылға қоныс аударғандар үшін бір адамға 15 АЕК (51 750 тең­ге); от­басы мүшелерінің саны 2-4 адам болған кезде 18 АЕК (62 100 теңге), ал бес және одан көп болған жағдайда 21 АЕК (72 450 теңге) көлемінде қара­жат төленеді.

 

Абай облысы