Кеше Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында автокөлік құралдарымен жүк тасымалдау және транзитті дамыту мәселелері қаралды. Сондай-ақ республикадағы барлық деңгейдегі педагог кадрларды даярлау жөніндегі шаралар да талқыланды.
Елдегі транзиттік тасымал 5 есеге ұлғаяды
Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев баяндағандай, биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша республикада жүк тасымалының көлемі 5,5 млн тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22%-ға артық. Тасымалдағы отандық операторлардың үлесі 42%-ды құрап отыр.
Транзиттік тасымалдарда да оң үрдіс байқалады. Өткен жылмен салыстырғанда 44% деңгейінде – 2,5 млн тоннадан 3,6 млн тоннаға дейін өсім бар. Негізгі жүк көлемі Қытай еліне тиесілі. Аталған бағыт бойынша жүк тасымалы 2 есеге, яғни 1,5 млн тоннаға дейін көбейді. Сонымен қатар Қытайдан Еуропаға баратын транзиттік жүктердің көлемін одан әрі арттырудың үлкен әлеуеті бар. Оң серпілісті сақтай отырып, Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзит деңгейін 2029 жылға қарай 5 есеге ұлғайту көзделген. Бұл ел экономикасының дамуына оң әсер етері анық.
Теңіз арқылы жеткізілетін жүктерді автокөлікке тиеу және тасымалдауда отандық операторлардың үлесін ұлғайту үшін бонд қоймаларын ұйымдастыру, өткізу бекеттерінің қуатын арттыру, ішкі автопаркті кеңейту, сондай-ақ рұқсат беру құжаттарын бөлудің тиімді жүйесін енгізу жөнінде тиісті шаралар қабылданатын болады. Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев «Қорғас» көлік торабын кеңейту жұмыстары туралы, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Балқаш қаласының айналма жолында жол бойындағы қызмет көрсету нысандары үшін учаскелерді бөлу рәсімдерін жеделдету жөнінде айтты. Сондай-ақ Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын Ұлттық стандартқа сәйкестендіру туралы баяндады.
Үкімет басшысы автомобиль көлігімен жүк тасымалдау саласының дамуы экономиканың барлық секторына оң әсерін тигізетінін атап өтті. Қазіргі таңда Қазақстан арқылы 8 халықаралық автомобиль дәлізі өтеді. Олардың жалпы ұзындығы шамамен 13 мың км-ді құрайды. Негізгі күре жолдардың қатарында Батыс Еуропа-Батыс Қытай, Солтүстік-Оңтүстік, ТРАСЕКА және басқаларын айтуға болады.
«Аталған бағыттар бойынша жүк тасымалын ұлғайту және жүктердің жылдам өтуін қамтамасыз ету үшін бұл саладағы кедергілерді барынша қысқарту қажет. Олардың қатарына шекарадағы кептелістер мен құжаттардың ұзақ ресімделуін, инфрақұрылым сапасын, ұйымдастыру жұмыстарының нашарлығын және көптеген басқа да жайтты жатқызуға болады. Көлік иелерінен келіп түсетін шағымдар көбіне осы мәселелерге қатысты», деді Ә.Смайылов.
Оның айтуынша, жүктер мен құжаттардың тым ұзақ тексерілуі де наразылық туғызады. Бұл ретте цифрлық технологиялар мен ақпараттық жүйелердің интеграциясы арқылы мұндай олқылықтарды осы уақытқа дейін бір жүйеге келтіруге болатын еді. Сонымен қатар жүктерді бөліп таратудың аса маңызды инфрақұрылымдық буыны болып табылатын бонд қоймаларын дамыту қажет. «Мұндай әлемдік тәжірибе біздегі өткізу пункттердің жүктемесін азайтып, тасымал көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді», деп атап өтті ол.
Бұлармен бірге халықаралық жүк тасымалын жүзеге асыруға рұқсат беретін бланкілерді бөлуде де проблемалар бар екенін айтты. Қазақстан мұндай рұқсаттарды көптеген мемлекетпен тепе-теңдік негізде алып отыр. Осыған байланысты Үкімет басшысы отандық жүк тасымалдаушыларға бланк беру механизмін қайта қарап, оларға артық талап қоймауды тапсырды. Жол бойындағы қызметтің сапасына да назар аударды. Мәселен, Батыс Еуропа-Батыс Қытай транзиттік дәлізінің іске қосылғанына 5 жылдан асса да, жол бойындағы сервисті әлі күнге дейін дамыта алмай келеді.
«Халықаралық жолдар мен ішкі маршруттың бәрінде де осындай жағдай. Қызмет көрсету нысандары үшін жол бойынан жер учаскесін беруді әкімдіктер созып жіберді. Осыған байланысты инфрақұрылымның дамуы тоқтап тұр», деп ескертті ол.
Сондай-ақ жол бойындағы сервис нысандары мен көрсетілетін қызметтерге қойылатын талаптар белгіленген Ұлттық стандарт баяғыда қабылданып қойғанын еске салды. Бұл қосымша транзит көлемін тартуға мүмкіндік береді. Алайда сервис объектісінің көбі біздің стандартқа сәйкес келмейді. Сондықтан жыл соңына дейін өткізу пункттерінің қабілеттілігін ұлғайтудың нақты шараларын әзірлеуді тапсырды. Атап айтқанда, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, өткізу пункттерін толық цифрландырып, барлық ақпараттық жүйені интеграциялау қажет. Оған қоса Көлік-логистика орталықтары мен бонд қоймаларын дамыту жөніндегі жол картасын әзірлеу, сервис нысандарын салу үшін бизнес субъектілеріне жер учаскелерін беруге қатысты рәсімдерді соза бермей, 2 ай мерзімде жүргізу, сондай-ақ инвесторлар тарту және жол бойындағы сервис жобаларын іске асыру бойынша жеңілдетілген механизмді пысықтау қажеттігін қадап айтты.
«Көлік министрлігі отандық компаниялар үшін шетелдік рұқсат бланкілерін бөлудің тиімді механизмін әзірлеп, нормативтік құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізуі керек», деді Премьер-министр.
Ұлағатты ұстаз – ұлт ұйытқысы
Отырыста республикадағы барлық деңгейдегі педагог кадрларды даярлау жөніндегі шаралар да талқыланды. Онда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бүгінгі таңда елімізде 49 ЖОО-ның педагогикалық бағыттар бойынша лицензиялары бар екенін, бұларда барлығы 186 мыңнан астам адам білім алатынын мәлімдеді. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында Педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредиттеу стандарты және Жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді.
Кейінгі жылдары педагогикалық бағыттар бойынша тағайындалған гранттар саны бірнеше есе өсіп,15 923-ке жетті. Олардың құны да екі есе өсті. Студенттердің шәкіртақылары да көтерілді. Педагогикалық мамандықтарға қабылдау талаптары күшейтілді. Педагогикалық жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларын жаңарту бойынша жұмыс жалғасып жатыр, бүгінде 72%-ы жаңартылды. Жалпы, осы және басқа да өзгерістер педагог кадрларды даярлау сапасын арттыруға және оларды заманауи талаптарға бейімдеуге бағытталған.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қазіргі уақытта колледждер базасында педагогикалық мамандықтар бойынша 80 мыңнан аса студент білім алатынын айтты. Олардың 43 мыңы мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алып жүр. Колледждер балабақша тәрбиешілерін, бастауыш сыныптары және қосымша білім берудегі, сондай-ақ еңбек пен музыка мұғалімдерін даярлайды. Мамандарды даярлау және әдістемелік қамтамасыз ету сапасын арттыру мақсатында «Педагог» кәсіби стандарты бекітілді. Оның негізінде колледждер жұмыс берушілермен бірлесіп, 554 білім беру бағдарламасын жаңартып, іске асырып жатыр. Бұл ретте 6 мыңнан аса педагогтің біліктілігі арттырылды.
Республикадағы қажеттіліктерді ескере отырып, жыл сайын педагог кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырыс ұлғайып келеді. Биылдан бастап педагогикалық мамандықтарды ашу үшін колледждерге қойылатын біліктілік талаптары күшейтілді. Ол үшін тиісті лицензиялар болуы және түлектердің кем дегенде 90%-ы жұмыспен қамтылуы керек. Үкімет басшысының айтуынша, білім беру үдерісінің жетістігі, ең алдымен, педагогтің кәсіптік шеберлігіне тікелей байланысты. Сондықтан педагог-кадрларды даярлау тәсілдерін қазіргі заманға сай бейімдеп отыру – уақыт талабы.
«Бүгінде шамамен 5 мың педагог жетіспейді. Жыл сайын 50 мыңға жуық жас маман университет бітіріп шығады. Алайда олардың көпшілігі өз кәсібі бойынша жұмыс істемейді. Мұның себебі әртүрлі», деген Ә.Смайылов, республикада педагогтің беделі мен мәртебесін арттыру үшін заңнамалық тұрғыдан көп жұмыс атқарылғанын айтты. «Мұғалімдердің жалақысын көтердік, оларды қосымша жүктемелерден, артық есеп беруден босаттық. Ағартушылық салаға дарынды жастарды тарту бойынша шаралар кешені қабылданды. Педагогикалық жоғары оқу орындарына түсуге қойылатын талаптар күшейтілді. Мұның барлығы дұрыс», деді ол.
Оның айтуынша, педагогикалық жоғары оқу орындарына түсу балы қаншалықты жоғары болса, ең мықты талапкерлерді іріктеу мүмкіндігі де соншалықты арта түседі. Егер 5 жыл бұрын осы мамандықтарға 50 балл жинаған талапкерлер өтсе, қазір орташа балл – 111. «Алайда мектептерде оқыту үдерісінің күрделі болуы, шамадан тыс талап қою және қалыптасып қалған «бәріне мұғалім кінәлі» деген қоғамдық пікір осы мамандыққа деген қызығушылықты төмендетіп жіберді. Сондықтан мемлекет мұғалім мамандығын қалайтын жастарды одан әрі қолдайтын болады», деді Үкімет басшысы. Сөйтіп, педагог мамандығы бойынша оқитын студенттердің стипендиясы 2,5 есеге ұлғайтылғанын еске салды. Биыл мемлекеттік грант алуға үміткерлердің әрбір төртіншісі және 1,5 мыңнан аса «Алтын белгі» иегері мұғалім болуға ниет білдіргеніне назар аударды.
«Енді оқыту сапасын арттырып, педагогикалық жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін оқыту әдістемесін қайта қарау қажет. Оқу бағдарламаларын жаңғыртып, оларға сұранысқа ие құзыреттерді қосу керек. Қазіргі заманғы талаптың барлығы ескерілуге тиіс», деді Премьер-министр. Алдымен білім беру ұйымдарындағы болжамды сұранысты айқындап алып, педагогтерді даярлауға мемлекеттік тапсырысты соның негізінде қайта қарауды тапсырды. «Жергілікті жерлердегі кадр тапшылығын азайтудың тиісті өңірлік бағдарламаларын әзірлеп, 15 ақпанға дейін қабылдау керек», деді.
Оған қоса жас мұғалімдердің осы кәсіпке бейімделіп кетуінің тиімді механизмдерін ойластырып, тәлімгерлік жүйесін және жаңа құзыреттер бойынша педагогтердің біліктілігін арттыру жүйесін жасау қажет. «Үздіксіз педагогикалық білім беру жүйесін, оқыту бағдарламалары мазмұнының балабақшадан университетке дейінгі сабақтастығын қамтамасыз еткен жөн. Бұдан басқа мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын әдістемелік қолдау жұмысын күшейткен дұрыс», деп түйіндеді Ә.Смайылов.