Халықаралық волонтерлер күніне орай облыстық жастар-ресурстық орталығы, волонтерлерді қолдау орталығы фронт-офисі жалғызілікті жандарға дер кезінде көмек қолын созып, қолдау көрсетуге әзір тұратын волонтерлермен кездесу өткізді.
Жылы жүздесу барысында волонтерлердің жыл бойы атқарған жан жадыратар мазмұнды жұмыстары екшеліп, қол жеткізген толайым табыс әділ таразы басына тартылды. Байыптай аңғарсаңыз, аз дүние емес екен. 89 ұйымда бастары қосылған 3600-ге жуық жас тоғыз бағыт бойынша тындырымды жұмыс атқарыпты. Жыл бойы 1282 іс-шара өткізілген. Олардың әрқайсысы адамгершіліктің асыл қасиеттерін бойына сіңіріп, желкілдеп өсіп келе жатқан жастардың ақ ниетін, адал пейілін айғақтайтын әдемі мысалдар. Қоғамның осылайша ізгіленуі, нұрлануы қандай жарасымды. Ел болашағын ойлайтын жас толқынның ауыз бірлігі, көзқарастарының ізгілікті арнада тоқайласуы, жаңа бір серпінмен дамуы үміт шырағын лаулатып тұр. Айтпақшы, волонтерлердің бастамасымен өткен жыл ішінде мұқтаж жандарға 21 миллион 120 мың теңге қаражат жиналған.
Волонтерлер ел ішіндегі әлеуметтік жағынан аз қамтылған 807 отбасыға азық-түлік апарып беріп, дастарқандарын дәмге толтырған. Мұнан өзге де қамқорлықтың ғажайып үлгісі талайды тәнті етті.
Кездесу барысында жыл ішінде атқарған еселі еңбектері үшін еріктілер облыс әкімі М.Ахметжановтың, ұлттық волонтерлік желі заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Т.Миронюктің және облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы А.Алиннің ақжарма тілектері жазылған Алғыс хаттарымен марапатталды. Жыл нәтижесін қорытындылайтын байқау өткізіліп, жомарт жанды жастардың есімдері белгілі болды. Осы бір толқынның өнегелі істері замандастарына үлгі болып, кең қанат жайса, келісті болмақ.
КӨКШЕТАУ