• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Желтоқсан, 2023

Жолаушылар ұшаққа құжатсыз отыруға мүмкіндік алады

287 рет
көрсетілді

Қазақстанның әуежайларында халықаралық рейске құжатсыз отыруға мүмкіндік беретін арнайы жүйе енгізіледі, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Qazaqstan.TV арнасының жазуынша, бұл туралы ИКАО Халықаралық азаматтық авиация ұйымының қолдауымен Алматыда өтіп жатқан аймақтық симпозиумда айтылды. Жиында жолаушыларды бет-әлпеті арқылы сәйкестендіру бағдарламасының артықшылықтары талқыланды. Бұл олардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік бермек. Яғни, жолаушыға тіркеу және шекаралық бақылау пункттеріне барудың қажеті болмайды. Тек арнайы аркадан өтсе болды. Онда адамның бетіне сканер жасалып, барлық ақпарат арнайы база арқылы шығып тұрады. Жобаны іске қосу үшін алдымен азаматтардың биометриялық мәліметтеріне қол жеткізу керек. Ол үшін шекара, кеден қызметі және авиакомпанияларды бір жүйеге тоғыстыру керек.

«Бұл жүйеге әлемнің 166 елі қызығушылық танытты. Тіпті, қазірдің өзінде оны енгізіп жатқандар бар. Қазақстан да солардың қатарында. Жолаушыларды сәйкестендіру бағдарламасының арқасында жолаушылар ағымы бірнеше есе артуы мүмкін. Туристер саны да көбейіп жатса таңғалмаймыз», дейді Авиациялық әкімшіліктің бас директоры Каталин Раду

Сонымен қатар бұл жүйе жолаушылардың да уақытын үнемдемек.

«27-28 қараша күндері бет-әлпетті сәйкестендіру арқылы тестілеуден өткізіп көрдік. Жолаушының өту уақыты үнемделеді екен. Бұрын құжатты тексеру 13 секундта өтетін болса, кеше біз бір адамның 5 секундта өткенін байқадық. 10 минуттың ішінде 240 адамның өтіп шығуына мүмкіндік беріп отыр», дейді  «Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасы Ерғазы Жолдасов.