Ұзақ жылдан бері ауыз судың зардабын тартып келе жатқан облыс орталығы тұрғындарын «Су тазарту стансасы салынып жатыр» деген хабар айрықша қуантты. Станса жанынан арнайы зертхана да бой көтермек.
Су тазарту стансасының жобасы 2009 жылы қолға алына бастаған. Сол тұста қала тұрғындары бөріктерін аспанға атып, «Кенезесі кепкен елдің көсегесі көгеретін болды» деп қуанған еді. 250 мыңнан аса тұрғыны бар қала тұрғындары ерте көктем мен жауынды-шашынды күзде лай, сары су ішіп күнелткен. Басқа амал да жоқ еді. Бұл тұрғыда мемлекеттен қамқорлық болмады деп өкпелеудің де қисыны жоқ. 2011 жылы су желілерін тазарту құрылғылары тегіс жаңғыртылып, тәулігіне 60 мың текше метр су өткізуге қуаты жететін жобаның құрылысы басталып та кетті. Тапсырыс беруші – қалалық әкімдіктің құрылыс бөлімі.
Қыруар ел қарап отырған ауқымды жұмысты «AEGISinc» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алды. Сол уақытта мемлекеттік сатып алу тәртібі бойынша 1,623 млрд теңгенің келісім-шарты да жасалды. Бірінші жылы 538,1 млн теңгесі игерілді. Мердігер ұйым цехтың, зертхананың ғимараттарын жарым-жартылай ғана көтерді. Келесі жылы конкурс жұмысынан әлдебір шикілік шығып, қалалық сот жұмысты тоқтату туралы шешім шығарды. 2012-2013 жылдары конкурс қайта ұйымдастырылды. Бұл жолы «АП Импекс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз болып танылды. 2013 жылы 181,24 млн теңге игерілгенімен, жұмыс тағы да тоқтап қалды. Таза су ішеміз деп тамсанып айтатын әдемі әңгіме там-тұмдап тыйылды. Арада аттай 12 жыл өтті. Енді ғана осы түйткілдің түйіні шешілмек. Заманауи қондырғылар Біріккен Араб Әмірліктерінен арнайы жеткізілуде. Қос тарап келісімшартқа отырған. Отызға жуық жұмысшы мен оннан аса арнайы техника жұмыла жұмыс істеп жатыр.
– Қазіргі күні су тазалау құрылғыларындағы жұмыс 90 пайыз аяқталды, алдағы қаңтар айында қажетті қондырғылар жеткізілмек, – дейді мердігер Қуаныш Өтегенов.
Сөз арасында Көкшетау қаласын сумен қамтамасыз етіп отырған бұл орталықтың сонау 1970 жылы салынғандығын айта кетелік. Содан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген емес. Қыруар қаржы бөлінгенімен, белгісіз бағытта судай сіңіп кетті.
– Ендігі іске береке берсін, – дейді қала тұрғыны Қоныс Елімов, – атам қазақ «ауру астан» демей ме, таза су ішпеген қала тұрғындарының ауру-сырқауы көп екендігі айтылып жүр. Ел тілегін айтатұғын болсам, осы жолғы жоба жүзеге асса екен дейміз де.
Биыл су тазалау стансасының зертханасы мен қазандығы жөндеуден өткізіліпті. Қала басшылығы алдағы жылы көпшілікті толғандырып отырған ауыз су мәселесі толығымен шешіледі деп уәделерін беріп отыр.
– Бұл жобаға жұмсалатын қаржының көлемі – 7 млрд 200 млн теңге. Осы жылы облыстық бюджеттен 1,5 млрд теңге бағытталды. Мердігер ұйым жұмысты тыңғылықты атқаруда. Күні бүгінге дейін 900 млн теңгенің жұмысы жүзеге асырылды. Ойға алған шаруа алдымыздағы жылы оңынан оңғарылса, алға қойған міндет үдесінен шығамыз, – дейді Көкшетау қалалық әкімдігі құрылыс бөлімінің басшысы Ардақ Тасқынбай.
Қала тұрғындарының да күткені – осы. Қаржы бар, ендігі міндет – өткеннің ащы сабағын ұмытпай қадағалау.
КӨКШЕТАУ