• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Желтоқсан, 2023

Ел үмітін ақтағандар

290 рет
көрсетілді

«Абай жастары» жастар ресурстық орталығы жанында негізі қаланып, 2023 жылдың қаңтар айынан жұмысын бастаған «Абай жастары» волонтерлік фронт-офисінің жаңалықтары аз емес. Жастар орталығының мәліметіне сүйенсек, облыста 4 мыңға жуық волонтер қоғамдық істерге белсене араласып жүр. Сонымен қатар волонтерлік бағытта 8 ҮЕҰ, 23 оқу орны базасындағы волонтерлік ұйым және 19 бастамашыл топ тіркелгенін де айта кеткен жөн.

Облыста ауқымды жұмыс атқарып жүрген волонтерлік ұйымдардың бірі «Lider.kz» іздеу жасағы жоғалған адамдарды іздеу, төтенше жағдай кезінде көмек көрсету жұмыстарына белсене қатысып келеді. «Даналық» қоғамдық қоры өткен жылдан бері «Асыл мұра» жалпыұлттық жобасын республика көлемінде іске асырып жүр. Белсенді жастардан тұратын бастамашыл топтар әлеуметтік әлсіз топтарға көмектесуге әр кезде дайын. Абай облысындағы волонтерлердің жұмыс деңгейі Семей орманында болған төтенше жағдай кезінде де айқын көрінді. 300-ден аса волонтер арнайы құрылған штабтарда күні-түні көмек көрсеткеніне сол оқиғаға орай барғанымызда куә болдық.

Жалпы, жыл басынан бері облыс бойынша 458 волонтерлік іс-шара ұйымдастырылған. Бұл жұмыстар «Таза әлем», «Қамқор», «Асыл мұра», «Білім», «Сабақтастық», «Аяла», тағы да басқа бағыттар бойынша орындалып отыр. Республика бойынша іске асырылып жатқан «Biz birgemiz!» жалпы­ұлт­тық жобасы аясында облыстың ҮЕҰ мен бас­тамашыл топтары 15 шағын грант жеңімпазы атанды.

Облыстағы волонтерлік қозғалыс­тар­ды дамыту мақсатында «Абай облы­сы­ның қоғамдық даму басқармасы» ММ әлеуметтік тапсырысы аясында «Жастардың волонтерлік бас­тамаларын қолдау» әлеуметтік жобасы іске асырылып келеді. Жоба аясында облыс волонтерлерінің базасы да­йындалып, волонтерлік ұйымдар реестрі жасалмақ.

Абай облысының волонтер жас­тары жылды табысты аяқтады. Жыл қо­рытындысында «Biz birgemiz!» жалпыұлттық жобасы аясында «Ин­тел­лектуалды жастар қауым­дас­ты­ғы» ҚҚ жүзеге асырған «Бәсеке» жобасы үздік деп танылды. «Ұлы дала сарыны» байқауында қауымдастық «Жылдың үздік ұйымы» аталымын, Руслан Бутанаев «Үздік қоғамдық қызметкер» аталымын жеңіп алды. Ал «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығын табыстау рә­сімінде «Ақ ниет» ұйымының же­тек­шісі А.Дүйсенова мен БҰҰ-ның есірткіге қарсы күрес ұйымының еріктісі Р.Бутанаевтың марапатталғаны қуантады.