Биыл белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Аманқос Ершуовтың туғанына 80 жыл толды. Осыған орай Ұлттық академиялық кітапханада ақынның «Қасиетті қазына», «Ақмешіт», «Бармақбайдың басынан кешкендері» атты кітаптарының тұсаукесері өтті.
Қазақ поэзиясына өзіне тән қоңыр үнімен келген ақын өнімді еңбек етіп, соңына мол мұра қалдырды. Оның «Көкжиегім – келешегім», «Шырқау», «Шопан баласы», «Жылқышының ұлы», «Ойсылқара», «Алтын босаға», «Шұғылалы шақтар», «Пір Бекет пен Жыр Зекет», «Оғыланды» және басқа да жыр жинақтары кезінде әдебиет сыншылары мен оқырмандардан өз бағасын алған.
Іс-шара барысында балалар жазушысы Толымбек Әбдірайым, ақын «Түркістан» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы, ақын Ахмет Кендірбекұлы қарымды қаламгердің азаматтығы мен шығармашылығы туралы жылы естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ ұстаз Раушан Құрманғалиева автордың «Қасиетті қазына» атты кітабындағы өлеңдерді бастауыш сыныптардың оқулығына енгізілсе деген ұсынысын айтты.
Ақынның балаларға арналған «Ақмешіт» атты кітабына Бекет ата туралы «Кие» поэмасы, сондай-ақ «Бейбарыс», «Аруақ», «Далабай», «Асалы-Көкетай» және басқа да туындылары енсе, «Қасиетті қазына» атты жинаққа ұлттық құндылықтарды дәріптеген балалардың ұғымына жеңіл шығармалары топтастырылған. Ал «Бармақбайдың басынан кешкендері» кітабында автор төрт түлік мал, ер қанаты – жылқы, түйе мен сиыр, қой туралы жырлай отырып, ауыл өмірін, төрт түліктің қасиетін балаларға алуан қырынан таныстырады. Жаңа кітаптар «Кәусар» баспасынан жарық көрді. Онда Әбілқайыр Жантасов, Камила Жапалова секілді қылқалам шеберлерінің суреттері пайдаланылған. Мұқабасын суретші Алмас Сырғабай безендірген. Мазмұнды шара соңында қаламгердің қызы, ақын, аудармашы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Маржан Ершу аталған жаңа кітаптарды Ұлттық академиялық кітапхана қорына тапсырды.