• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Желтоқсан, 2023

Ертістегі тұқы тұқымдастарына жау ма?

139 рет
көрсетілді

Павлодар облысындағы өзен-көлдердің балық ресурсын арттыруға жергілікті деңгейде мән беріліп отырғаны байқалады. Биыл Ертіс өзені мен көлдерге 1,5 млн-дай тұқы шабақтары жіберілген. Дейтұрғанмен кейбір ғалымдар тұқы Ертіс өзені үшін байырғы балық түрі емес, оның санын арттыру ешбір пайда әкелмейді деген пікірде.

Өңір аумағында кәсіптік балық түріне жататын су жануарларының 12 түрі бар. Бұған Қызыл кітапқа енген бекіре тұқымдастарды қосыңыз. Жергілікті балық ресурстарына және басқа да су жануарларына келтірілген шығынның орнын өтеу бойынша ба­лықтандыру іс-шараларын жүргізетін кейбір кәсіпорындар бекіре тұқымдас шабақтарды да жіберуге тырысады. Алайда бұл балық материалдарын алдыру өте машақат шаруа көрінеді. Себебі өзіміздің облысты қойып, тұтас елімізде бекіре тұқымдас ба­лық­тарды инкубациялап сататын ұй­ымд­ар саусақпен санарлық қана.

– Жергілікті ғалымдардың кеңе­сіне құлақ түріп, өзен-көлдерге негі­зінен тұқы шабақтарын жібердік. Павлодар облысы аумағында тұқы шабақтарын молынан өсіретін екі бірдей балық тұ­қымбағы бар. Бізге жеткен ақпар бо­­йын­ша былтыр «Қазақстан алю­минийі» АҚ өздеріне қарасты су айдындарына бекіре тұқымдас балықтар жіберген. Бірақ бұл шығынның орнын толтыру емес, экологиялық акция түрінде жүзеге асқан. Аймақта жергілікті маңызы бар 63 балық шаруашылығы 38 субъектіге бекітіліп берілген, – дейді Зайсан-Ер­тіс облысаралық бас­сейндік балық ша­руашылығы инс­пекциясы бас­шысының орынбасары Нұржан Қазтай.

Ертіс өзеніне «Еуроазиялық энер­ге­тикалық корпорация» АҚ – 122,2 мың, «Қазақстан су жолдары» компаниясы – 121,5 мың, сондай-ақ Қ.Сәтбаев атын­дағы каналдың иесі «Қазсушар» РМК судың тиісті сапасын қолдау мақса­тында су тораптарына 1,1 млн тұқы ша­бақтарын жіберіпті. Тағы 8 су пайдаланушы табиғи су айдындарындағы балық қорын 47,7 мың тұқымен байыта түскен. Ал балық өсірілетін көлдерге жаңадан 16,5 мың шабақ жіберілген. Тұқы шабақтарын кәсіпкерлер көбіне пав­лодарлық «Колос» ШҚ-дан және Қара­ғанды мен Петропавлдағы балық тұқымбақтарынан алады.

– Бізде бекіре тұқымдас балық­тарды өсіру материалдарын сатып алу бойынша біраз мәселелер бар. Қа­зіргі күні Ақсуда балық өсіру ша­руашылығы ашыл­ған. Бәлкім жақын уақытта олар бекіре тұқымдас шабақтарды сата бастауы мүмкін. Жоба жүзеге асса, өңірдегі су айдын­дарын пайдаланушылар балық ресурстарын жақын жерден алар еді, – дейді Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бөлім басшысы Самал Темірболатова.

Атап өту керек, өзен-көл­дер­­дегі балық қорын молайтуға рес­пу­б­лика­лық бюд­жеттен бір тиын да бөлінбейді. Павлодарлық кәсіп­орындар мен та­биғат пайдаланушылар биыл бұл мақсатқа 63 млн теңге жеке қара­жатын жұмсаған. Бұл өткен жылмен са­лыстырғанда екі есеге көп. Маман­дар балық өсіру материалдары бүгінде қымбаттап кеткенін де айтады. Сондықтан су жануарларының ресурсын көбейтуге мемлекеттік қолдау қажет.

Тағы бір мәселе, кейбір ғалым­дарды Ертіс өзеніне тән емес балық­тардың көбеюі толғандырып отыр. Мысалы, ға­лым-ихтиолог Алек­сандр Убаськин тұқы балығы Ертіс өзе­нінде кең таралған байырғы балық түрлеріне жатпайтынын айтады.

– Кейінгі уақытта Ертістегі ба­лық қо­рын молайтуға қатысты жұ­мыстарда жүйелілік жетіспейді. Біз ең әуелі кез келген жобаны ғылыми тұрғыдан әзірлеп, ғылыми зерттеу­лер жүргізуіміз керек. Сосын барып қана табиғат қорғау шараларын қолға алған абзал. Мәселен, Ертіс өзеніне келіп құятын ағынды сулар мен затондарға тұқы балығының шабақтарын миллиондап жіберіп жатырмыз. Алайда тұқы – Ертіс өзенінде бұрын болмаған, яғни өз­ге жақтан келген балық түрі. Біз ай­рықша қор­ғалатын аумақтың балық ресурсын байытуды мақсат тұтып отырғанымыз анық. Ал заңда мұндай аумақтардағы балық қорын арттыру байырғы балық түрлері негізінде жүргізілуі керек деп жа­зылған. Өткен ғасырдың 60-жыл­дары Бұқтырма су қоймасын ба­лық­тандыру басталғанда ол жерде тұқы мен сазан жіберіле бас­тағанын білеміз. Павлодар өңіріне тұқы мен сазан сол жақтан келді. Ал тұқы ба­лығы біздің жергілікті популяцияда ғасырлар бойы тараған балық түрлері үшін айтарлықтай бәсеке тудырып отыр. Оның соңы жақсы болмауы мүмкін. Сондықтан балықтандыру шаралары ең әуелі ғылыми зерттеулерге сүйеніп жүргізілсе екен, – дейді оқымысты.

Жергілікті су айдындарына жауапты мемлекеттік органдардың ма­ман­­дары ғалымның бұл пі­кі­рімен ке­ліскісі жоқ. Тұқы – жырт­қыш балық емес әрі тез таралады. Өзен-көлдердің бат­­пақтануына жол бермейді. Оның үстіне балық шаруашылығын дамыту бағдар­ламасында тұқы азық-тү­лік үшін құнды балық ретінде көр­сетіл­ген. Соған орай алдағы уақытта бұл бағ­­дар­лама жалғаса береді деп отыр олар.

 

Павлодар облысы