Қазіргі таңда Алматы облыстық «Жастар рухы» жастар қанатының қатарында 200-ден астам волонтер бар. Жақсылық жасауға ниетті жастардың қатары уақыт өткен сайын көбейіп келеді.
Солардың бірі – 20 жастағы Нұрбек Ергешбай «Amanat» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының волонтері ретінде бірқатар ізгі істердің бел ортасынан көрініп жүрген жас. Жас та болса жақсылық жасауға құмар ол волонтерлік жұмыстарға атсалысуды 2019 жылы бастаған. Содан бері өңір аумағында «Жастар рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Қуаныш сыйла», «ТазаLike» экологиялық акциясы және «Қауіпсіз қоғам» атты іс-шараларға белсене атсалысып келеді.
Нұрбек алғашқы волонтерлік жұмысын өрттен зардап шеккен Қостанай жұртына көмек беруден бастаған. Қала тұрғындары мен қоғам белсенділерінің әкелген әрбір заттарын іріктеп, межелеген жерге жетуін қадағалаған жас өзінің атынан да киім-кешек пен төсек жабдықтарын жіберіп, гуманитарлық көмек көрсетуде аянып қалмаған. Содан бері қайырымдылық жасау, қиналғанға қолұшын беруден жаңылған емес.
«Кедергісіз келешек» жобасы аясында аз қамтылған отбасыларға азық-түлік себеттерін жеткізу және «Қуаныш сыйла» акциясы аясында мүмкіндігі шектеулі балаларға сыйлықтар апарып, концерттік бағдарламалар жасау арқылы қамкөңіл балаларды қуантқан.
Сондай-ақ «ТазаLike» экологиялық акциясында да волонтерлер Қонаев аталарының есімі берілген қаланың тазалығын сақтап, әр апта сайын сенбіліктер жасауды қолға алған. «Жастар рухы» жастар қанатымен бірге «Таңбалы тас» атты тарихи орынды тазалауға 100-ден аса волонтер қатысқан.
«Жастар арасында белең алып отырған келеңсіз мәселелердің бірі – зорлық-зомбылық және вандализм. Осы жағдайға байланысты Қонаев қаласының жергілікті полиция басқармасымен бірлесіп, түнгі және күндізгі рейдттерге шығамыз. Волонтерлік жұмыс өте қызық, қаншама жанға көмек көрсетесің, олардың алғысын аласың. «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер» демекші, үлкендердің батасын алып жұмысымызды жүрек қалауымен атқарамыз», деген Н.Ергешбай волонтерлік жұмысты атқара жүріп партия және Мемлекет басшысының Алғысхаттарымен марапатталғанын да мақтанышпен жеткізді.
Алматы облысы