Мәшһүр Жүсіп атындағы орта мектептің педагогі Дана Серімбаеваны былайғы жұрт ерікті ретінде жақсы таниды. Еріктілер қозғалысының көшбасшысы өз мектебінде «Ашық жүрек» жасағын құрып, оқушылар мен ұстаздарды игі іске үнемі жұмылдырып жүргені.
Дана Төлеубайқызының негізгі мамандығы – ағылшын тілінің мұғалімі. Кейінгі 16 жылдан бері Қазақстандағы Қызыл жарты ай қозғалысының белсенді мүшесі. Коронавирус пандемиясы мен Екібастұздың жылу жүйесіндегі апат уақытында тынбай жұмыс істеп, қоғамға зор еңбегін сіңірді. Пандемия кезінде ол өзі сияқты еріктілермен бірге Қазақстанның бірнеше өңірін аралап, карантиннің кесірінен үйлерінен шыға алмай қалған отбасыларға дәрі-дәрмек пен азық-түлік, мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті құрал-жабдықтарын жеткізді.
– Қызық болғанда, Павлодар қаласына сол уақытта Италиядан ерлі-зайыпты туристер келген екен. Бұл уақытта аталған мемлекеттің өзінде қауіпті індет қатты тарап жатқан. Әлгі адамдар біздің шаһарда ұзақ аялдап, мен оларға біраз уақыт азық-түлігін жеткізіп тұрдым. Ерлі-зайыптылар өздерінің жұптасқандарына 50 жыл толуын карантин уақытында Керекуде атап өтті. Одан соң Жеңіс мерекесінде тыл еңбеккерлерінің үйлеріне мемлекеттік наградаларын апарып тапсырдық. Қауіпті вирустың алдын алу тақырыбында үнемі сабақтар өткізіп, үлкен-кішінің арасында дәрістер оқыдық, – деп еске алады сол бір қауырт күндерді Дана апай.
Оның бұл еңбегі ескеріліп, «Халық алғысы» медалімен, еріктілерге берілетін халықаралық сыйлықпен марапатталды. Д.Серімбаеваның одан соңғы волонтерлік қызметі былтыр Екібастұзда төтенше жағдай режімі жарияланғанда жарқырай көрінді. Көпті жұмылдырып, пәтерлерінде бүрісіп отырған халыққа жылы киімдер, жылытқыштар мен азық-түлік таратты. Жұртшылықтың бойын жылы сөздерімен жылытты.
Дана апайдың айтуынша, оны отбасындағылар үнемі қолдап жүреді. Кіші және ортаншы қыздары анасының жолын қуып, еріктілер қозғалысының белсенді мүшесі атанған. Ал үлкен қызы қозғалысқа қаржылай көмек жасап тұрады. Апайдың жолдасы жеке көлігімен еріктілерді тасып, бар қолғабысын жасауға тырысады. Оның үстіне педагог жылына бірнеше мәрте донорлыққа қан тапсыруды әдетке айналдырған.
Тағы бір ерекшелігі, ол республикалық «Тәлімгерлер» жобасына да белсене атсалысып, Павлодардағы балалар аулында Даша есімді қызды өз қамқорлығына алған. Кейінгі 5 жыл бойы бойжеткенді қоғамға бейімдеп, тәрбиесін беріп келеді. Бүгінде Даша өзінің немерелерімен тұрақты байланысып, ойындары жарасып жүргенін мақтанышпен жеткізді.
Айтып өтейік, Мәшһүр Жүсіп мектебіндегі Қызыл жарты ай қоғамының филиалы – «Ашық жүрек» жасағы Волонтерлер жылында «Павлодар облысындағы үздік еріктілер жасағы» атанды.
ПАВЛОДАР