Кеше Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар қызметінде қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баспасөз конференциясын өткізді. Ол шаһарды дамытудағы негізгі жұмыстар мен алдағы жоспарлары туралы баяндап, журналистерді қызықтырған сұрақтарға жауап берді.
Шымкентте биылғы 10 айда тартылған инвестиция – 22, пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы – 15, бөлшек сауда көлемі – 19, көлік қызметі – 21, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,7 пайызға артқан. Жыл қорытындысы бойынша экономиканың өсу қарқынын 4,2 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. «Шымкенттің ең басты байлығы – халқы, оның қонақжай кең пейілі мен еңбекқорлығы. Соның арқасында қаламыз өркендеп, дамып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартып, қала тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыруды тапсырды. Енді тапсырманың орындалу барысы туралы баяндайын. Қалаға инвестиция тартып, халықты тұрақты жұмыс орындарымен қамту – негізгі міндеттердің бірі. Қазіргі таңда шаһарда 5 өндірістік аймақ бар. Онда жалпы сомасы 216 млрд теңгені құрайтын 273 инвестициялық жоба іске асырылып, 8 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары ашылған. Индустриялық аймақтар өзінің экономикалық тиімділігін көрсетіп отыр. Қазынаға түскен салықтық түсімдер 59 млрд теңгені құрады. Өңірге тартылған инвестиция барлық салаларға оң әсерін тигізуде. Қазір индустриялық аймақтарды тиімді пайдалану мақсатында ревизия жүргізіп жатырмыз», деді қала әкімі.
Оның айтуына қарағанда, басты мақсат индустриялық аймақтарды жандандырып, өнім көлемін арттыру. Қазірдің өзінде игерілмей жатқан 52 гектарды құрайтын жер телімі анықталыпты. Бұл жерлерге жаңа инвесторлар тартылатын болады. Өндіріс алаңдарын арттыру мақсатында жаңадан көлемі 867 гектар құрайтын 5 өндіріс аймағын құру қолға алынады екен. «Алдағы уақытта 372 млрд теңгені құрайтын 289 жобаны іске асырып, 12 мыңға жуық жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырмыз. «Жұлдыз», «Бозарық» индустриялық аймақтарына инженерлік жүйелер тартылып, келер жылы қолданысқа берілетін болады. Одан бөлек, сауда-логистикалық орталықты кеңейту арқылы «Өңірлік хаб» құру жұмыстары басталды. Қазір жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Аталған индустриялық аймақтарды іске қосу арқылы, салықтық түсімдерді арттыру көзделген. Өңдеу өнеркәсібінде де оң динамика бар. Биыл 14 жобаны іске асыру жоспарланған. Есепті кезеңде жалпы сомасы 11 млрд теңгені құрайтын 6 жоба іске қосылып, 373 жұмыс орны ашылды. Шымқала экономикасының өсу драйвері инвестициялық тартымдылығы екені сөзсіз. Соңғы 4 жылда 1,5 трлн теңге қаражат тартылып, көлемі 3 есеге артты. Алдағы 5 жылда 6 трлн теңге инвестиция тартуды көздеп отырмыз. Бұл бағытта нақты жоспарымыз бар», деді Ғ.Сыздықбеков.
Қазірдің өзінде жалпы сомасы 1,7 трлн теңгені құрайтын 229 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Басым бағыттары өңдеу өнеркәсібі саласында – 405,8 млрд теңге, тұрғын үйге – 594,4 млрд теңге, денсаулық сақтауға – 128 млрд теңге, ауыл шаруашылығына 363,9 млрд теңге жоспарланыпты. «Нәтижесінде, 34 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Басты мақсат – инвесторларға қолайлы жағдай жасап, экономиканы әртараптандыру. Бұл бағытта импорт алмастырушы және экспортқа бағытталған жобаларды жүзеге асыратын инвесторлармен тығыз жұмыс жүріп жатыр. Бұлармен бірге шағын және орта бизнестің өркендеуіне ерекше ден қойып келеміз. Қазір Шымкентте бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 50 пайызға жетті. Кәсіпкерлікті қолдау шараларына сұраныс өте жоғары. Биыл кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында 20 млрд теңге бөлініп, есепті кезеңде 16 млрд теңгеге 3 351 жобаға қолдау көрсетілді. Соңғы 5 жылда белсенді жұмыс істейтін кәсіпкерлер 2 есеге өсіп, саны 131 мыңнан асты. Бұл азаматтардың іскерлік мәдениетін көтеруге ынталандырса, екіншіден, қала тұрғындарының 30 пайыздан астамын жұмыспен қамтып отыр», деді ол.
Жергілікті деңгейде биылғы жылы еңбекақысы төмен 16 мыңнан астам бюджеттік қызметшілерге үстемақы қаралып, жалақысы 100 мың теңгеден асыпты. «Өңірдегі орташа жалақы көлемі 17 пайызға өсіп, 270 355 теңгені құрады. Биыл халықты жұмыспен қамту шараларымен 61 мыңнан астам адам қамтылды. 36 мыңға жуық азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Халық табысының артуына байланысты, өткен жылмен салыстырғанда әлеуметтік көмек алушылар саны 22,4 пайызға азайды. Ал білім беру саласы – басым бағыттарымыздың бірі. Соңғы 4 жылда 66 мың орындық 101 мектеп пайдалануға берілді. Оның 80 пайызы жеке инвесторлар есебінен салынған. Нәтижесінде 3 ауысымды мектептер мәселесі толығымен шешілді.
Қаладағы 134 мыңнан астам бастауыш сынып оқушысы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді», деді шаһар басшысы.
Еңбек нарығына талдау жүргізіліп, қажетті маман дайындау үшін колледждерге жаңа 11 250 грант бөлініпті. Биыл 500 орындық Оқушылар сарайы пайдалануға берілген. «Жайлы мектеп» аясында 28 мың оқушыға арналған 18 мектеп салу жоспарланған. Бүгінгі таңда 12 мектептің құрылысы басталды. Қазір «Тұран» шағын ауданында да 500 орындық Оқушылар сарайы салынып жатыр. «Мәдениет саласында халықаралық деңгейде іс-шаралар өткізетін заманауи Конгресс холлдың құрылысы аяқталуға таяу. Келер жылы қаладан шалғай орналасқан 4 елді мекенде жаңа мәдениет үйлерін салатын боламыз. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Опера және балет» театрының жаңа ғимаратын салу қарастырылуда. Аталған ұйымға аты әлемге әйгілі опера әншісі Майра Мұхамедқызы басшылық жасап отыр. Бұл саланың дамуына тың серпін береді деген ойдамыз. Қазір қаладағы бұқаралық спортпен шұғылданушылар саны 42 пайызға жетті. Спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында «Үстел теннисі спорт кешені» және «Жаңа ипподром» пайдалануға берілді. «Металлург» стадионы қайта құрылып, 1 спорт мектебі іске қосылды. Биыл қала спортшылары Қазақстан, Азия және Әлем чемпионаттарына қатысып, жалпы 728 алтын, 593 күміс, 654 қола медаль жеңіп алды. Сондай-ақ «Ордабасы» футбол клубы өз тарихында тұңғыш рет Қазақстан чемпионы атанды. Ендігі кезекте Еуропаның чемпиондар лигасында ойын көрсететін болады», деді Ғ.Сыздықбеков.
Әкімнің айтуынша, денсаулық сақтау саласындағы басты мақсат – тұрғындарға сапалы қызмет көрсету мен қолжетімділікті арттыру. Саладағы жан басына қаржыландыру жүйесі оң нәтиже беріпті. Соңғы жылдары жекеменшік емханалар ашылып, мемлекеттік ұйымдардың жүктемесі төмендеген. «Жеке инвестор есебінен қатерлі ісік ауруының бастапқы сатысын анықтайтын, сәулелі терапия орталығы ашылды. Биыл орталықта 553 адамға қызмет көрсетілді. Нәтижесінде өлім-жітім азайды. Жыл соңына дейін алғаш рет балалар кардиохирургия бөлімшесін ашуды көздеп отырмыз. Тағы 6 жеке медицина орталығын, 200 орындық жаңа заманауи перзентхана, 800 орындық университеттік клиника салу жоспарымызда бар.
Халық санының қарқынды өсуіне байланысты баспанаға деген қажеттілік артуда. Қалада 51 мыңнан астам халық әлеуметтік, 175 мыңға жуық азамат кредиттік тұрғын үй кезегінде тұр. Осы мәселені шешу үшін 4 мың пәтерлі 100 әлеуметтік тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жұмысшы жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына 1 мыңнан астам пәтер береміз. 201 азаматқа қайтарымсыз негізде тұрғын үй сертификаттары табысталды. Әлеуметтік тұрғын үй алушылар санатына енбейтін азаматтар да назардан тыс қалмайды. Жергілікті «Қамқор» тұрғын үй бағдарламасы аясында 150 отбасыға жеңілдетілген несиелер берілді. Бұл бағдарлама өз жалғасын табатын болады. Жыл соңына дейін 1 млн 75 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі», деді қала әкімі.
Биыл қалада бірталай елді мекендерде ауыз су, электр жүйесі, табиғи газ бен кәріз жүйелерінің құрылысы аяқталыпты. Нәтижесінде, тұрғындары 65% кәріз жүйесімен, 96% табиғи газбен, 99% ауыз сумен, сондай-ақ 100% электр жүйесімен қамтылатын болады. «Биыл 210 шақырым жол пайдалануға берілді. Қазір Ташкент-Алматы-Түркістан бағыттарын қала орталығымен байланыстыратын Қонаев даңғылының жалғасы, А-2 автомобиль жолын қайта құру, Оңтүстік және Шығыс айналма жолдарының құрылыстары жүргізіліп жатыр. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында келесі жылы қосымша 3 000 бейнебақылау камерасы орнатылады. «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында биыл 5,8 млрд теңгеге 194 жоба жүзеге асырылса, келер жылы қаржыландыру көлемі 10 млрд теңгеге жеткізілетін болады», деді Ғ.Сыздықбеков.