Биыл Алматы облысы «Ауыл аманаты» жобасы аясында 380-нен аса шағын несие беріп, ауыл азаматтарының істерін ілгерілетіп отыр. «Amanat» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғожаевтың мәлімдеуінше, жоба аясында бас-аяғы 1337 өтінім келіп түскен.
«Оның жалпы сомасы 9,4 млрд теңгені құрайды. Бүгінде 381 адам 2,7 млрд теңге сомасында шағын несие алды. Ең көп өтінім Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Балқаш аудандарының тұрғындарынан келіп түсті», дейді Қ.Байғожаев.
Олардың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысады. Жалпақ жұрттың жағдайын көтеруге бағытталған жобаға қатысуға тілек білдіргендер аз болмаған. Солардың қатарында өз кәсібін ашпаққа ниет білдірген Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны Біләл Ахметов те бар.
«Металл прокатын ұйымдастыру бойынша бизнес-жоспарды қорғап, 2,5 пайызбен шағын несие алдым. Керек жабдықтарды сатып алып, өз үйімнің ауласында шифер шағыратын цех салдым. Өндіріс технологиясы өте қарапайым, желіге металл парақты салады да, ол механизм арқылы өтеді. Шығу кезінде дайын металл шифер алынады. Қазір мен жақын маңдағы 8 ауылды металл шифермен қамтамасыз етуді бастап кеттік», дейді отандық өнім өндіруші Біләл Ахметов.
Құрылыс қарқын алған уақытта істің көзін тапқан кәсіпкердің бұл өнімі аудандағы 8 ауылдың тұрғыны үшін қолжетімділікті арттырып, сұранысты еселеп келеді. Ендігі жерде құрылыс бастаған азаматтар үйлерінің немесе сарайлары мен мал қораларын қаптау үшін шатыр іздеп алысқа сабылмайды.
«Бұрын адамдар қытай тауарларын сатып алатын. Ауданда бәсекеге лайық отандық тауар пайда болды. Сапасы жағынан басқа шиферлардан кем түспейді, бірақ бағасы екі есе арзан. Импортталған тауардың метрі 4 мың теңге, ал біздікі бар болғаны 2 мың теңгеден саудалануда. Сапасы мен бағасы көңілінен шыққандықтан, өніміміз тез өтіп жатыр», дейді ол.
Сөз соңында еске салар жайт, азаматтардан түскен өтінімдердегі жалпы қаражат сомасының облысқа берілген қаражаттан асып кетуіне байланысты «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдау тоқтатылған.
Алматы облысы