• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қазақстан 08 Желтоқсан, 2023

Мемлекеттік тілдің мерейі

276 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілін қолдау мақсатында құрылған «Qazaq tili» Endowment Qory-на алғашқы жарнаны аударды. Президенттің өз қаражатынан қосқан жеке жарна көлемі – 7 миллион теңге. Мемлекет басшысының жаңадан құрылған қордың қызметін қолдауға жеке қатысуы ел басшылығының мемлекеттік тілдің мәртебесін дамыту және нығайту мәселесіне ерекше көзқарасын көрсетеді. Бұл – өте жақсы үрдіс және басқа үкімет өкілдері үшін үлгі.

«Qazaq tili» – халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық ұйымы­ның бастамасымен құрылған қор. Негізгі міндеті – мемлекеттік тілді қолдау және дамытумен айналысатын еліміздегі ең ірі ұйым «Қазақ тілі» қоғамының тұрақты әрі ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ету.

Биыл 12 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілі» қоғамы­ның басшысымен кез­десуінде мемлекеттік тілді да­мыту мақсатымен арнайы эн­дау­мент қорын құру бастамасы­на қолдау білдірген болатын.

Эндаумент – коммерция­лық емес мақсаттарда, негізі­нен білім, медицина, мәде­ниет, ғылым саласында жұмыс іс­тейтін ұйымдарды қаржы­лан­дыруға арналған мақсатты капитал.

Мұндай қордың ерекшелігі – қорға аударылған қаражаттың өзі игерілмейді: қолда бар қаражат бағалы қағаздар мен активтерді сатып алуға, ал инвестициялық кіріс мақсатты жобаларды қол­дауға, бенефициар ұйымның жар­ғы­лық міндеттерін орындауға жұмсалады. Эндаумент қорлары әлемде әлеуметтік маңызды миссия­ларды жүзеге асыру үшін жұмыс істейтін білім беру және қоғамдық ұйымдардың тұрақты және ұзақ­мерзімді қызметін қамтамасыз ету үшін кеңінен қолданылады.

Әлем елдерінде білім беру мен әлеуметтік бағытта жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдардың тұрақты әрі ұзақмерзімді қызметін қамтамасыз ету үшін эндаумент қорын құру тәжірибесі кең таралған. Қазіргі таңда Жапониядағы ғылым мен техноло­гия қоры, сонымен қатар Стэнфорд, Гарвард университеттерінің қор­лары дүние жүзіндегі ең ірі эндау­мент қорларының қатарына кіреді. Елімізде ірі университеттер, мектептер мен коммерциялық емес ұйымдардың эндаумент қорлары сәтті жұмыс істеп жатыр.

«Qazaq tili» қорына жиналған қара­жатты беделді қоғам қайрат­керлері, лингвист ғалымдар мен мемлекет өкілдерінен құралған тәуелсіз қамқоршылар кеңесі бақылап, қадағалайды.

Президент «Қазақ тілі» қоғамына мемлекеттік тілдегі медиа және бас­па контентін көбейту үшін нақты жобалар мен шаралар кешенін жүзеге асыру, тілді оқыту мен үйрету әдістемесін жетілдіру, оқу сауаттылығы мен жазу мәдение­тін дамыту, сонымен қатар қазақ тілін қолдау мен тілді қолдана­тын қауымдастық аясын кеңейту үшін заманауи технологиялық шешімдерді кеңінен пайдалануды тапсырды. Қордың ресурстары дәл осы мәселелерді пысықтауға бағытталатын болады.

Жарқын жаңалықты тіл жанашырлары, қазақ қауымымен бірінші болып бөліскен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы мемлекеттік тілдің жанашырлары атынан Мемлекет басшысына бастамаға білдірген қолдауы мен өзгелерге көрсеткен үлгісі үшін алғыс айта келіп: «Эндаумент қорының кірістері «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының жұмысын қамтамасыз ету және мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтуге, жаңғыртуға және одан әрі дамытуға бағытталған жобаларды іске асыру үшін гранттар түрінде беріліп отырады», деді.

Айта кетелік, мемлекеттік тілдің дамуы мен нығаюы мәселесі Мем­лекет басшысының қашанда назарында, бақылауында. Президент балабақшаларда, мектептерде мем­лекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажет екенін айта келіп: «Қазақтың тілі – қазақтың жаны. Халқымыздың тарихы да, тағ­дыры да тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де тілін­де. Қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыс­тыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады. Біз мемлекеттік тіл­дің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз», деген еді.

Сайып келгенде, тіл – халықтың жан дүниесі, рухани негізі, елдің еркіндігі мен ұлтты танытатын басты белгісі. Оның негізгі қызметі – ұлтты, халықты біріктіру. Мемлекеттік тіл­ді білу – өмір талабы, заман сұраны­сы, қоғам қажеттілігі. Тілді өмірдің барлық саласында қолданып, аясын кеңейту жолында тек «Қазақ тілі» қоғамы емес, әрбір отандасымыз өз азаматтық борышын адал атқаруға тиіс. Оған жаңадан құрылған «Qazaq tili» Endowment Qory еселеп екпін береді деп сенеміз.