Ақмола облысының полицейлері мал ұрлығы бойынша күдіктілерді ұстады, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Целиноград ауданының екі тұрғыны Талапкер ауылындағы шаруаның қорасына түсіп, 20 бас қойын ұрлап кеткен. Шығын мөлшері – 1 миллион теңге. Осы ауылдың екінші тұрғыны да арыз түсіріп, 5 бас қойын ұрылардың қолды еткенін жазған. Жергілікті полицейлер ауыл тұрғындарының тынышын алып, ұйқысын бұзған ұрыларды ұзатпай қолға түсірді.
«Қылмыстық кодекстің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша сотқа дейінгі тергеу бастап, «Мал ұрлығы» жедел алдын алу іс-шарасы аясында Целиноград ауданы мен астананың аумағында криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының кешенін өткізді. Нәтижесінде Қажымұқан ауылының екі тумасы анықталып, ұсталды. Тергеу іс-шаралары барысында ұсталғандардың елді мекенге, жалға алынған автокөлікпен келгені, малды ұрлап әкетіп сойғаны» анықталды.
Заттай айғақ ретінде қойдың терісі мен еті тәркіленді. Күдіктінің бірі жуырда үйлену тойы болатынын, соған қаражат керек болып торуылға шыққанын айтты.