Қазақ көшпенділерінің ХIX-XX ғасырларда пайдаланған зергерлік бұйымдары, ат әбзелдері, тұрмыстық заттары мен музыкалық аспаптары, жалпы қазақ елінің тарихы мен бүгіні Италияда үлкен резонанс тудырды. Неапольдағы Castel Nuovo сарайында Алматы тарихы музейі «Қазақстан көшпенділері: тарихы мен бүгіні» халықаралық көрмесін ұйымдастырды. Оны 10 мыңнан астам қала жұрты мен турист келіп тамашалаған. Енді қабылдаушы тарап осындай көрмені Италияның басқа қалаларында да өткізуді сұрап отыр. Жергілікті БАҚ өкілдері қазақ халқының мәдениеті мен музей қорының бай коллекциясы көрмеге келушілерді таң қалдырғанын жарыса жазып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Көрме барысында Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев пен Қазақстан Республикасының Италиядағы Құрметті консулы Валентина Маццаның кездесуі өтті, сонымен қатар Алматы қаласынан келген делегацияны Неаполь қаласының мэрі Гаэтано Манфреди қабылдады. Тараптар Алматы мен Неаполь арасындағы екіжақты мәдени ынтымақтастықты әрі қарай дамыту және алдағы уақытта бірлесіп көрмелер мен фестивальдер өткізу мүмкіндігін талқылады.
«Бұл Ұлы дала елі көшпенділер туралы қызықты көрме ұйымдастырып, өзі туралы жаһанға жар салды. Жалпы Қазақстанның тарихы барлық Орта Азияның дамуын түсіну үшін өте маңызды. Біз бірлескен іс-шаралар ұйымдастырып барынша қолдау көрсетуге дайынбыз», деп атап өтті Қазақстан Республикасының Италиядағы Құрметті консулы Валентина Мацца.
Айта кету керек, көрме келушілерді 14 желтоқсанға дейін қабылдайды және келесі тақырыптық бағыттар бойынша шамамен 140 музей экспонатын ұсынып отыр: дәстүрлі киіз үй безендіру, ат әбзелдері, тұрмыстық заттар, зергерлік бұйымдар, музыкалық аспаптар.
«Алматы қаласының музейлері қала басшылығының қолдауымен халықаралық деңгейде қазақ тарихын, мәдениеті мен дәстүрін, жалпы ел философиясын таныстырып, насихаттау бойынша белсенді жұмыс атқарып келеді. Қазір көрмені Италияда қаншалықты жақсы қабылдағанын көріп отырмыз, сондықтан осы елдегі әріптестерімізге алғыс білдіреміз. Енді жыл соңына дейін Венада да осындай үлкен көрме ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз», деп атап өтті Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев.
Көрмені тамашалаған жергілікті тұрғындар, соның ішінде Италияның БАҚ өкілдері: «Қазақтар – ғасырлар бойы дәстүрін нығайта отырып, тамырын танып-білу арқылы мәдениетін байытқан асқақ халық»; «Шын мәнінде, Алматы ХІІІ ғасырларда Ұлы Жібек жолы торабындағы маңызды сауда орталығы болды, маңызды рөл атқарды»; «Пайдалы қасиеттері мен құндылығы жоғары «зергер» деп аталатын тамаша күміс әшекейлерді, сондай-ақ аңызға айналған рухани тарихы мол домбыра, жетіген және қобыз сияқты көне музыкалық аспаптарды мұқият қарастырған жөн», деп жазған.