Astana Hub технопаркінде жүзеге асырылып жатқан Startup Garage бағдарламасының екінші легі аясында 118 стартаптың 38-і ғана инкубациядан өте алды. Қатысушылар дамудың келесі сатысына қадам басып, сатылымын арттырды әрі халықаралық нарыққа шықты. Стартаптардың белсенді дамуы нәтижесінде 68 жаңа жұмыс орны ашылды. Қатысушылар жалпы сомасы 87 млн теңгенің өнімін сатты.
Стартаптарды бастапқы MCI (идея) және MVP (өнім) кезеңдерінде қолдауға бағытталған Startup Garage бағдарламасы 3 кезеңді қамтиды. Әр кезеңде командалардың қатысуы мен әлеуеті, олардың іс-шаралардағы белсенділігі және өнімді әзірлеудегі жетістіктері мұқият талданады.
– Нәтижесіз және ережелерді бұзған жобалар бағдарламадан шығарылады. Бұл көпқырлы тәсіл бізге ең әлеуетті және амбициялық жобаларды анықтауға мүмкіндік береді. Қарқынды 12 аптаның ішінде стартаптар жан-жақты қолдау мен ресурстарды ғана емес, сонымен қатар даму, өнімді ұсыну, сату арналарын арттыру және инвестор тарту негіздерін де игерді, – дейді Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.
Жобаны дамыту үшін әр стартаптың қажеттілігіне қарай әртүрлі әдіс қолданылып, түрлі сынақ жасалады. Startup Garage қатысушыларын IT компанияларда жұмыс істеген тәжірибелі және үздік трекерлер оқытты. Сарапшылар мен шақырылған лекторлар, соның ішінде табысты стартаптардың негізін қалаушылар, инвесторлар және IT саласындағы ірі ойыншылар стартап құру әрі оны дамыту бойынша инсайттарымен бөлісіп, кеңестерін айтты. Инкубация кезінде Quickstarter Plus, Best Price, DentaSense, ekgov, TenderTech, Inventivo, Cubus, Alan секілді әлеуетті жобалар жақсы нәтиже көрсетті.
– Үш айдың ішінде бағдарлама нәтижесінде ашық нарыққа шыға алдық, онда сатылымымыз бір айда 100 мың теңгеден 1,2 млн теңгеге дейін, яғни 12 есе өсті. B2C жүйесінде «Каспи» картасына қарапайым аударымнан бастап, «таза бухгалтерлік есебі» бар, шот-фактуралармен және сертификаттармен қамтамасыз етілген B2B жүйесіне ауыса алдық. Жаңа клиенттерді табуды үйреніп қана қоймай, нарықтағы ұсынысымыздың құндылығын растадық. Қазір аудиториямыз – 20 балабақша, – деп пікір білдірді Best Price негізін қалаушы Ілияс Тасымов.
Еске сала кетейік, MCI және MVP кезеңіндегі стартаптар Astana Hub-тың Startup Garage инкубациялық бағдарламасы бойынша тегін оқи алады. Бұл бағдарлама білім беріп қана қоймай, қарқынды дамуға, сарапшылар және әлеуетті инвесторлармен тиімді қарым-қатынас орнатуға қолайлы жағдай жасайды.