Керекудегі Жүсіпбек Аймауытов театры көрерменді жылдың соңғы премьерасымен қуантты. Жуырда өнер ұжымының бас режиссері болып тағайындалған Сергей Левицкий әйгілі Уильям Шекспирдің «Ричард ІІІ» атты қойылымын сәтті сахналады.
Ағылшын драматургі Уильям Шекспирдің 1592-1594 жылдар аралығында жазылған «Ричард III» тарихи пьесасы Англия королі Ричард үшіншінің билікке келуін және одан кейінгі қысқаша билігін баяндайды. Шекспир бұл шығармасында тағдыр мен уақытты өзіне бағындыруға ұмтылған ІІІ Ричардтың тарихи тұлғасын көрсетуге тырысқан. XVI ғасырдағы тарихи оқиғалар баяндалған классикалық туынды қазіргі уақытта да өзектілігін жоймаған. Басты кейіпкер король Ричард тумысынан өте ұсқынсыз әрі бүкір болады. Ұлының мұндай кейпінен анасы да шошиды. Өмір бойы халықтан тек қорлық пен келемеждеу ғана көреді. Ұсқынсыздығына бола шеттеткен қоғам оның бойындағы жауыздықты қоздырады. Қоғам тұрмақ туған анасының өзі қабылдамайды. Осылайша, қатыгез, қанішер Ричардты қоғамның өзі қалыптаған. Дейтұрғанмен Ричардтың кескін-келбеті келіспегенімен, оның ақыл-ойы, шешім қабылдау қабілеті елден ерек еді. Билікке қол жеткізу үшін қантөгіске барады. Шекспир өзінің басты кейіпкерін психологиялық тұрғыдан өте күрделі етіп бейнелеген.
«Театрымыздың репертуарын У.Шекспирдің кезекті қойылымы толықтырып отырғанына қуаныштымыз. Оның туындылары әр театрда қойыла бермейді. Оған труппа дайын болуы керек. Ресейлік білгір маман Сергей Левицкийдің театрымызда қойылым қоюы – біз үшін үлкен жетістік. Премьераны дайындау барысында ауқымды шаруалар атқарылды. Біздің актерлерге Сергеймен жұмыс істеу қызықты болды деп ойлаймын», дейді театрдың көркемдік жетекшісі Әділет Ақанов.
Жалпы, «Ричард ІІІ» тарихи пьесасы әлемнің көптеген үлкен сахналарында қойылған. Бес актіден тұратын спектакльде жантүршігерлік сюжеттер арқылы бас кейіпкердің зұлым образы толық ашылады. Әлемдік деңгейдегі танымал шығармада король Ричард өте ақылды әрі өте зұлым жан болып көрсетіледі. Кезекті премьераны белгілі театр сыншысы, Қазақстан театр сыншылары бірлестігінің төрайымы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының меңгерушісі, өнертану ғылымдарының кандидаты, профессор Анар Еркебай арнайы тамашалады. «Керекулік қазақ театры арнайы сыншыларды шақырып, премьералық спектакльдерін көрсетіп, оны талдатып, үлкен жұмыстарды бірге атқарып келеді. Ұжым игі бастаманың жемісін де көріп отыр», дейді сыншы.
Ал режиссер Сергей Левицкий «Ричард III» заманауи театрлық формадағы, бүгінгі күні өзекті сахналық тілде ойналатын жарқын, эмоцияға толы қойылым деп есептейді. Шекспирдің мәтіні арқылы өзін өркениеті дамыған деп санайтын елдердің бүгінгі жай-күйін түсінудің бірден-бір жолы. Театр ұжымы драматургтің шығармасы арқылы көрермендерге қазіргі қоғамды, адамның зұлымдығы мен озбырлығының пайда болу табиғатын түсіндіруге тырысқан.
Айтып өтейік, Ж.Аймауытұлы театры үшін биылғы жыл өте табысты өрілді. Актерлер ұжымы жыл басынан бірнеше премьераны ұсынып, соның ішінде Шәкәрім Құдайбердіұлының «Ұждан» әпсанасы көрерменге ерекше ұнады. Бұл туындымен өңірлік қазақ музыкалық драма театры Ресейдің Мәскеу облысы Мытищи қаласындағы «ФЭСТ» драма және комедия театрында өткен «Подмосковные вечера» фестиваліне қатысып, екінші жүлде – «Үздік ансамбль» аталымын олжалады. Соңғы уақытта ұжым «Өнерде шекара жоқ» екенін нақты істерімен дәлелдеп келеді. Театр басшылығы шетелдік мамандармен байланысты күшейтіп, бірнеше спектакль ұйымдастырды. Бәрі де сәтті шықты. Бұған дейін ресейлік театр және кино актері Азамат Нығмановпен «Ұжданды» сахнаға алып шықса, енді, міне, Ресейдегі «Золотая маска – 2021» сыйлығының номинанты, Бурятия Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, режиссер Сергей Левицкийдің қолтаңбасына жалғасты.
Павлодар облысы