• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Желтоқсан, 2023

«Сатылмайтын Алпамыс»

319 рет
көрсетілді

Нұрали Амангелдиев Бородулиха ауданы Жезкент кенті мектеп-лицейінің 8-сыныбында оқиды. Жаңалыққа жаны құштар жас өрен жақында сыбайлас жемқорлыққа қарсы ой қалыптастыратын «Сатылмайтын Алпамыс» атты компьютерлік ойын жобасын әзірлеп, жұртты елең еткізді.

Нұрали осы жұмысын алғаш рет ұйым­дастырылған сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы жобалардың І рес­пуб­ликалық байқауына ұсын­ғаны сол, оқушының ерекше жобасы үздік бағаланып, «Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы медиа­құрал­­дар» бағыты бойынша 1 млн­ теңге көлемінде ақшалай сый­­­лықпен марапатталды. Ба­лаң­­­дығына қарамай, қоғам­­д­ық кереғар құбылысты тежеу үшін тер төккен еңбегінің еш кет­­пегенін білдірсе керек.

Алдымен айтайық, Нұралидің жаңа ойын жобасына жетекшілік еткен анасы Наталья Геннадиевна информатика пәнінен аталған білім ошағында қазақ және орыс тілдерінде сабақ береді. Алға­шында «жақсыны көрмекке» де­гендей, жоба авторының өзі­мен тілдеспек болып әкесіне қо­ңырау шалғанымызда, оның «Бал­дәурен» демалыс лагерінде екенін естідік. Әкесі Алматыда жұмыс бабымен жүргенін, мүм­кін­дік болса, анасы Наталья­мен хабарласуды сұрап, «қазақшасы менен жақ­сы» деп әзілдеп қойды. Де­ген­­мен әзіл болғанымен, шын­ды­­ғын­да солай екен. Наталья Елу­бае­ваны ұлының жеңісімен құт­тық­тағанымыз сол, әңгіме тиегін қазақша ағытып қоя берді.

«Нұралидің бұл жобасын «Сатылмайтын Алпамыс» деп атауының да өз мәнісі бар. Бәрімізге белгілі «Алпамыс мектепке барады» деген киноны ол да үнемі қызығып көретін. Жасаған жобасының негізгі идеясы – білім алушылардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық дағдыларын, күнделікті өмірде сыбайлас­ жем­қорлық көріністеріне төзбеу­ші­лікті қалыптастыру. Соны жүзеге асы­рудағы ойларын осы фильм­нен тапты», дейді Н.Елубаева.

Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы­ ойын еліміздегі сыбай­лас жем­қорлықтың нақты жағ­дай­лары негізінде көркем шығарма фор­матында әзірленген, бұл ойын­шыға аталған мәселенің сал­дарын тереңірек түсінуге кө­мек­те­седі. Әр эпизодтың соңында ойын­шыға Қылмыстық кодекске түсініктеме беріледі. Ойынның соң­ғы миссиясы – сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама саласындағы білімін осы бас­тан кеңейте түсу. Ойынның соңында көп ұпай жинаған ойын­шы­ жеңімпаз атанады.

Компьютерлік ойынды мектепте орта және жоғары буын оқушыларына ойнатып, тәжірибе жасап көрген. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті ұйымдастырған Өскемен қаласындағы «Үміт» балалар лагерінің тәрбиеленушілері де қызыға ойнапты.

Жетекшісінің айтуынша,­ Нұра­­ли ойынды виртуалды­ шын­дық­ты пайдалануға бейім­деуді жоспарлап отыр. Бұл өзгерістер ойынға деген қызығушылықты одан әрі арттырады. Сонымен қатар ойынның қолжетімділігін арттыру және кең аудитория тар­ту үшін оны мемлекеттік тіл­ге аударуды да қолға алмақ. Оның бұл мақсатына Аягөз ауда­ны­ Мыңбұлақ ауылында туып, Ақ­шәу­лі ауылынан түлеп ұшқан анасы Наталья Геннадиевна қуана қол­дау көрсетері сөз­сіз. Өйткені Жезкенттегі білім ошағында дәріс беріп жүр­ген­ ұстаз патриоттық тұр­ғы­­да қазақ тіліне әр кез құр­мет­­­пен қарайтынын шынайы риза­шы­­лығымен жеткізді.

 

Абай облысы