Мажарстан астанасы Будапешт қаласында хоккейден жастар арасында (U20) өтіп жатқан әлем чемпионатында жерлестеріміз екінші ойында да жеңіске жетті, деп хабарлайды Egemen.kz.
І дивизионның А тобында сынға түскен хоккейшілер Дания жастар құрамасын 3:2 есебімен ұтты. Міне осы тартыс алдындағы екі елдің әнұраны орындалатын сәтте Қазақстанның мемлекеттік гимнін ұйымдастырушылар қоса алмай ыңғайсыздық орнаған. Жанкүйерлердің «өздерің шырқаңдар» деген нұсқауынан кейін мұз айдынында саптай тізілген жастарымыз қолын кеудесіне қойып Әнұранды ешқандай сүйемелдеусіз орындап шықты. Жас хоккейшілердің тығырықтан жол таба білген әрекетіне жанкүйерлер алғысын жаудырды.