Ежелден ән-жырдың алтын бесігі атанған киелі Көкше төрінде ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, қаламы жүйрік журналист, «Құрмет» орденінің иегері, Зеренді, Біржан сал және Алматы облысының Талғар аудандарының құрметті азаматы Қорғанбек Аманжолдың пенде ғұмырдың бір биік шыңы – 70 жасқа толуына орай шырайлы шығармашылық кеші өтті.
Атан түйені алып жығатын аяз күшіне мініп, ақ қар, көк мұз табан астын құрсаулап тұрса да, жыр отымен жылынғалы келген жалпақ жұрт Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында ине шаншар орын қалдырмай, иін тіресіп отырды. Осыдан-ақ көкшетаулық қауымның сөз патшасы – өлеңге деген, ақ самалдай аңқылдаған ақжарма Қорғанбек ақынға деген шынайы көңіл, ілтипатты құрметін аңғаруға болады. Театр ұжымы көрген жанның көңілін тоғайтатын көрініс әзірлеген екен. Өне бойы Қорғанбек ақынның жасындай жарқылдаған, тыңдаған жанның жүрек қылын шертіп, тылсым бір ойдың түбіне бойлататын өлеңдерін оқыды.Зұлмат жылдар қан майданға өндірдей жастардың Көктеректің іргесіндегі киелі жер, қасиетті топырақ Әулиетастың ығынан аттанғаны, зар илеп, запыран жұтқан тәмам жұрттың тілегі, болаттай берік білегі, ел деп соққан жүрегі өлең болып шалқып, бүгінгі жастарды туған жерін қастерлей білуге, туған елін құрметтей білуге шақырып жатқандай.
Қаршадайынан қазақтың қара сөзіне деген шексіз махаббат тұла бойын билеген тұлға туралы сөз сабақтағанда, алдымен оның ақын екендігін айтқан ләзім. Зерлі Зеренді өңірінің көрікті бір пұшпағы Көктерек ауылында туған адамның ақын болмасқа хақысы жоқтай. Журналистика – қиын өнер. Беріле істеген, өндіре жазған адамның ерқашты болуы да әбден мүмкін. Бірақ осыншама тауқыметті көтере жүріп, «Зеренді қарағайлары», «Сабат», «Мешітті ғалам», «Жырлаймын Көкшетауымды», «Алапа» сынды жыр жинақтарын жазды. Ежелгі қазақ тарихының сыр тұнған қиын қатпарларына ойлы көзімен үңіліп, Алаштың ардақты тұлғалары «Қанай-Абылай», «Олжас», «Шер кешу», «Мұсақұл балуан» поэмалары оқырманға олжа болды. Өміршең өлеңмен бірге оқырманның сезім қылын шертіп, таным көкжиегін кеңейтіп, нұрландыратын «Зұлмат пен ғибрат», «Біржан бұрмалары», «Ақиреттік аманат», «Қызыл сызық», «Айсберг астындағы ағыстар» тәрізді тарихи, әдеби эсселер жинағы жарық көрді. Аударма саласында да өндірте жұмыс істеді.
Жетпіс жылдық мерейтойының шымылдығын облыс әкімінің орынбасары Азамат Тайжанов жүрекжарды құттықтау сөзімен ашып, туған жеріне келіп, жырын сыйлайтын жамағатпен жүздесіп жатқан жампоз ақынға сый-сияпатын тапсырды. Облыс орталығындағы Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің білім алушысы Берденбек Мырзат ақын ағасына жүрекжарды арнауын айтып берді. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова бірауыз естелік айтып, мерейтой иесіне ізгі тілегін жеткізген соң, әнмен әдіптеп, кеш шырайын келтіре түсті.
Қорғанбек ақынның жырын айтып, сырын айтып, сапарлас болып келген әйгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Иран Ғайып ата-бабаларының топырағына табаны тигеніне қуанышты екендігін, сол бір сәтімен сабақталған сапарға жыр әлеміндегі қанаттасы Қорғанбектің себепкер болғандығы туралы тебірене толқып, баяндап берді.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақтың айтулы ақыны Ғалым Жайлыбай да әр өлеңі, әр сөзі ақ самалдай Алаш дидарын желпіп, Алаш жүрегін тебірентетін Қорғанбек ақын туралы аталы сөз айтып, өлеңін арнады.
Келесі күні жыр шеруі Қорғанбек ақынның туған топырағы Зерендіде жалғасты. Аудандық мәдениет үйінде «Зерендінің зерегі, құйылып тұрар өлеңі» тақырыбында әдемі кеш болды.
Көкшетау аспанында екі күн бойы жыр қалқып, ән әлдиледі. Оңтүстіктен сағынып жеткен перзентін аяз да тағы бір ширатып алайын дегендей, бетінен шымшып әзілдесті. Сөз атасын сыйлаған тәмам жұртты өміршең өлең өлкесіне жетектеп апарып желпінткен, қуаныш сыйлаған естен кетпес күндер болды бұл.
КӨКШЕТАУ