Жас ұрпақ ұлттық құндылықтарды бойына мейлінше мол сіңірген адал да арлы, саналы да парасатты азамат болуы керек-ақ. Бірақ сол тәрбиенің тінін қалай бекітеміз деген сауал бүгінде ел ертеңін ойлайтын адамның бәрін толғандырып жүргендігі хақ. Мысал іздеп төңіректі шоламыз. Жылт еткен жаңалық болса құба-құп. «Жүрген аяққа жүргем ілігеді» демекші, қияндағы Жақсы ауданының Белағаш ауылында жан сүйсінтерлік жақсы іс бар деп естідік.
Ауылдағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Азамат Асылбеков көпті толғандырып отырған келелі мәселенің тетігін тауыпты. Мектеп мұғалімі қат-қабат жұмыстан қолы босаса, кейінгі жылдары уақыт шымылдығы тұмшалап тастаған ілкідегі Алаш баласының жүйрік баптап, ит жүгірткен әдемі дәстүрін бүгінгі күннің бедерімен айшықтап, қайта жаңғыртып жүр екен. Мектеп жанынан «Мұрагер» клубын ашыпты.
Клубтың негізгі мақсаты – ауыл балаларын ат құлағында ойнайтын шабандоздыққа баулу. Әрине, ауыл баласының тақымы тайға тиюден қалды демесек те, шабандоздықты шын өнер санап, ауыздығымен алысқан тұлпарды тақымдау өзгеше өнер. Демек оның қыр-сырына бойлап, қапысыз меңгерген жөн. Кәсіби негізде аузымен құс тістеген ерен жүйріктің жалына жармасып жүрген жеті-сегіз оқушы бар екен. Тәубе дерлік. Ғұмыры ат үстінде өскен арыдағы аруақты ата-бабаның бүгінгі жалғасы жылқыны жатырқамаса керек қой. Қызығушылар да аз емес. Шоқ жұлдыздай ауылдың жиырмаға жуық баласы құрбыларының бәйге атының басына мінген мықтылықтарына қызығып, ниет білдіріп жүр. Азамат Шерниязұлының өз ұлдары Данияр, Ділшат және оқушысы Нұртілеу Ырымхан аудандық, облыстық деңгейдегі әртүрлі қашықтықтағы бәйгеге қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Бұл арада айта кететін бір жайт, жылқының жалын жастанып өткен аталарымыздың бүгінгі ұрпақтары тұлпардың тізгінін ұстау ғана емес, тілін білу, жүйрік жарату өнерін бүге-шігесіне дейін байыптап, түсініп-түйсіну. Айналып келгенде жер апшысын қуыратын хас жүйріктің бітім-болмысын, жаратылысын ұғу. Түптің түбінде атбегілік өнерді қапысыз меңгеру.
– 2014 жылы ел іргедегі Ресейден арзан көлік әкеліп жатты, мен болсам ағылшын тұқымды жылқының екі құлынын әкелдім, – дейді тарих пәнінің мұғалімі. – Кейін сол «Жезкиік» пен «Самалдан» бірнеше құлын алып, қолтума сәйгүліктер өсірдім. «Самал», «Ханшайым», «Гауһартас» атты сәйгүліктерім топ жарып, жүлдеге ие болып жүр. «Барқас», «Ахилес» атты қолтума жылқыларымды баптап, жарыстарға қосып келемін. Бабы келісіп, бабы жанса, жүлдесіз қалмайды.
Кейіпкеріміз 6-сынып оқушысы кезінде-ақ жүйріктің жалын тартып мінген екен. Тіпті республикалық деңгейдегі ат жарыстарға да қатысқан. Сол кезде олжалаған дипломдары мен медальдары отбасылық мұрағатында сақтаулы. Ендігі бір құмарлығы – құмай тазы. Ағынан ақтарылған әңгімесін тыңдасаңыз, құмай тазысын біреу ит десе өкпесі қара қазандай болып ренжіп қалады екен.
– Ашаршылық жылдары бір ауылды бір тазының асырағандығы туралы дерек өте көп. Киіз үйге кіріп, босағасында жататын жеті қазынаның бірі емес пе, – дейді Азамат Шерниязұлы. – Ақ көрпесін жамылған сайын далада ауыздығымен алысқан қақпан бел ат мініп, дегдар тазы ертіп келе жатсаң, сол сурет-ақ көкірегіңді қуанышқа бөлемей ме? Біз барымызды бағаламай жүрген халықпыз. Әйтпесе, құмай тазының тұқымын іргедегі көршілеріміз «азиятская борзая» деп еншілеп алды, қымызға немістер ие. Ал ұлттық құндылықтарымызды өзіміз ұлықтауға неге сонша енжармыз?
Тарих пәнінің мұғалімі ұлтымыздың салт-дәстүрі мен көне тарихын жас ұрпақтың бойына шым-шымдап сіңірмек. Көкпарды да, теңге ілуді де, тоғызқұмалақты да меңгерген. Ал домбыра тартып, ән салғанда ерке Есілдің бойындағы қалың тоғай дүр ете түсетіндей.
– Азамат Шерниязұлы біздің мектепте 2007 жылдан бері жұмыс істейді, – дейді мектеп директоры Айгүл Ермұханқызы. – Ол нағыз ұлт жанашыры, сабақтары да өте қызықты әрі мазмұнды өтеді. Шәкірттерін өлкеміздің тарихымен таныстырып, олардың бойына туған елге, жерге деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастырып келеді. 2014 жылы білім ошағының жанынан тарихи-өлкетану музейін ашты.
Айтпақшы, осы музей бұл өлкеде бірінші болып ашылған екен. Бағзы замандағы тас, темір дәуірінен жылға тартатын, қатпары қалың қазына туралы сыр шертетін 3 мыңға жуық жәдігер жинақталыпты. Осының бәрі – тарих мұғалімінің талпынысы. Белағаш ауылының басым бөлігі өзге этнос өкілдері болғанымен, елгезек мұғалімнің ерен еңбегін бағалай біледі екен. Олар да өздері күнелтіп жатқан өлкенің өз тарихын ертеңді ойлаған Азаматтан сұрап біледі. Жалғыз өзі жарғақ құлағы жастыққа тимей, осынша шаруаны тыңғылықтап жүрген қарапайым мұғалімнің үлкен ісіне қалай сүйсінбессің.
Ақмола облысы,
Жақсы ауданы