• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Жастар 14 Желтоқсан, 2023

Жастардың жасампаз жобалары

185 рет
көрсетілді

Атырауда жас кәсіпкерлерге қайтарымсыз гранттар берілді. Қалалық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауына 50-ден аса азамат өз жобасын ұсынған. Олардың 10-ы үздік деп танылып, қайтарымсыз грантқа ие болды.

Сала мамандары мен сарап­шыларынан құралған комиссия жобаларды 5 бағыт бо­йынша іріктеген. Әр жобаға 500 мың теңге бөлінген. Мұн­дағы басты мақсат – бел­сен­ді шығармашыл жастар қауым­дастығын қалыптастыру үшін аймақтағы 14-тен 35-ке дейінгі азаматтардың жаңа және қолда­ныстағы бастамаларын мемлекет тарапынан қолдау. Ілкімді істің игілігін көрген жастың бірі – Қуат Жанесеев.

– Мен – Индер ауданына­ қарасты Елтай ауылының тұрғынымын. «Тәуелсіздік ұрпақ­тары» гранты туралы әлеу­меттік желіден байқап, өзімнің бағымды сынап көр­ген едім. Қатысқан 50 адамның ішінен суырылып шығып, грант иегері атандым. Ұсынған жобам «Бақытты балалық шақ» деп аталады. Мүмкіндігі шектеулі жандар үйден көп шыға бермейді. Оған себеп көп. Бірі жұрттың көзқарасынан именсе, енді бірі қоғамдық орындардың ерекше жандарға ыңғайланып жасалмағандығынан шыға алмайды. Оларға еркін серуен­дей­тін орын жасап, ал қал­ған балаларға мұз айдынын ашқым келеді. Гранттан түс­кен қаражатқа керек құрал-жаб­­дықтарды алып, кәсі­бім­ді дамытсам деймін. Ал Индер ауданына қарасты мүмкіндігі шектеулі, ерекше баласы бар ата-аналарға және көп­­балалы отбасыларға арнайы конькилерді тегін беремін, – деді кәсіпкер.

Қуаттан өзге, грант иеле­ніп, жобасы үздік деп таныл­ғандар қатарында Айкөркем Сатымова («Ақылды бала»), Дильназ Ислямова («Тігін шеберханасын ашу»), Шұға Жексемалиева («Бірге»), Нұркөркем Ғабит («NUR Cake»), Айнұр Нұрымбетова («Үздіксіз қуат көзі»), Ақтілек Бисембай («Әлемді қазақша таны»), Нұрсұлтан Нұрғалиев («Құрылыс жабдықтары мен құралдарын жалға беру»), Бақдаулет Өміртаев («3D Engineering»), Ғибадат Мыңбай («Антибуллинг») бар.

Байқауға үміткерлердің өтініш­тері 30 қарашаға дейін қабылданған. Ұйымдас­ты­ру­шылардың сөзінше, жас­тар­дың кәсіппен айналысуына мүмкіндік беретін мұндай игі бастама келер жылы да жалғасын табады.

– «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты Атырау қаласында биыл алғаш рет бастау алды. Байқауда ғылымның басым секторларында жаңа ғылыми жобаларды және зерттеулерді іске асыруға арналған «Ғылым», еліміздің мәдени мұрасын танымал етуге, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыруға арналған «Мәдениет», жаңа IT шешімдер мен жобаларды, оның ішінде жаңадан басталған стартап жобаларды іске асыруға және әзірлеуге арналған «Ақпа­рат­тық технологиялар», эконо­миканың басым секторларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған «Бизнес», жаңа медиа жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контент құру жөніндегі жобаларды іске асыруға арналған «Медиа» бағыты болды. Алдағы уақытта бұл жобаларды ұтып алған қатысушыларды өзіміз қадағалаймыз. Осы жобаны жылдың аяғына дейін бастау­ларына мүмкіншіліктері бар. Бүгінде бізде «Тәуелсіздік ұрпақтарынан» бөлек «Сенің бастамаң» сынды басқа да жақсы жобалар бар. Алдағы уақытта осындай іс-шаралар қатарын толықтыру жоспарланып отыр, – деді қалалық жастар ресурстық орталығы басшысының міндетін атқа­ру­шы Эльдар Төремұратов.

Айта кетейік «Тәуелсіздік ұрпақтары» арнайы гранты 2021 жылы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы қар­са­ңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бас­та­масымен жастардың жасампаз жобаларын жүзеге асыру мақсатында тағайындалды.