Ізгі ниетті адамдардың көптігі көңіліңді қуанышқа бөлеп, қос қолтығыңнан періштедей демеп, сенімге селкеу түсірмейтіндігі анық. Кейінгі жылдары еріктілер қатары еселене түсіп, мейірім-шапағат мелтектеп тұр.
Қаланың батыс жақ беткейіндегі әншейінде мүлгіген тыныштыққа бөгіп тұратын жатаған үйдің ауласы қарбалас қимылдан туындаған дыбысқа толы. Таңғы тымық ауада алыстан естіліп тұрған қуаныштың даусы. Желтоқсанның жуан ортасындағы апталап тұрып алған үскірік аяз бетіңді шымшып ойнайды. Екі жасөспірім әлі қабарып қата қоймаған, тобарсыған қарды жалпақ күрекпен ойып алып, қаңылтыр сүйретпеге тиеп жатыр. Толтырып болған соң Бұқпа тауының баурайынан бері созылып жатқан табиғи жыраның табанына тастамақ. Үй иесі сексенді алқымдап қалған қария – Қазбек Смағұлов. Қолғабыс жасап жатқан көрші-қолаңның балаларын мейірім тұнған, сәл жасаураған жанарымен аймалап қояды.
– Жас жер ортасынан ауған соң күрек ұстап қайрат қылудан да қалдық, – дейді отағасы. – Оның үстіне сәл суық тисе бел шойырылып, бастырмай қалады. Әлгі кемпіріме мен шығып тазала десем, өзің тазала дейді. Екеуміз ежіктесіп отырғанымызда мына балалардың келе қалғанын көрмейсің бе. Айналып кетейіндер былтыр да осындай қолғабыс көрсеткен. Несін айтасың, қолымызды ұзартып тұр.
Облыстағы еріктілер қыс түскелі жалғызілікті жандардың аулаларын тазалап, отын-көмірлерін үйіп беруге қолғабыс етіп жүр. Алдымен келіп қандай көмек қажет екендіктерін біліп алады. Қариялардың өздерінің күш-қуаты жетпей жатқан сан қилы шаруасы бар. Біреулерге ауласын тазарту керек болса, енді бірінің отыны жарылмай жатыр. Тіпті қарға адым жер мұң болған егде адамдарға ақ қар, көк мұзда орталықтағы базарға барып келудің өзі кәдімгідей шаруа. Міне, осындайда үкідей ұшып, үйіріліп тұрған жастардың көмегі керек-ақ.
– Біз осындай жүрек жылуымен бөлісетін акцияларды дүркін-дүркін ұйымдастырып отырамыз, – дейді «Волонтерлерді қолдау орталығы» фронт-кеңсесінің басшысы Дидар Хамзин. – Өткен жылы 800-ге жуық отбасын қамқорлыққа алсақ, биыл мейірім шеңберін кеңейтіп, бір мыңнан аса отбасын қамтуды көздеп отырмыз. Мейірім шуағы кілкіп тұратын мұндай іс-шараларға 150-ден аса ерікті қатысып жүр.
Сөз соңында облыста тоқсанға жуық еріктілер ұйымы бастарын қосып отырған төрт мыңнан аса ізгі ниетті жастар жалғызілікті жандарды қамқорлықтарына алып, көмек қолын созып жүргендігін айта кетелік. Желтоқсанның аязына тоңған жандарды жүрек жылуымен жылытып жүрген жастарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Ақмола облысы