Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Батыс Қазақстан облысында патрульдік полиция қызметкерлеріне су жаңа 96 көліктің кілті табыс етілді. Осымен жыл басынан бері өңірде полицияға берілген қызметтік авто саны 148-ге жетті.
«Құқық қорғау органдарының басты қызметі – еліміздегі, соның ішінде облыс аумағындағы тыныштықты қорғау. Осы мақсатта полиция қызметкерлерінің атқарып жатқан жұмысы өте белсенді де салмақты. Өңірде өткен жылмен салыстырғанда қылмыс саны 25 пайызға азайды. Өкінішке қарай жол-көлік оқиғалары азаймай тұр. Тіпті былтырмен салыстырғанда саны арта түскен. Сондықтан полиция қызметкерлеріне осы жеңіл автокөлікті сатып алып беруге тура келді. Биыл біз облыс бюджетінен былтырмен салыстырғанда полиция қызметкерлерінің жұмысын қамтамасыз етуге қаражатты 20 пайызға көбірек бөлдік. Енді алдағы уақытта полиция бұрынғыдан да нәтижелі қызмет көрсетеді деп сенеміз. Құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын үнемі жақсартып отыру – президенттің тапсырмасы. Биыл Орал және Ақсай қалаларындағы қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін бейнебақылау камераларын сатып алып бердік. Мұндай қолдау алдағы уақытта да жалғасады», деді салтанатты іс-шарада сөйлеген Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.
Полицияның материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін облыстық бюджеттен бөлінген қаржы 5,7 млрд теңге болыпты. Жаңа көліктердің 45-і қалалық, 45-і облыстық патрульдік полиция батальонына тапсырылған. Дәл осы патрулдік полиция қызметкерлері жыл басынан бері облыс аумағында тонау, қарақшылық, ұрлық бойынша 200-ден астам қылмысты ашқан екен. Жалпы өңірде биыл 190 мыңнан аса жол ережесі бұзылған. Бұл – тіркелген қылмыс.
БҚО полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев жаңа көліктердің өңірдегі жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға септігін тигізетініне сенімді. Осы көліктердің ішінде үшеуі ерекше – «кибер-шериф» деп аталады. Өйткені бұл көлікке орнатылған ақылды камера жылдамдық асырған, айыппұл төлемеген, іздеуде жүрген, техникалық байқаудан өтпеген, сақтандырылмаған көліктерді бірден анықтайды. Интернетті қажет етпейді. Өзі анықтаған мәліметті арнайы орталыққа автоматты түрде жолдай береді екен.
«Бүгін біздің қос патрульдік полиция батальонының жеке құрамы қызметтік көлікпен толық жабдықталды. Биыл 3 дана «кибер-шериф» жабдығын іске қоссақ, алдағы жылы тағы 17 данасын сатып алу жоспарда тұр. Биылдың өзінде жыл басынан бері 1 млрд теңгеден астам айыппұл бюджетке өндірілді», дейді А.Оразалиев.
«Кибер-шерифтер» негізінен республикалық және облыстық маңызы бар тасжол бойында жүрмек.
Өткен қараша айында Ақсай қаласындағы бейнебақылау камералары іске қосылған болатын. Содан бері аз уақыт ішінде 1 700 құқық бұзушылық оқиғасы анықталып, 43 млн теңге айыппұл салынған.
Батыс Қазақстан облысы