Отандасымыз аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов UFC 296 турнирі алдындағы ресми баспасөз конференциясына қатысты. Алты бұрышта жеңіліп көрмеген жерлесіміз турнирге дайындығы туралы айтты, деп жазады Egemen.kz.
17 желтоқсан күні Шавкат Рахмонов (17-0) америкалық Стивен Томпсонға (17-6-1) қарсы жекпе-жекке шығады. Жекпе-жек Қазақстан уақытымен 16 желтоқсан Тәуелсіздік күнімен тұс келіп тұр.
Осыған байланысты АҚШ-қа арнайы ат терлетіп барған ел журналистері баспасөз қызметінде Шавкат Рахмоновқа қазақ тілінде сұрақ жолдады.
«Шавкат, Ассалаумағаалейкум! Бүкіл Қазақстан сенің осы жекпе-жегіңді тағатсыздана күтіп отыр. Тәуелсіздік күні сенен тек жеңіс күтеміз! Сол үшін журналистер арнайы келдік. Сен үшін қазақ халқының қолдауы қаншалықты маңызды, не сезінесің?», деп сұрады журналист.
Шавкат та өз кезегінде қазақ тілінде жауап берді.
«Бірінші кезекте қазақ халқын Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын. Бұл біз үшін маңызды күн. Жеңіске жету үшін бар күш-жігерімді саламын», деді Шавкат.