Рудныйда кезекте тұрған 40 отбасы пәтер кілттерін алды. Еліміздің бас мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында қуанышқа кенелген тұрғындардың арасында 15 жыл бойы баспана кезегінде тұрғандар бар.
Қала басшылығы көпшіліктің қақаған аязда тоңып қалмауын ойласа керек, салтанатты рәсім пайдалануға берілген тұрғын үйдің жанындағы Жастар ресурстық орталығының мәжіліс залында өтті.
Қала тұрғындары қоныстанған пәтерлерді қала әкімдігі жеке компаниядан сатып алып отыр. Оның ішінде үш бөлмелі 8, екі бөлмелі 32 пәтер бар. 96 шаршы метрлік кең пәтерлерге көпбалалы отбасылар қоныстанды. Ал екі бөлмелі пәтерлерге жалғызбасты аналар, жетімдер мен мүмкіндігі шектеулі жандар орналасты.
Аталған көпқабатты тұрғын үй бұрын жатақхана болған. Тоқсаныншы жылдары қаңырап босап қалған төрт қабатты ғимарат күні бүгінге дейін кәдімгідей қаланың шырайын бұзып тұр еді. Бос ғимаратты биыл сәуірде «Qazaqstan Construction Holding» серіктестігі сатып алып, қайта жаңғырту жұмыстарын бастап кеткен. Нәтижесінде, айналдырған 6-7 айдың көлемінде ескі ғимарат 46 пәтері бар су жаңа бес қабатты тұрғын үй болып жасанып шыға келді.
«Алдағы уақытта осы үйдің жоғары қабатындағы пәтерлерді де сатып алғымыз келеді. Оған әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар қоныстанатын болады. Рудныйда жеке инвесторлар осындай бірнеше бос тұрған ғимаратты жөндеуден өткізіп жатыр. Тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында ол үйлерді де сатып алуға ниет етіп отырмыз», дейді Рудный әкімінің орынбасары Валерий Полешко.
Жергілікті атқарушы билік аталған пәтерлердің бір шаршы метрін 240 мың теңгеден арнайы конкурс арқылы сатып алған. Пәтердің бәрі жалдамалы. Жекенің меншігіне берілмейді.
Қала тұрғындарын баспана қуанышымен құттықтай келген облыс әкімі Құмар Ақсақалов 40 адамға қырық пәтердің кілтін ұстатты.
«Жыл басында біз Рудныйда кезінде тұрғын үй қызметін атқарған, кейін біраз жыл бойы бос тұрып қалған 11 көпқабатты ғимаратты қайта қалпына келтіреміз деп уағдаласқан едік. Биыл 7 ғимаратта қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Жыл соңына дейін тағы екі тұрғын үй пайдалануға беріліп, баспана кезегінде тұрған 231 отбасы жаңа пәтерге кіретін болады», деді облыс әкімі.
Баспана қуанышына ие болғандардың ішінде арба биінен спорт шебері, төрт дүркін Қазақстан чемпионы Юлия Калинина да бар. Юлия – І топтағы мүгедек. Үй кезегін 10 жыл күтіпті. Бойжетіп қалған қыз баласын тәрбиелеп отырған спорт шебері бірінші қабаттағы екі бөлмелі пәтерге қоныстанды. «Бұған дейін үшінші қабаттан пәтер жалдап тұрдық. Ол үй тіпті қолайсыз еді, лифтісі жоқ. Қызым төмен түсіп, жоғарыға шығарып алатын. Сыртта көп күтіп отырып қалатын кездерім де аз болған жоқ. Ал Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында мемлекет беріп жатқан жаңа пәтерім бірінші қабатта. Кіреберісінде пандусы бар, мүмкіндігі шектеулі жандардың кіріп-шығуына қолайлы жағдай жасалған. Біз секілді кемтар жандарға қарайласып, жанашыр бола білу де ізгі қоғамның, кемел елдіктің белгісі», дейді Юлия.
Қостанай облысы