• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Ауыл 16 Желтоқсан, 2023

Ауыл экономикасының аяқ алысы

184 рет
көрсетілді

Естеріңізде болса, ел егемендігін жариялаған елең-алаңда ауылдар еңсесі түсе бастаған еді. Жұрт жан бағу үшін үлкен қалаларға қарай босып жатты. Бұл кезең қазақ ауылдарының құты қашқан уақыты еді. Бірақ тәуелсіз атанған еліміз тез арада ес жиып, қажетті шешімдер қабылдауға тырысты. Ауыл жылын жариялап, ақша салды, маман апарды, әлеуметтің жағдайын жақсартуға әрекет етті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде: «Қазір – сай­лау­дағы жеңісті тойлайтын кез емес, аян­бай еңбек ететін кез. Сол себеп­ті, арқаны кеңге салмай, бірден іске кірісуі­міз керек, босаңсуға болмайды. Осы орайда, ең алдымен қолға алатын бір­неше мәселеге арнайы тоқталғым келеді. Мен сайлауал­­ды сөздерімде ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қа­зақ­стан халқының 40 пайызға жуығы ауыл­да тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп хал­қымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан ауыл­дағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын», деп алғашқы жарлығына қол қойғаны есте.

Одан беріде ел Үкіметі 30 жыл бойы еңсесін тіктей алмай келе жатқан ауыл шаруа­шылығы мен ауыл халқының жағ­дайын жақсартып, тұрмысын көтеру үшін бірқатар игі шараларды қолға алды. Шаруа табысын арттыратын арнайы тұжырымдама жасап, соның негізінде бірнеше ізгі бағдарламаны іске асыруды бастады. Соның бірі – «Ауыл аманаты» жобасы жабырқау жұрт­тың сөнуге жақын қалған үмітін қай­та жаққаны анық. Өйткені Мемлекет басшысы жалаң Жарлыққа қол қойып қана қоймай, ауыл-аймақты дамытуға 1 трлн теңге қаражат қарастырылатынын, бағдарлама негізінде ол ақша кезең-кезең­мен игерілетінін де нақты түсін­дірген болатын.

Таяуда Премьер-министрдің орын­басары Тамара Дүйсенованың төраға­лы­ғымен ауыл халқының табысын арт­ты­руға бағытталған «Ауыл аманаты» жо­ба­сын жүзеге асыру жөніндегі кеңес өткіз­генінен хабардармыз. Онда мәлім болғаны, бүгінде «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдікпен несие беру үшін облыс әкімдіктеріне республикалық бюджеттен 87,5 млрд теңге аударылыпты. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов айтты. «Бас-аяғы 13,4 мың өтінім келіп түсті. Оның жалпы сомасы 78,7 млрд теңгені құрайды. Бүгінде 9 мыңға жуық адам 51,6 млрд теңге сомасына шағын несие алды. Ең көп өтінім Жамбыл, Түркістан және Ақтөбе облыстарының тұрғындарынан болды. Елді мекендердің экономикалық бағдарын анықтау мақсатында «Amanat» партиясы сауалдама түрінде әзірлеген скрининг жүргізу жұмысы жалғасып жатыр. Еліміздегі 1 817 ауылда осындай нақты жұмыс жүргізілді», деді ол.

Иә, аталған бағдарлама Мемлекет бас­шысы айтқандай, кезең-кезеңімен жү­зеге асырылып, трлн-ның әр тиыны ауылдан өз орнын тауып жұмсалатын болса, еңкейіп қалған ел еңсесі 2-3 жылда қайта тіктеліп кетеріне еш шүбә жоқ. Бұл жөнінде 30 жылдық еңбегін ауыл­да­ғы диқаншылыққа сіңірген кәсіп­кер Баһадүр Қарсыбек айтты. Десе де, ал­дағы жылдан бастап микронесие беру ере­жесіне бірқатар өзгеріс енгізіле­тіні­нен секем алып қалғанын жасырмады. Әсілінде, вице-министрдің шағын не­сиені беру тәртібіне енгізілетін өзгеріс жөнінде айтқан дұрыс ойын, бұрыс ұққаны аңғарылады. Мәселен, онда ди­қан­шылыққа емес, мал сатып алу үшін микронесие беруге «Ауыл аманатының» жыл­дық бюджетінен 50%-дан аспайтын қаражат қана көзделеді.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірдің әлеуметтік-экономи­ка­лық дамуы туралы баяндағанда аталған жобаға арнайы тоқталды. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша несиелер барлық тұлғаға 2,5 пайызбен 7 жылға дейін беріледі. Қанатқақты жобаны жүзеге асыруға Түркістан облысы бойынша 16 ауданнан 64 ауылдық округ анық­та­лып, 75 кооператив құрылды. Жо­баны қаржыландыруға республикалық бюджет­тен 19,8 млрд теңге қаржы бөлін­ген. Қазірде «Түркістан» әлеуметтік кә­сіп­керлік корпорациясы» АҚ-на «Ауыл ама­наты» жобасы бойынша облыс көле­мінде 10,3 млрд теңге құрайтын 1679 жобаға өтініш түсті. Оның ішінде уәкілетті органмен 1544 жоба қаралып, жалпы сомасы 6,8 млрд теңгені құрайтын 1272 жоба мақұлданды. 2 млрд теңгені құрайтын 389 жоба қаржыландырылып, 272-сі бағдарламада бекітілген ережеге сәйкес келмеуіне байланысты бас тартылды», деген ол.

Ал жыл басында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов «Ауыл аманаты» жобасын тиімді жүзеге асыру ісі елге үлкен игілік әкелетінін тілге тиек етіп, жөн-жосығын жасырмаған еді. «Ауыл халқының табысын арттыру үшін «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылып жатыр. Оның шеңберінде микронесие беру және кооперацияны кеңейту көзделіп отыр. Биыл 100 млрд теңге бөлінді. Жоба 7 жыл ішінде 1 млн-нан аса ауыл тұрғынын қамтиды. Оған жалпы 1 трлн теңге қарас­ты­рылады», деген Премьер-министр, бағдарламаның жаппай барысы Үкіметтің қатаң бақылауында екенін ескерткен.

Вице-премьер Т.Дүйсенова өткізген кеңесте Атырау және Қызылорда облыс­та­рының төмен көрсеткішіне назар аудар­ды. Аталған аймақтарда тек 2 және 18 несие ғана берілді. Осы мәселеге назар аударған ол өңірлердегі «Ауыл аманаты» жобалық кеңселерінің жұмысын жандандыруды және ауылдарды скринингтен өткізу жұмысын жеделдетуді тапсырды. Сөйтіп, кеңес жұмысына қатысушылар «Ауыл аманаты» жобасының кейбір өңірлерде қалай жүзеге асырылып жат­­қаны туралы ақпаратты тыңдады. Мә­селен, Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали өңірде ең көп несие мал шаруашылығы саласында берілгенін мәлімдеді. Яғни 231 азамат жалпы сомасы 1,4 млрд теңгенің не­сие­сін алды. Ал өсімдік шаруашылығы сала­сында несие тек 1 ауыл тұрғынына бері­ліп, оған 2 млн теңге аударылды. Ал Ұлытау облысы әкімі аппаратының басшысы Абзал Жайлыбаев өңірде мал шаруашылығы саласында 2,8 млрд теңге сомасына 371 микронесие, өсімдік шаруашылығы саласында 192 млн теңгеге 24 микронесие беру жоспарланғанын хабарлады.

«Ауыл аманаты» жобасының қатысу­шы­­ларына «Қарызсыз қоғам» жобасының мамандары тікелей кө­мек көрсете бастады. Қар­жылық сауат­тылық бойынша 80 сарап­шы ауыл­дық елді мекендерде оқыту семинар­ларын өткізіп жатыр. Бұл ретте, се­ми­нарға қатысушылардың басым көп­шілігі «Ауыл аманаты» жобасына қызы­ғу­шылық танытты. «Тұрғындардың табысы төмен, көп мөлшерде несие берешегі бар. Олар «Ауыл аманаты» жобасы аясында бизнес-жоспар құруға көмек сұрайды. Статистикаға сәйкес, қатысушылардың 68%-ы – әйел­дер. Сондықтан ауыл әйелдерінің бизнес-бас­тамаларын қолдауға арналған Кәмшат Дөненбаева атындағы қор құ­ру­­ды ұсынамыз. Бұл қадам ауыл шар­уа­­­шылығы кооперативтерін құру ар­қылы әйелдер кәсіпкерлігін дамытумен белсенді айналысуға мүмкіндік береді», деген еді, кеңесте сөз кезегін алған «Ұлы дала» ауыл бизнесін дамыту қауым­дастығының басшысы Ақмарал Бекмұрзаева.

Спикер сондай-ақ сүт өндіру, құл­пынай өсіру, жеміс-көкөніс өнімдерін сақтау, мектеп формасын тігу, ешкі сү­тінен жасалатын ірімшік өндіру, т.б. жеке қосалқы шаруашылықтар коопера­­ция­сының бірқатар үлгілік жобасын ұсынды. Ауылды дамытуға бағытталған осы игі істердің бастамасына қарап, жақсы­лық­тан үміттенеміз.