Биылғы күз айының жылдағыдан жылы болуына қарап, оңтүстік өңірде қыс түспейтіндей көрініп еді. Алайда желтоқсанның екінші онкүндігінен бастап ауа райының күрт бұзылуы аймақты әп-сәтте ақ мамыққа орап тастады. Нәтижесінде, облыс орталығы Қонаевта коммуналды қызмет көрсетуші компания жұмыскерлері бір тәулікте 44 мың текше метрден астам қар шығарғаны жөнінде Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабардар етті.
«Қазгидрометтің мәліметінше, Қонаевқа 24,5 мм қар жауған. Бұл – орташа айлық көрсеткіштен (21 мм) жоғары. Қазіргі таңда коммуналды қызмет көрсетуші компания қала әкімі Нұрлан Құматаевтың тапсырмасымен күшейтілген режімде жұмыс жасап жатыр. Қалада тәулік бойы қар тазаланып жатыр. Жүргізушілерден көліктерін жолдың жиегінде қалдырмауды сұраймыз. Себебі көліктер ауыр техникалардың жүруіне кедергі жасайды», делінген әкімдіктің хабарламасында.
Бүгінде қалада 13 техника мен 30 адам кідіріссіз жұмыс жасап жатыр. Алдымен қоғамдық көліктер жүретін жолдар күреліп, кейіннен басқа көшелерді қардан тазарту жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатыр.
Алматы облысы