Солтүстік Қазақстан облысының оңтүстік батыс бөлігінде орналасқан Шал ақын мен Ғ.Мүсірепов аудандары – іргелес жатқан мекендер. Екеуінің де тарихы бай, даму қарқыны жоғары.
Шал ақын ауданының орталығы Сергеев қаласы 1969 жылы пайдалануға берілген су қоймасы маңында орналасқан. 117 шаршы шақырымды алып жатқан бұл су қоймасы Сергеев қаласын электр қуатымен қамтамасыз етеді. Сонымен бірге Есіл тасыған тұста жағасындағы елді мекендерді жайылма судан құтқаратын қойма. Қоймаға Иманбұрлық өзенінің суы да құлайды. Аудан аумағы – 5 мың шаршы шақырымдай, халқының саны – 19 мың, кезінде 45 мыңға да жеткен. Қазір қазағының үлесі – 46, орысы – 43 пайыз, қалғаны басқа этностардың өкілдері. Аудан ұзақ жылдар Сергеев аталып, 1999 жылы оған осы жерде туып өскен атақты Шал ақынның есімі берілді.
Ал Ғ.Мүсірепов ауданы 1997 жылы Көкшетау облысы таратылғанда, оның Рузаев пен Чистополь аудандарының біріктірілуінен құрылған. Аудан алғашында «Целинный» деп аталып, артынан, 2002 жылы 100 жылдық мерейтойына байланысты сөз зергері Ғ.Мүсіреповтің есімі берілген. Бұл аудан облыстағы жер көлемі жағынан (11 мың шаршы шақырым) үлкен аудандардың бірі саналады. Ауданда 41 мыңдай тұрғын бар, соның үштен бірі ғана – қазақ. Бұл жерге тың игерушілер көптеп келген. Аудан орталығы – Новоишим ауылы (бұрынғы Куйбышев) облыс орталығынан 260 шақырым жерде орналасқан. Аудан аумағында атақты Тоқсан бидің бейіті бар.
Шал ақын ауданы кейінгі 3 жылда экономикаға инвестиция тартудан күрт өрлеуге қол жеткізіп, оны жылына 7 млрд теңгеден 2,5 есе арттырып 17 млрд теңгеге апарды. Соның ішінде ауылшаруашылығында 2 млрд теңгенің аса ірі 4 жобасы іске асырылды. Ал биыл 10 млрд теңгенің инвестициясы құйылған бірнеше жоба іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, Сергеевка қаласының түбінде «ZHA-Group LTD» ЖШС 1 мың тұяққа есептелген аса ірі тауарлы-сүт фермасының құрылысын аяқтауға жақын. «Асыл фармс» пен «Гермес агро» ЖШС әрқайсысы 600 тұяқ сиырға шақталған екі тауарлы-сүт фермасын салып жатыр. Сондай-ақ 6 шаруашылық 100 мың тонна дән сақтай алатын астық қабылдау бекеттерін тұрғызуда. Ы.Ыбыраев ауылында «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында сүт өңдейтін цех ашылды. Осы бағдарлама бойынша 172 млн теңгеге барлығы 22 жоба қаржыландырылды. Сондай-ақ «Аграрлық-несиелік корпорация» АҚ 75 млн теңгенің 500 бас қой қыстататын кешен құрылысын қаржыландырды.
Биыл аудан диқандары 202 мың га жердің дәнін жинап, гектар берекелігін 11,4 центнерден айналдырды. Биылғыдай өте ауыр жыл бұл – жақсы көрсеткіш. Майлы дақылдар 45 мың га жиналып, гектар басы 9,1 центнерден өнім алынды.
Аудан әкімі Рахат Смағұловтың айтуына қарағанда, осы ауданның аумағында 1995 жылға дейін аса ірі Үлкен Тораңғұл және Кіші Тораңғұл көлдерінен су тартып, төрт ауданның жерін суландыратын арық жұмыс істеген екен. «Қазір сол арықты жаңғыртуды қолға алып отырмыз. Егер оны сәтті іске асырсақ аудан аумағында картоп пен көкөніс егуді еселеп арттырамыз. Биыл «Асыл Фармс» ЖШС бүрку әдісімен 400 гектар жерді суландыратын жүйені іске қосты. Оған Американың айналдыра су шашатын «MAS Агро» машиналарының төртеуін қою арқылы қол жеткізілді», дейді әкім.
Биыл аудан аумағында түрлі әлеуметтік бағдарламаларға қатыстыра отырып, 1087 адамның жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасалды. Ал атаулы әлеуметтік көмек 479 адамнан тұратын 93 отбасына берілген.
Президенттің тапсырмасына сәйкес қолданылмай жатқан жерлерді мемлекеттің жер қорына қайтару мұнда жақсы қарқынмен жүргізілуде. Соңғы екі жылда 19 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды.
Ауданның ветеринариялық-санитариялық әл-ауқаты тұрақты. Аудан аумағында аса қауіпті аурулар тіркелген жоқ. Аурулардың таралу қаупін болдырмау және азайту мақсатында Сібір жарасынан өлген малдың көмілген орнын мал қорымдарынан аластауға ерекше назар аударылған.
Аудан аумағынан 557 шақырым автожолдар өтеді, соның 182 км – республикалық, 78 км – облыстық маңызы бар жолдар. Қалғаны аудандық маңызы барлар, биыл олардың 74%-ы
қанағаттанарлық жағдайға жеткізілді. Аудандағы 41 елді мекеннің 6-уы ғана ауыз суды Есілдің топтық құбырынан ішеді. Қалғандары жер асты су көздерінен алып отыр. Биыл 4,0 және 1,6 млрд теңгенің екі жобасы арқылы 10 ауылды топтық су жүйесіне қосу қолға алынған. Сондай-ақ Көкшетау топтық су құбырына 5 ауылды қосу үшін 7,4 млрд теңгенің жобасы игерілетін болады. «Шағын ауылдарда суды тазарту жүйесі бар кешенді блок-модульдерді орнату есебінен таза сумен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Жалпы, 12 модульді орнату жоспарланған», дейді Р.Смағұлов.
Аудандағы 30 жалпы білім беретін мектеп, 1 балабақша және 26 шағын орталық барлық 2 692 оқушы мен 553 бөбекті қамтыған. Биыл, бұрынғының үстіне 16 мектеп жаңадан жылы туалеттермен қамтамасыз етілді. Облыстық бюджеттің есебінен 4 мектеп күрделі жөндеуден өткізілді, ал келесі жылы 9-ын жөндеу үшін ЖСҚ дайындалды.
Биыл Ғ.Мүсірепов ауданында орташа еңбекақы былтырғымен салыстырғанда 15,7 пайызға артып, 238 мың теңгеге жетті. 2009 адам жұмысқа орналастырылды, соның 1 619 тұрақты орындарға қойылды. Аудан аумағына биыл 217 адамнан тұратын 69 отбасы көшіп келіп, қоныстандырылды.
Осы жылдың 10 айында аудан экономикасына 29,6 млрд теңге инвестиция тартылды. Жеке инвестициялар көлемі соның 97,0 пайызын құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 4,8 млрд теңгені құрап, 11,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,9 пайызға артық. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша биыл 25 маманға 129,4 млн және 40 маманның ауылдарға көшіп баруына 13,8 млн теңге үстемеақы берілді.
Бұл ауданда өнеркәсіп жақсы қарқынмен дамып келе жатқанымен экономиканың драйвері әлі де ауыл шаруашылығы болып қала береді. Биыл аудан диқандары 97,6 млрд теңгенің өнімін алды. Ауа райының барынша қолайсыз болғандығы себепті бұл былтырғымен салыстырғанда 33,4% төмен. Жиналған астықтың жалпы көлемі 610,3 мың тонна болды, ал майлы дақылдар көлемі 43,5 мың тоннаны құрады.
Ауданда мал шаруашылығы жақсы қарқынмен дамуда. «УК Әділ» ЖШС биыл 400 тұяқ сиырға тауарлы-сүт фермасын (ТСФ) ашуды көздеп отыр, бүгінге дейін 309 тұяқ сатып алынды. «Буденное-СК» ЖШС 1200 тұяққа шақталған ТСФ құрылысын бастады. «Нежинка Ерке» мен «АЗКО» ЖШС да тиісінше 600 және 400 тұяққа арналған ТСФ салуды жоспарлаған. Ал «Адани-Агро» ЖШС 1 200 тұяқ ет беретін қара мал өсіруді қолға алды.
Ауданда майлы және дәнді дақылдарды өңдейтін екі ірі өнеркәсіптік кәсіпорын бар. Соның бірі «Маслодел» ЖШС тәулігіне 400 тоннаға дейін рапс, күнбағыс, зығыр майларын өндіреді. Ағымдағы жылы 37 мың тоннадан астам май өндіріп, олар елден тыс жерлерге де экспортталады. «Казмил» ЖШС 360 мың тоннаға дейін құрама жем өндіреді. Ағымдағы жылы 155 мың тоннадан астам өнім өндіріп, Қытайға экспорттады.
Бүгінгі таңда ауданда 1 900-ден аса ШОБ өкілдері тіркелген, бұл былтырғымен салыстырғанда 7,3% артық. Соның ішінде биыл 14 ШОБ 579 млн теңгенің субсидияларын алды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 24 тұрғын 182,5 млн теңгенің жеңілдетілген несиесіне қол жеткізді. Биыл аудан кәсіпкерлері өз күштерімен 21 бизнес нысанын іске қосып, 136 жаңа жұмыс орнын ашты. Бұлардың қатарында «Семейный» супермаркеті, «Қуаныш» мейрамханасы, «Караван» сауда үйі және т.б. бар», дейді аудан әкімі Руслан Аңбаев.
Аудан аумағынан 931 шақырым автожол өтеді, соның 304 шақырымы – республикалық, 141 шақырымы – облыстық және 486 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар. Биыл жалпы сомасы 1 млрд теңгеге «Шұқыркөл-Андреевка-Раисовка» аудандық маңызы бар автожолға жөндеу жүргізілді, Березовка ауылының кіреберісіне жөнделді. Сондай-ақ Нежинка, Ставропол, Пески, Червонное, Шөптікөл, Новоселовка, Возвышенка ауылдарындағы кентішілік жолдарға 483 млн теңгеге жөндеу жүргізілді. Тағы 8 ауылдың кентішілік жолдарын жөндеу жоспарланып отыр.
Аудан аумағында биылғы 10 айда барлығы 11,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жылдың аяғына дейін аудан орталығында 50 пәтерлік тұрғын-үй пайдалануға беріледі деп күтілуде. Биыл 398 млн теңге қаражат бөлініп, Андреев, Ломоносов, Дружба ауылдарының орта мектептері күрделі жөндеуден өтті. Жөндеуді қажет ететін қалған мектептерге ЖСҚ жасалып, келер жылдың жоспарына енгізілген. Оқушыларды мектептерге тасымалдау үшін екі Yutong автобустары алынған. Барлық ауыл мектептері жылы туалеттермен қамтамасыз етілген. Ауданның денсаулық сақтау жүйесі жақсаруда. Биыл «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Рузаев ауылында орналасқан дәрігерлік амбулатория ғимаратының шатырына 75 млн 866 теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді. Аудандық аурухананың қабылдау бөлімі 10 млн 503 мың теңгеге жөнделді.
Солтүстік Қазақстан облысы