Биылдан бастап заңсыз шығарылған активтерді қайтару белсенді жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысы бұл іске ерекше маңыз беріп, арнайы заңға да қол қойды. Бас прокуратураның жанынан комитет те құрылды. Қазіргі уақытта қазынаға қайтарылған қаржы көлемі 945 млрд теңгеден асады. Активі 13 млн айлық есептік көрсеткіштен асатын немесе 44 млрд 850 млн теңгеден аса заңсыз қаржы жиғандар заң қырына ілігеді.
Меншігіндегі активі бұдан аз тұлғалар аталған заң аясында қудаланбайды, яғни қолданыстағы құқықтық процедуралар негізінде активінің қаншалықты заңды екені тексеріледі.
Ал заң заңсыз жолмен шығарылған активтерді мемлекетке қайтаруға немесе Қазақстандағы заңды экономикалық айналымға тартуға, оларды заңсыз алуға және шығаруға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жоюға, сондай-ақ қоғамдағы әлеуметтік әділдікті қалпына келтіруге бағытталған. Мұндай ауқымды жұмысты әділ және нәтижелі жүргізу мақсатында арнайы мемлекеттік қор және басқарушы компания құрылды.
Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің сотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметінің басшысы Қанат Сүлейменовтің айтуынша, қайтарылған қаржы сомасына тек ақша емес, жылжымайтын мүлік нысандары да кіреді. Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың айтуынша, арнайы комитетпен қатар Премьер-министр басшылық ететін арнайы комиссия да жұмыс істеп жатыр.
«Комиссия құрамына құқық қорғау органдарының басшылары, Парламент депутаттары және қоғам қайраткерлері кірді. Құрам құпия емес, көпшілікке жарияланды. Ал реестрге келер болсақ, біз оны жария етпейміз. Өйткені бізде заң бойынша кінәсіздік презумпциясы бар. Сондықтан мұндай тізілімді жариялау адамның әлі де дәлелденбеген кінәсін айғақтауы мүмкін. Сол себепті реестр жабық. Бірақ капиталдарды қайтару бойынша жұмыстардың қорытындысы негізінде тиісті ақпараттарды беріп отыратын боламыз», дейді Үкімет басшысы.
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың сөзінше, активтерді қайтарудың екі нұсқасы жұмыс істейді.
«Қазір заң күшінде, комиссия бірнеше рет отырыс өткізді. Капиталды қайтарудың екі нұсқасы бар – ерікті және мәжбүрлі. Бұл ретте тізілімге енуі мүмкін тұлға комиссияға келіп, өз еркімен мүлікті қайтара алады. Оның қандай мүмкіндіктері бар? Біріншіден, ол өңірлердегі, моноқалалардағы маңызды әлеуметтік-экономикалық жобаны таңдап, қаржыландыра алады. Бұл опция заңмен қарастырылған. Не болмаса ақшалай әкеліп: «Мынаншасын қайтардым, мынаншасын елден алып кеттім, ол мынандай есепшотта немесе қобдишада, соны қайтарып отырмын» деп айта алады. Ол үшін арнайы есепшот аштық. Үшінші нұсқа – мүлікпен немесе акциялармен, облигациялармен немесе бағалы қағаздармен қайтару. Осы мақсатта біз оны басқаратын арнайы компания құрдық», деді министр.
Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың айтуынша, заңда заңсыз сатып алынған активтерді қайтарудың нақты механизмі бар.
«Егер мемлекет бұл активтің заңсыз сатып алынғанын дәлелдесе, оны алып қоюға болады. Сондықтан бұл – заң тұрғысынан өте маңызды. Нақты заңдық механизм бар. Менің ойымша, бұл заң қажет. Бұл – ел халқының басым бөлігінің тілегі. Біз аймақтарға барған кезімізде тұрғындар кейбір адамдардың «көлеңкелі» жолмен табылған активтері бар екенін, олардың қашан қайтарылатынын сұрайды. Бұл қоғамның әлеуметтік және адамгершілік әділеттілікке қатысты туындаған жаппай сұрағына жауап деп ойлаймын», дейді депутат.
Қазірге дейін жалпы құны шамамен 1 триллион теңге тұратын құнды активтер – капитал, жылжымайтын және жылжитын қымбат мүлік, коммерциялық нысандар, акциялар, кәсіпорындар, жерлер, бағалы металдар мен асыл тастар мемлекетке қайтарылды. Соның шамамен 600 миллион доллары шетелден әкелінді. Қаржы министрлігінің хабарлауынша, 2024 жылы ұлттық заңнама тағы өзгеріп, бұдан былай шет мемлекеттермен арадағы сомасы 50 мың доллардан асатын ұсақ операциялар да бақылау нысанасына ілінбек. Ұлттық банк қаражат көлемі 50 мың доллардан асатын операциялар туралы Қаржы министрлігін құлақтандырып отырады.
Бас прокурор Берік Асыловтың айтуынша, комитет шетелге шығарылған активтерді іздеу, заңсыз схемаларды әшкерелеу үшін тіпті жасанды интеллект пен IT технологияларды да қолдануға дайын.