Биыл қазан айында өткен отандастар форумына қатысушыларға арналған съезде Президент: «Біз шетелде тұратын қандастарымызды қолдауға қашанда мән береміз. Олардың тарихи Отанына қоныс аударуына толық жағдай жасалған», деген еді. Қазақстанға кіндік қаны атажұрттан тыс жерде тамғанымен, Қазақстанға оралуды аңсап жүрген қандастар әлі де көп. Мәселен, Атырау облысына 1 желтоқсанға дейін шетелден 212 отбасы көшіп келді. Қазақстанда тұрақты тұру мақсатымен оралған 272 этностық қазаққа қандас мәртебесі берілді.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, атамекенге көшіп келген қандастарды уақытша орналастыру орталығы ашылған. Мұнда қолдаудың барлық түрі көрсетіледі.
Атамекенге оралысымен мұнайлы өңірді таңдаған қандастардың басым бөлігі – 171 отбасындағы 218 қазақ бұрын Өзбекстанда тұрған. Ресей Федерациясынан 35 отбасы (44 адам), Қытай Халық Республикасынан бір отбасы (бір адам), Түрікменстаннан үш отбасы (жеті адам) және Моңғолиядан екі отбасы (екі адам) оралып отыр. Қандастардың арасынан 180 отбасы Атырау қаласына қоныстануға ниет білдіріпті. Ал Жылыой ауданына – 27, Мақатқа – 4, Индер ауданына бір отбасы көшіп барған.
Өңірде атамекенді аңсап жеткен қандастардың баспанамен қамтылуына да қолдау көрсетіліп отыр. Қазір тұрғын үй кезегінде 43 қандас тіркеуде тұр. Жұмыспен қамту орталықтарында 22 қандас жұмыссыз ретінде тіркелді. Тұрақты жұмысқа бір қандас орналасты. Жұмыссыздар есебіне алынған төрт қандас «Бастау Бизнес» жобасымен арнайы оқыту курсынан өтіп, сертификат алған.
Атырау облысы