«Қазпошта» акционерлік қоғамы – еліміздің барлық өңірінде пошта, логистикалық, қаржылық және агенттік қызметтерді ұсынатын жалғыз ұлттық пошта операторы. Еліміздің түкпір-түкпірінде орналасқан 2 700-ден астам бөлімшесінде 20 мыңнан аса қызметкер еңбек етеді. Өткен жылдың қазан айында компанияның басқарма төрағасы болып Әсел Жанасова тағайындалды. Содан бергі бір жылдан астам уақыт ішінде ұлттық пошта операторы қызметінде қандай өзгерістер болды, қордаланған проблемалар мен кемшіліктер жойылды ма? Біз осы және өзге де сұрақтардың жауабын білу мақсатында төрағаны әңгімеге тарттық.
– Әсел Жұбанышқызы, сіз осы қызметке келгелі бір жылдың ішінде ел Президентімен екі рет кездесіп үлгердіңіз. Мемлекет басшысымен жүздесу барысында қандай мәселе әңгіме арқауына айналды?
– Қасым-Жомарт Кемелұлының қабылдауында болғанымда компания қызметі үшін аса маңызды екі мәселе көтерілді. Оның бірі – пошта қызметкерлерінің әлеуметтік мәселелерін шешу, яғни жалақыларын көтеру болса, екіншісі – компанияның өзін жалпы дағдарыстан шығару. «Қазпошта» кейінгі жеті жылда үлкен шығынға ұшырап келген. 2022 жылды да 12,5 миллиард теңге шығынмен аяқтадық. Біз еліміздің барлық аумағын қамтитын, 20 мыңнан астам қызметкері бар үлкен мекеме болғандықтан, жалақы мәселесін шешу бірінші кезекте тұрды. Мемлекет басшысы осы дағдарыстан шығу туралы нақты тапсырмалар берді.
Нәтижесінде, біз биыл қызметкерлеріміздің жалақысын 25 пайызға арттырдық. Мәселен, бұған дейін пошташы орта есеппен 144 мың теңге еңбекақы алатын болса, қазір ол 204 мың теңгеге дейін өсті.
Бұған қоса, өткен жылды 12,5 миллиард теңге шығынмен қорытындыласақ, биыл керісінше қосымша 3 миллиард теңге табысқа шықтық. Нақтырақ айтқанда, компания 15 миллиард теңге табыс тапты. Оның 12 миллиарды жоғарыда аталған шығындарды жабуға кетсе, қалғаны – таза кіріс. Нақтырақ айтқанда, осы жылдың 11 айында компания табысы 38 пайызға өсті. Мұндай нәтижеге жету үшін мен жұмысқа кіріскеннен кейін айналама өз ісінің хас мамандарын жинауға тырыстым. Алғашқы 3-4 айдың ішінде кадр мәселесін шешіп, ол өз кезегінде жемісін беріп отыр.
– Жылды табыспен аяқтау үшін белгілі бір кіріс көзі болуы керектігі белгілі. Жалпы, «Қазпошта» ақшаны қандай жолдармен табады?
– Өзіңіз білесіз, тек біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлемде пошталар қиын жағдайды бастан кешіп отыр. Себебі қазір ешкім хат жазбайды, газет-журнал жаздырып оқитын адамдар қатары жылдан-жылға азайып барады. Сондықтан пошта қызметі табысының көлемі жыл сайын 20 пайызға төмендеп жатыр. Сондықтан біз табыс әкелетін басқа да жолдарды қарастырып, жан-жақты әрекет етіп келеміз. Соның бірі – электронды коммерция, яғни сәлемдеме жеткізіп беру нарығына кіру. Қазір бүкіл әлемде интернет арқылы тауар сатып алу үрдісі қарқын алды. Біз де осы үрдістен қалыс қалмай, интернет арқылы сатып алынған заттарды тасымалдау, яғни логистика және сәлемдемелерді жеткізу қызметтеріне мойын бұрдық. Электронды коммерция нарығында көшбасшы болуды алға қойып отырмыз.
Екінші қызмет саласы – сұрыптау бизнесі. Бұрын пошта қызметкерлері тек хаттарды сұрыптайтын болса, қазір біз бұл жұмысты сервис ретінде жасайтын болдық. Үшінші қызмет – «соңғы миля» деп аталады, яғни біздің қоймаларда сақталатын тауарларды тұтынушыға жеткізіп беру. Осы үшеуі толық бір қызмет көрсету циклын құрайды. Нәтижесінде, биылдың өзінде біз жеткізетін сәлемдемелер көлемі 2 есеге артты.
Бұған қоса, осы жылы 6,5 млн-нан астам сәлемдеме жеткізіліп, 1 мыңнан астам EMS жеткізілім жасалды. «Қазпошта» еліміздің түкпір-түкпіріндегі тұрғындарға 49 млн-нан астам газет-журнал жеткізді.
– Электронды коммерция демекші, қазір елімізде Қытайдан интернет арқылы тауар сатып алу үрдісі кеңінен белең алып жатыр. Бұл тұрғыда «Қазпошта» қандай рөл атқарады? Шығыстағы көршімен ынтымақтастық жасайсыздар ма?
– Әрине, бұл елмен байланысты нығайту – біздің басым бағыттарымыздың бірі. Өйткені Қытай – қазіргі күні электронды коммерция жағынан әлемде алдыңғы қатарлы елдердің бірі. Олармен жұмыс істеу біз үшін өте маңызды. Мысалы, бір ғана «AliExpress» маркетплейсінің өзін айтсақ болады. Қытайда одан басқа да көптеген ірі-ірі сауда платформалары бар. Олар арқылы өте арзан бағада тауарларды алуға болады. Осылардың қызметтерін халыққа қолжетімді ету, тек еліміз емес, Орталық Азия елдеріне де тауарларды жеткізу үшін «Қазпошта» үлкен жұмыстар жүргізіп отыр. Қытай поштасы – «Чайнапостпен» күні кеше ғана серіктестікке қол қойдық. Тауарларды жеткізу үшін шығыны аз болатын маршруттарды жасадық. Бұрын Қытайдан келетін заттар алдымен Латвияға барып, сосын елімізге 45 күнде жететін. Енді біз оны 15 күнге дейін қысқарттық. Келешекте 5 күнге дейін азайтқымыз келеді.
– Ел тұрғындарының әлемдік маркетплейстер арқылы тауар алу үрдісі үдегенін айттыңыз. Жалпы, «Қазпоштаның» алдында отандық маркетплейске айналу жоспары бар ма, әлде нарықтағы осындай жаңа ойыншыларға өз бөлімшелерін база ретінде ұсынумен шектеле ме?
– Біздің алдымызда жеке-дара маркетплейске айналу емес, өз маркетплейсін ашқанымен, тұрғындарға тауарларын толыққанды жеткізіп беру қызметіне мүмкіндігі жоқ шағын және орта бизнес үшін логистика мен қойма қызметін ұсыну жоспарымыз бар және соны іске асырып келеміз. Осы қызметті көрсете бастағалы «Adidas.kz» маркетплейсі ашылды. «Avon» өзінің аймақтық кеңсесін елімізге ауыстырды. Біз қазір «Меломан», «Мечта», «Абди», «Адидас», «Эйвон» секілді компанияларға сервистік қызмет көрсетеміз. Яғни олар өз ақшаларын жұмсамай, сервистерін бізге береді. Біздің стратегиямыз – осындай инфрақұрылымды құрып, шағын маркетплейстердің қызметіне жәрдемдесу.
Компания осы жылдан бастап әлемнің «Amazon», «AliExpress», «Ozon», «Iherb» сияқты алпауыт компанияларымен ынтымақтастық орнатты. Тек биылдың өзінде республика аумағындағы «Қазпошта» бөлімшелерінде «Ozon» компаниясының 23 пункті ашылды. Келер жылы мұндай бөлімшелер саны 300-ге дейін артады.
– Ауылдардағы пошта бөлімшелерін ұстап тұру өз-өзін ақтай ма? Ол жерде қаладағы секілді емес, халық саны аз, сәлем-сауқаттар да көп келе бермейді...
– Иә, поштаның ең шығынды бөлігі – ауылдардағы бөлімшелерді ұстап тұру. Бірақ біз заң бойынша оларды ашып, қызметін жүргізіп отыруға міндеттіміз. Сол үшін жылына 11 млрд теңге қаражат шығындаймыз. Ауыл тұрғындарының хаттары мен сәлемдемелерін алып кету, инкассациялық қызмет және мемлекеттік құпия құжаттарды тасымалдау үшін әрбір бөлімшеге аптасына үш көлік жіберіп отырамыз. Пошташылардың жалақысы бар, коммуналдық қызмет шығындары бар. Мемлекет тарапынан мұның бәріне 2 млрд теңге ғана субсидия бөлінеді. Қалған шығынның бәрі өз мойнымызда. Ауылда бір адам бір газетке жазылған болса да, біз оны жеткізіп беруге міндеттіміз. Сондықтан ол шығынның бәрін біз басқа табысты қызметтер есебінен жауып отырмыз.
– Осы жерде бір сұрақ туындап тұр. Жақында әлеуметтік желілерде «Ауылдағы пошта қызметкерлері 30-40 мың теңге ғана жалақы алады екен» деген мәлімет тарап жүрді. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?
– Бұл мәліметті көп адам дұрыс түсінбей таратып жүр. Жоғарыда айтқанымдай, ауылдарда пошта қызметін пайдаланатын адамдар аз болғандықтан, пошташы аптасына 1 күн, онда да 1 сағат қана жұмыс істейді. Өйткені келген хаттар мен сәлемдемелерді, газет-журналдарды таратып шығады. Бар жұмысы осы ғана, яғни олар толық емес ставкада жүрген адамдар. Сондықтан біз ол адамдарға қаладағы бөлімшелерімізде күні бойы жұмыста отыратын қызметкерлерімізге төлегендей толық жалақы бере алмаймыз. Ауылдағы қызметкерлеріміз өз жұмысының көлеміне қарай жалақысын алып жүр. Көп адам осыны түсінбейді. Сосын «Пошта 30 мың теңге ғана айлық төлейді» деген негізсіз фейк мәліметтерді таратады.
Біз өз тарапымыздан ауылдағы бөлімшенің жұмыс ауқымын кеңейту мақсатында 200-ден астам бөлімшеде eGov қызмет көрсету орталықтарын аштық. Бұрын ауыл тұрғындары мемлекеттік қызметтерді алу үшін аудан орталықтарына баратын болса, биылдан бастап ауылдағы пошта бөлімшесі арқылы өз жұмысын бітіретін болды. Осыған орай біз ауылдағы қызметкерлеріміздің жалақысын 3 есеге көтердік. Бұрын олар хаттар мен сәлемдемелерді тасу үшін 1 сағат қана жұмыс істесе, ен ді 3 сағат жұмыста отырады. Жалпы ауыл болсын, қала болсын, «Қазпошта» тұрғындарға қызметтердің сапалы, кең спектрін ұсынуға және мемлекеттің сенімді серіктесі болуға ұмтылады. Осы мақсатта биыл 200 ауылдық пошта бөлімшесінде 16 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді.
– Ауылдық жерде «Қазпоштаны» монополист деп атауға бола ма?
– Бізді монополист деп айту қиын. Ауылдық жердегі біздің бөлімшелерімізді сондай «монополистер» қатарына жатқызса болады. Ал жалпы нарықтың өзінде пошталық қызмет жағынан бізге бәсекелес болып жүрген түрлі курьерлік қызметтер бар, ал қаржылық қызмет саласында екінші деңгейлі банктер бізге бәсекелес.
– Бәлкім нарықтың талабы шығар, қазір сіздер тек пошталық қызмет емес, қаржылық қызметтерді де көрсетесіздер. Осы орайда екінші деңгейлі банктермен байланыстарыңыз жайында айта кетсеңіз.
– Біз банк емеспіз және несие бермейміз. Оған лицензиямыз жоқ. Дегенмен екінші деңгейлі банктер біздің бөлімшелерімізде өздерінің мультисервистік бөлімшелерін ашып жұмыс істейді. Мысалы, несиелерді жабу, шотқа ақша салу секілді қызметтер көрсетіледі. Яғни біз банк қызметтерін көрсету үшін екінші деңгейлі банктермен сервистік келісім жасадық. Осы тұрғыда компанияның қаржылық қызметтеріне тоқталсақ, тек биылдың өзінде 13 мыңнан астам заңды тұлғаға жаңа шот ашылды, 13 млн-ға жуық төлем, 460 мыңнан астам ақша аударымдары, 2 300 000 транзакция жасалды. Бүгінде компанияның 500 мыңға тарта төлем картасы айналымда жүр.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,
«Egemen Qazaqstan»