• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 25 Желтоқсан, 2023

Батыс Қазақстанда жаңа кеніш іске қосылды

194 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында Рожков газ конденсатты кен орны өнер­кәсіптік пайдалануға берілді. Осы оқиғаға орай өткен бейсенбі күні кеніш басында салтанатты жиын болды.

2023 жылы 21 желтоқсанда «Орал Ойл энд Газ» ЖШС Батыс Қазақстан облы­сында Рожков газ конденсатты кен орнын өнер­кә­сіптік пайдалануға берді. Ком­па­нияның 50% үлесі «ҚазМұнайГаз» ұлт­тық компаниясы акционерлік қоғамына тие­сілі.

Өнеркәсіптік пайдалануға беру рәсіміне Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Әлихан Смайылов, MOL Group компаниясының барлау және өндіру жөніндегі атқарушы вице-президенті Жомбор Мартон, Sinopec International Petroleum Exploration & Production Cor­poration компаниясының басқарма төра­ғасы Го Юэлян бейнебайланыс режімінде қатысты. Кен орнын Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, MOL Group Ресей/ Қазақстан бас директоры Евгений Лапшин және First International Oil Corporation Limited (Sinopec компаниясының еншілес кәсіпорны) компаниясының вице-прези­ден­ті Чжао Вэньминь іске қосты.

Кен орнында жылына шамамен 1 млрд текше метр газ, 500 мың тоннадан аса конденсат өндіру мүмкіндігі бар. Ал сұйытылған көмірсутекті газ өндірісінің деңгейі 150 мың тоннаға жетеді. Кен орнынан алынған шикі газ «Жайықмұнайгаз» ЖШС газ өңдеу кәсіпорнына беріледі. Өңделген тауар газы ішкі нарыққа жет­кізіледі.

«Рожков» табиғи газ көлемінің қосымша көзіне айналады. Кен орнында өндірілетін шикізат «Жайықмұнайгаз» компаниясының кәспорнында өңделеді. Жоба шетелдік серіктестермен бірлесе жүзеге асырылады, бұл олардың тәжірибесін қажетті жобалық ше­шімдерді әзірлеу мен енгізу кезінде қол­дануға мүмкіндік берді», деп атап өтті Ә.Смайылов.

«Былтыр қазан айында энергетика саласын дамыту жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы тауар газы өндірісінің көлемін арттыруды тапсырды. Біз биыл мамыр айында Оңтүстік Ақсай кен орнын, желтоқсан айының басында Шығыс Өріктау кен орнын іске қостық, ал жыл соңында Рожков кен орнын пайдалануға беріп отырмыз. Бұл жоба Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-эко­номикалық дамуына ықпал етеді. «Орал Ойл энд Газ» ЖШС жұмысы мен қыз­меттеріне кем дегенде 74% жергілікті мамандар тартылған. Жобаға құрылыс ке­зінде 450-ден аса адам жұмылдырылса, 80 тұрақты жұмыс орны ашылды», деп атап өтті М.Мырзағалиев.

«Sinopec компаниясының атынан Рожков газ кен орнында ресми түрде ком­мерциялық өндіру жұмысының бас­талуымен шын жүректен құттықтаймын. Қа­зақстан Үкіметіне жұмыс барысында тұрақты қолдау көрсетіп келгені үшін, сонымен бірге операциялық компанияның («Орал Ойл энд Газ») басшыларына атқа­рыл­­ған жұмыс үшін шынайы ризашы­лы­ғымды білдіремін», деп атап өтті Го Юэлян.

«Біз Қазақстан мен Мажарстан үкі­ме­тінің MOL компаниясының қазақ­стан­дық мұнай-газ секторындағы қыз­метін екі ел ара­сындағы ынты­мақ­тастықтың эконо­ми­калық жобалар арасындағы озық үлгісі ретінде мойындағанын жоғары бағалаймыз. MOL және «Орал Ойл энд Газ» командасына, сондай-ақ серіктестерімізге, екі елдің үкіметіне бірлескен жұмысы үшін алғыс білдіремін», деп атап өтті Жомбор Мартон.

«Орал Ойл энд Газ» ЖШС үлескерлері – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ (50%), Мажарс­танның MOL Caspian Oil and Gas Plc. (27,5%) компаниясы және Қытайдың First International Oil корпорациясы (22,5%).

Газ конденсаты кен орны 2008 жылы кең ауқымды геологиялық барлау жұ­мыс­тарының нәтижесінде ашылды. 2040 жылға дейін мұнда 14,2 млрд текше метр шикі газ және 7,1 млн тонна конденсат өндіру жоспарланып отыр.  Бүгінгі таңда шамамен 534 млн доллар инвестицияланды.

«Рожковское» кен орнын игеру арқылы Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры 501 млрд теңгеге, жергілікті бюджет 110 млрд теңгеге толығады деп күтілуде. Бұдан басқа акционерлер өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына кемінде 3,1 млрд теңге бөлуді, сондай-ақ жыл сайын келісімшарттағы міндеттемелер аясында қазақстандық кадр­ларды оқытуға инвестициялар сомасының 1%-ын арнауды жоспарлап отыр.

«Жаңа кәсіпорын өңірдегі газға деген тапшылықты жояды. Осыған дейін сұйытылған газды Ақтөбе облысынан тасымалдап келсек, енді өз өңірімізде газ сұранысы толық қамтылады», деді өңір әкімі Н.Төреғалиев.

М.Мырзағалиевтің айтуынша, жаңа өндіріс орны озық технологиялармен, жаңа техникамен жабдықталған. Жобаның өркендеуіне, қарқынды дамуына барлық мүмкіндік бар.

«ҚазМұнайГаз» Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мұнай мен газдың жаңа кен орындарын ашу жө­нін­дегі тапсырмасын орындап, елімізді кө­гілдір отынмен қамтамасыз етуге үлес қосып келеді. Бұл жоба – жүздеген адам­ның, кәсіби мамандардың маңдай тер еңбегінің жемісі. «ҚазМұнайГаз» ұлт­тық компаниясы алдағы уақытта да өзіне жүк­телген жауапкершілікті лайықты атқа­рып, ел игілігіне жұмсалатын жобаларды жалғастырады», дейді «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы.

 

Батыс Қазақстан облысы