Мәжілістің бүгінгі жалпы отырысында жайылымдарды пайдалану бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң қабылданды, деп хабарлайды Egemen.kz төменгі палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түзетулерде жайылымға қажетті ауылшаруашылық жануарларының санын жүктеме нормасын 20 пайыздан 50 пайызға дейін ұлғайту арқылы жер пайдаланбау фактілерінің критерийін қатайту көзделген.
Жайылымдық жерлердің 20 млн гектарға жуығы мемлекетке қайтарылуға тиіс. Жер ресурстарын басқару комитетінің мәліметтері бойынша, 2 млн гектардан астам жайылым жеке және заңды тұлғаларға конкурссыз берілген.
Енді жайылымдарды конкурсыз беру нормасы алынып тасталады және мал жаю үшін 5 жылға дейінгі мерзімге жерлерді тікелей беруге рұқсат етіледі.
Сондай-ақ елдімекеннің айналасындағы ауыл тұрғындарының малын жаюға арналған жерлердің мәртебесін нығайту үшін «көпшілік пайдаланатын жайылымдар» жеке ұғымы енгізілді.