Желтоқсан айының соңғы күндері жауын-шашынға мол болғандықтан елорданың мемлекеттік қызметтері тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті. 27 желтоқсан күні таңертеңнен бері 2,3 мыңнан астам жұмысшы мен 1600-ге жуық арнайы техника қала көшелерін қар мен мұздан тазартып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Айта кетсек, өткен түні елорда көшелерінен 16 мың текше метрге жуық қар шығарылды. Ол үшін ауыр жүк көліктері қар үйінділеріне 1200-ден астам рейс жасады.
Жалпы, қыс маусымы басталғалы бері қаладан 600 мың текше метрден астам қар шығарылды, бұл шамамен 48 мың жүк көлігіне артылатын жүк көлеміне тең.
Жұмыс тәулік бойы күшейтілген режимде жүргізіледі.
Сондай-ақ тұрғындардың ыңғайлы жүріп-тұруы үшін қала бойынша жолдар мен тротуарларға құм-тұз қоспасы жүйелі түрде себіліп жатқанын да айта кету керек.