Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының курсанттары мен Алматы қаласы Алмалы ауданы қорғаныс істері жөніндегі басқарма өкілдері екінші дүниежүзілік соғысының ардагері Зұлхарнай Сейітовті 101 жасқа толған туған күнімен құттықтады. Өз кезегінде туған күн иесі жастарға батасын берді, деп хабарлайды Egemen.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Зұлхарнай Сейітов 1922 жылы 27 желтоқсанда Омбы облысы, Жаңа Қыпшақ ауылында дүниеге келген. 1942 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, Свердловск облысындағы Туринск қаласына әскери іс бойынша оқуға жіберіледі. Сол жылы ол Ленинград майданына аттанып, онда 2-ші екпінді армия құрамында шайқасады. Кейіннен сапер курстары бойынша арнайы дайындықтан өтеді. Диверсанттар мен тәртіп сақшыларының маңызды жауынгерлік жұмысын атқарған қызметтік иттермен ол Сталинградтан Белоруссия мен Польша арқылы өтіп, Берлинге жасалған шабуылға қатысады. Майдангер Сталинград шайқасында қан төгіп, Белоруссия мен Польшаны азат етті, Берлинге жетіп, Потсдам көшелерін минадан тазартуға қатысты. Жауынгерлік еңбегі үшін көптеген медальдармен марапатталды.
Соғыстан кейін Зұлхарнай Сейітов Омбы ауыл шаруашылығы институтын тәмамдап, Қазақстанға жіберіледі. Мұнда ол биология ғылымдарының докторы және академик болды. Әріптестерімен бірге «Қазақ бальзамы» және «Алтынсу» емдік сусындарын әзірлеуге қатысты. Қымыз, шұбат, бие және түйе сүтін құрғақ дайындау технологияларын жасады.
Еңбек сіңірген ғылым қайраткері Зұлхарнай Сейітов 150-ден астам ғылыми жұмыстар мен монографиялардың, 14 патент пен 8 авторлық куәліктің, 10 оқу құралының, оның ішінде қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі «Биохимия» оқулығының авторы. Оның көптеген әзірлемелері мен жаңалықтары медицинада да, тамақ өнеркәсібінде де кеңінен қолданылады.