Ұлттық музейде «Отандастар қоры» және «Elsana Amanat» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Уақыт құшағында» атты Ауған қазақтарының шебер қолынан шыққан кілемдердің көрмесі ашылды. Мазмұнды іс-шараға Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдау көрсетті.
Көрмеге кілем өндірісінде алдыңғы қатарлы қолөнер бұйымдарын дайындайтын «Nasim Nayman Qazaq Karpet» компаниясының кілемдері қойылды.
60-жуық түрлі композициялық сюжетті бейнелеген кілемдер өзгеше мәнерімен, әсемдігімен, әр түсті бояуымен көз тартады. Шығыс үлгілеріне тән өрнектерге өте бай. Қазақы оюлардың да бедері байқалады. Компания басшысы Насим Найман бала күнінен кілем тоқумен айналысып, осы салада біраз жетістікке қол жеткізген. Ауғанстанда кілемді қолмен тоқу өнеркәсібінің дамуына зор үлес қосқан.
Іс-шараның ашылуында Ұлттық музейдің ғылыми хатшысы Саялбек Ғизатов мазмұнға бай көрменің маңызы туралы салмақты ой сабақтады.
«Біздің музей халқымыздың сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан қолөнерін дамытуға өте ықыласты. Оның бір мысалы ретінде биыл ашылған «Қолөнершілер орталығын» айта аламыз. Бүгінгі іс-шара да соның бір дәлелі. Көрменің ерекшелігі – Ауғанстанда тұратын бауырларымыз өздері тоқыған кілемдерін ел назарына ұсынып отыр. Олар бұл өнерді айтарлықтай дамытып қана қоймай, оны әлемдік деңгейде насихаттап, дәріптеп жүргеніне көз жеткіздік», деді ол.
Одан кейін сөз алған «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының атқарушы директоры Нұрхан Жалиев жиналғандарды көрменің ашылуымен құттықтап, аталған қордың шетелде тұратын қандастарға байланысты жыл бойы өткізген іс-шаралары жайында баяндады. «Nasim Nayman Qazaq Karpet» компаниясының басшысы Насим Найман көрмені өткізуге ұйытқы болған барша азаматқа ризашылығын білдіріп, кілем тоқудың қыр-сыры туралы ой бөлісіп, осы кәсіпті одан әрі дамыта беретінін жеткізді. Ал «Elsana Amanat» қоғамдық қорының президенті Серік Ерғали бұл көрмеде еліміздің мемлекеттік туын бейнелеген кілемнен бастап, Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы Эрмитажда сақталған Пазырық кілемінің көшірмесін тамашалауға болатынын атап өтті.