Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа жылдық құттықтауында барша қазақстандықтарды ел бірлігін сақтауға, Отанымызды көркейту үшін табанды еңбек етуге шақырды, деп хабарлайды Egemen.kz ақпарат агенттігі.
«Біз әрбір таңға үміт артамыз, әрбір жылдан жақсылық күтеміз. Ал үміттің ақталуы, арман-мақсаттың орындалуы өзімізге байланысты. Ең бастысы, еліміздегі татулықты, тыныштық пен тұрақтылықты бағалайық. Бірлігі мықты елдің рухы биік болады. Ұлы Абай айтқандай, бірлік дегеніміз – ең алдымен, ақылға – бірлік. Мемлекеттігімізді сақтау үшін ауызбіршілігімізді сақтайық. Қастерлі Отанымызды көркейтеміз десек, табанды еңбек етейік», - деп ел халқына үндеу жолдады.
Мемлекет басшысы дамыған мемлекет болу үшін озық білімге ұмтылып, жаңа технологияны, соның ішінде жасанды интеллектіні игеру қажеттігін айтты.
«Әрдайым бір-бірімізге қамқор болайық. Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсетейік. Балаларымыздың тәрбиесіне баса мән берейік. Үлгі-өнеге болып, ұлағатты ұрпақ өсірейік», - деді Президент Қ. Тоқаев.
Мемлекет басшысының құттықтау сөзін толықтай мынау сілтемеден оқуға болады.