Аспантау аясындағы Қақпақ ауылының тұрғындары өткен жылды қуанышты жаңалықпен қорытындылады.
Береке-бірлігі ұйысқан ажарлы ауылда алыстан «мен-мұндалайтын» Мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, тұрғындардың пайдалануына берілуі салтанатты түрде аталып өтті. Шараға қатысқан Райымбек ауданының әкімі Берік Дүйсенбаев ауыл жұртын қуаныштарымен құттықтап, 180 орындық ғимараттың ел игілігін көріп, жас ұрпақтың өнерін ұштап, мәдениетін қалыптастыруға септігі тиюіне тілектестігін білдірді.
Көптен күткен мәдени нысанның ашылуына ауылдың үлкен-кішісі түгел жиылып, ақ жаулықты аналар шашуын шашып, қариялар ақ батасын жаудырды. Сән-салтанаты жарасқан заманауи үлгідегі мәдениет ошағының сахнасында ауыл өнерпаздары әуезді ән шырқап, би биледі. Қақпақ ауылының қуанышын тасытқан шара барысында қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағам түрлерінен көз қызықтыратын көрме ұйымдастырылды.
Осы орайда еске салсақ, өткен жылы Райымбек ауданында жан жадыратарлық жағымды жаңалықтар аз болмаған. Соның бірі әрі бірегейі қасиетті Қарасаз ауылындағы Мәдениет үйінің алдына Еркін Ібітановтың мүсіні қойылып, ақын бейнесі халқымен қайта қауышты.
Бұған қоса, Шалкөде, Текес және Жамбыл ауылдарында округ әкімдігі ғимаратының құрылыстары аяқталып, пайдалануға берілуі де ауылдың көркін кіргізіп, еңсесін тіктеуіне оң әсер еткені сөзсіз.
Алматы облысы