• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 02 Қаңтар, 2024

Google-дегі қазақ инженері

746 рет
көрсетілді

Талай қазақ баласы шетел асып, шыңдарды бағындырып жүр. Сондай жалынды жастың бірі – Google-дегі қазақ инженері Дана Мұқышева. Қаршадай ғана қазақ қызы Кремний алқабының үздік қызметкеріне айналып үлгерген.

Дана – аға әзірлеуші. Күрделі техникалық мәселелерді шешіп, жобалардың жалпы архитектурасын белгілейді. Сосын кіші инженерлерге арналған қосалқы міндеттерді бөледі. Оның жұмысына бүкіл Google іздеу индексі туралы ақпаратты талдау және «кеңейтілген сұрауға» сенімді әрі мазмұнды жауап беру, соның ішінде ең пайдалы онлайн ресурстар мен мақалаларға сілтемелер беру кіреді.

– Екі жыл болды веб-мазмұнды семантикалық талдаумен айналысатын топ­тың жетекші инженері және техникалық көшбас­шы­сымын. Біз Chat GPT сияқты генеративті жасанды интеллектің жаңа жетістіктері мен іздеу жүйесінің мүмкіндікте­рін қайта қарастырамыз. Өйткені бұл технология тарихындағы маңызды кезең. Оның көмегімен пайдаланушыларға іздеу барысында сұрақтар­дың мүлдем жаңа, күрделі және кеңейтілген түрлерін қоюға, барынша пайдалы жауаптар алуға мүмкіндік жасауға тырысамыз. Іздеудің жаңа дәуірі келді, – дейді Дана.

Ол Республикалық физика-математика мек­тебін «Алтын белгімен» бітірген соң техникалық салада оқуын жалғастыратынын бірден түсінген. Ақпараттық технологиялар мен информатика бағытында шетелдің үздік оқу орындарына түскісі келген. Бір жылдан астам уақытын ізденіс пен білімге жұмсап, Массачусетс технологиялық институтына оқуға түседі. Оқу барысында іргелі білім алуға баса назар аударды.

– Мен мобильді немесе веб-қосымшаларды құруды ғана емес, күрделі алгоритмдерді шешуді үйренгім келді. Сақталған ақпараттағы трендтер мен заңдылықтарды анықтау үшін мәліметтер базасында машиналық оқытуды қолдануды үйрендім. Ғылыми жетекшім профессор Майкл Стоунбрейкердің қамқорлығымен жасаған дипломдық жұмысым осы салаға арналды, – деді ол.

Оқуын аяқтағаннан кейін Кремний алқабы­ның технологиялық алпауыттары арасында Дана­ның мансабы басталды. Айта кететіні, америка­лық жоғары оқу орындары түлектеріне жұ­мыс іздеуге жүйелі түрде көмектеседі. Бұл үдеріс әлдеқашан бір ізге түскен. Мысалы, Мас­сачусетс технологиялық институты жыл сайын әлем­дегі ең жақсы компаниялардың жұмыс берушілері келетін ауқымды жұмыс жәрмеңкесін өткізеді. Соңғы курс студенттері түйіндеме береді, егер олар компанияға ұнаған болса, алды­мен телефон ар­қылы сұхбаттасып, кейін компа­нияның кеңсесіне кеңейтілген сұхбатқа шақырылады.

– Екі ай бойы әртүрлі компания сұхбатқа шақырды. Солай Amazon, Microsoft, Google, Apple, Square сияқты бірнеше компаниядан жұмысқа шақырту алдым. Таңдауым Google бол­ды. Себебі корпоративті мәдениеті, дамыған тәлім­герлік жүйесі және үлкен көлемдегі тех­ни­калық міндеттері ұнады. Бұл – информатика саласындағы алдыңғы қатардағы компания. Ізденіс пен табандылықты ту қылып ұстау керек. Сонда қазақ жастары әлемді бағын­дыра алады, – дейді Дана.