Әуелбек ауылының жұрты жаңа жыл мейрамында қуанышқа кенелді. Мұндағы дәрігерлік амбулатория мен мәдениет үйі күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды.
Ауыл адамдары бәрінен бұрын дәрігерлік амбулаторияның жаңартылғанына мәз. Ескі ғимаратты толықтай жөндеуге, медициналық құрал-жабдықтармен жабдықтауға облыс бюджетінен 81 млн теңге бөлініпті. Мердігер «Винтрейд» компаниясы барлық жұмыстарды уақтылы аяқтап, жыл соңында халық игілігіне тапсырды.
Аудандық аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Бақытгүл Қабжапарованың айтуынша, биыл аталған өңір бойынша Жалаулы, Мүткенов, Әуелбек ауылдарындағы дәрігерлік амбулаториялар жаңартылған. Әрі емдеу мекемелеріне жаңадан жедел жәрдем көліктері де сатып алыныпты.
– Ескі ғимарат болғандықтан, Әуелбектегі амбулаторияны толықтай жөндеуге тура келді. Тек қабырғалары ғана қалып, өзге бөліктері толықтай ауыстырылды. Жаңадан жиһаздар, медициналық құралдар жеткізілді. Бұдан былай ауыл адамдары ауыра қалса емдеу іс-шараларынан соң физиокабинетіне келіп, оңалту процедурасынан өте алады. Жаңа кабинетте барлық жағдай қарастырылған, – дейді ақ желеңді.
Негізі Әуелбектегі емдеу мекемесі Өтес, Қараоба, Жаңауыл, Исантерек ауылдарындағы медициналық пункттерді біріктіреді. Яғни аталған елді мекендердің халқы мұнда келіп емделе алады деген сөз. Медициналық ұйымда еңбек өтілі 30 жылдан асатын дәрігер Баян Темірболатқызы мен екі медициналық қызметкер тұрақты қызмет көрсетеді. Соңғы екеуі биыл көші-қон бағдарламасы аясында оңтүстіктен қоныс аударып келіпті. Аумақ бойынша 1400 тұрғын дәрігерлік амбулаторияның көмегіне жүгіне алады.
Бұл күні ауылда жөндеуден өткен мәдениет үйі де тұсауын кесті. Оның жөндеуіне қазынадан 156 млн теңге жұмсалған. Ғимараттың есік-терезесі, баспалдақтары, жылу жүйесі толықтай жаңарды. Нысанның бірінші қабатында волейбол, баскетбол, шағын футбол ойнайтын спорт залдары қарастырылған. Ал екінші қабатында 80 орындық концерт залы, кітапхана, ардагерлер клубы, клуб қызметкерлері мен домбыра кабинеті, сондай-ақ домбыра коворкинг орталығы орналасқан.
Павлодар облысы,
Ақтоғай ауданы,
Әуелбек ауылы