• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Жоба 04 Қаңтар, 2024

Жоба-жоспар жақсы-ақ...

211 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру салаларын дамыту үшін бірқатар тапсырма бергені есімізде. Соған байланысты былтыр 2023-2029 жылдарға арналған білім беру жүйесін дамытудың жол картасы әзірленіп, саладағы мәселелерді шешуге бағытталған жұмыстар атқарылды. Білім сапасын жақсарту үшін істелетін жұмыстардың енді біразы 2024 жылдың еншісінде тұр.

Оқу-ағарту министрлігіне мектепке дейінгі, орта, кәсіптік техникалық білім сапасын арттыру міндеті жүктелген. Міндетке сәйкес жоспар да дайын. Жоспардың жобасына зер салсақ, 2030 жылға қарай 6 жасқа дейінгі балалар мектепке дейінгі сапалы біліммен және тәрбиемен толық қамтылады. Мектепке дейінгі білім беру мен тәрбие бағдарламалары халықаралық тәжірибеде пайдаланылатын үздік стандарттар мен әдіснамаларға сай келетін болады.

2050 жылға қарай еліміздегі орта білім беру жүйесін дамыту үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік желісін құру көз­делген. Білім беру саясаты функционалды сауаттылықты түбегейлі арттыруға, заманауи құзыреттілікті қалыптастыруға, жас буынды сындарлы әлеуметтендіруге, білім алудың қолжетімділігіне, сондай-ақ оқыту сапасындағы өңірлік теңсіздікті төмендетуге бағытталады. Сонымен қатар тәжірибелік дағдыларды оқыту және тәжірибелік біліктілікті алу бойынша бағдарламаларды қоса отырып, орта білім берудің оқу жоспарларының және бағдарламаларының бағыты мен екпінін өзгерту жоспарланған.

Ал орта, техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдардың барлығында 2030 жылға қарай ұжымдық басқару және академиялық дербестік қағидаттары енгізілетін болады. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту еңбек нарығының бұрыннан бар және болашақ қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталады. Кәсіпкерлікке бағдарланған оқу бағдарламалары, білім беру курстары мен инс­титуттары құрылады.

Айтылған нәтижеге қол жеткізу үшін білім саласында биыл атқарылатын жұмыстар айқындалды. Оқу-ағарту министрлігінің ресми мәліметі бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларды дербес мектепке дейінгі тәрбиелеу қызметтеріне қол жеткізу, үйдегі тәрбиешілер институтының тәжірибесін қолдану жоспары осы жылы орындалады. Бұған қоса мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу сапасына мониторинг енгізіледі. Ал жұмыс істеу құқығы мектепке дейінгі қызметтердің сапасын жетіл­діретін және жақсартатын мектепке дейінгі ұйымдарға беріледі. Сонымен қатар мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мазмұнын жаңарту кезінде бастауыш біліммен бірдей тәсілдер мен ұғымдар пайдаланылады. Білім беру мазмұнына барлық жас топтары мен сыныптарда мазмұнды біріктіру тәсілі ретінде «өтпелі тақырыптар» енгізіледі. Сапаны арттыру, сондай-ақ толыққанды дамытушы және қауіпсіз орта құру, білім беру үрдісін жүзеге асыру жағдайларын қамтамасыз ету, нормалар мен қағидаларды сақтау, тәрбиеленушілердің денсаулығын сақтау, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру және штаттарды жасақтау үшін мектепке дейінгі білім беру ұйымдары кезең-кезеңімен лицензияланады.

Орта білім бойынша орын тапшылығын азайту үшін 1,5 млн оқушы орны ашылады. Тірек ауылдар мен аудан орталықтарында шағын ауылдардың балаларын интернаттарда немесе патронат отбасыларда тұру үшін орындармен 100 пайыз қамтамасыз етіледі. Барлық мектеп ғимараттары санитарлық тораптармен, компьютерлермен жабдықта­лады. Интернетке қол жеткізу жылдамдығы 50 МГб/сек төмен емес және лимиттелмеген трафикпен қосылады. Барлық мектепте отандық өндіріс жабдықтарын қолдана отырып, сымсыз желілері өрістетілетін болады. Бірыңғай интеграцияланған білім беру онлайн-платформасы іске қосылады. Бұған қоса биылғы оқу жылында мектептегі білім беру бағдарламаларына оқушылардың эмоционалды, физикалық және психикалық әл-ауқатының негізі болатын тұрақты даму, шығармашылық сана, салауатты психоэмоционалды даму компоненттері енгізіледі. Оқушылардың ойлау дағдыларын қарапайым деңгейден жоғары деңгейге дейін көтеріп, қалыптастыруға басымдық беріледі.

Министрліктің жоспарына сенсек, мұ­ғалім тапшылығы жойылады, кәсіби құрам жақсарады. Педагог атағына құқық ұлт­тық біліктілік тестілерінің нәтижелері бойын­ша берілетін болады, ал аттестаттау жүйесі оқушыны оқытудың нақты нәти­же­­леріне бағдарланады. Информатика мен фи­зика пәнінен сабақ беретін ауыл мұғалім­деріне, сондай-ақ роботтехника мен бағдар­ламалау бойынша аудандық жарыстар мен турнирлердің жеңімпаздарын дайындаған педагогтерге ерекше назар аударылады, олардың жалақысына қосымша үстеме жүйелерден басқа ынталандыру шаралары да әзірленеді.

Ал техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі жұмыстар 2024 жылы кепіл­дендірілген бірінші кәсіп дағдыларын алу, ішкі көшіп-қонушыларды қала экономикасына бейімдеу, сондай-ақ сектораралық ағындар кезінде жаңа талаптарға жұмыс күшін бейімдеу жөніндегі міндеттерді шешуге бағытталады.

Мемлекеттік білім беру тапсырысы негі­зінде тегін кәсіби білім алуға тілек білдірушілер толық қамтылады. Білім беру бағдарламалары жұмыс берушілерде сұранысқа ие сапалы кәсіби және әлеуметтік дағдыларды ұсынуға бағытталады. Сонымен қатар биыл министрлік тарапынан техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының тиімді басшыларын анық­тауға және олардың көшбасшылық қабілетін дамытуға бағытталған жоба іске қосылады.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жұмыс берушілердің қызметкерлерге қоятын талаптары көрсетілген кәсіптік стандарттарды әзірлеу бойынша жұмыс жалғаса береді. Ал «Жас маман» жобасы аясында жарақтандырылған колледждер базасында кадрларды озық даярлау орталықтары құрылады. Сондай-ақ осы жылы колледждер арасында ашықтық пен бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ету үшін «Студентке ақша» қағидаты бойынша колледжге қабылдаудың жаңа форматы енгізіледі.